Адамзаттың даму тарихында амфитеатрдың алатын орны ерекше екен. Өйткені, ғаламшардағы өркениеттің өрістеуі мен кісінің рухани, мәдени өсу іздері де осы ашық аспан астындағы қойылым аренасының баспалдақтарында жатқандай. Ал дүние жүзіндегі ең алғашқы көрермен жиналатын орын ежелгі Римде пайда болғаны белгілі.
Біздің заманымыздан бұрынғы күнтізбеге салсақ, империяның дәуірлеп тұрған шағындағы тұңғыш амфитеатр 1929 жылы ашылыпты. Әуелгіде кеспелтек ағаштан құрастырылып, император жарлығын дауыстап оқу үшін қолданылған дөңгелек орын біртіндеп басқа да жалынды сөз айтатындар мен семсерлесу өнерін сынайтын алаңқайға айналыпты. Келе-келе көрермендер жиналып, алқа қотан тұрып тамашалай бастаған. Айтпақшы, бұл құрылыстың «кіндік әкесі» Тит Статилий Тавр есімді әскери шенеунік әрі императордың консулы болған дейді. Осының құрметіне болар, қазіргі жазба тарих Титтің «туындысын» Статилио Тауро амфитеатры деп атайды. Өкініштісі, отыз жылға жуық көрермен көзайымы болған аренаға қырсық шалған күні от тиіп, қураған ағаштың түгі қалмай жанып кеткен-мыс. Ал мемлекет құрылымының алтын дәуірі ғасырларға созылған Рим империясындағы ресми амфитеатр біздің заманымызға дейінгі 1970 жылдары Помпей қаласында ашылған екен. Ашық аспан астындағы ғимараттың көрермендерге ыңғайлы дөңгелек баспалдақ орындықтарынан бөлек, үлкен айқас алаңы, шаруашылық бөлмелері, жауынгерлер мен аттарды күтіп, баптауға арналған қосалқы құрылысы да болған. Амфитеатрға бір мезетте 20 мың адам сыйып кеткен деген дерек бар.
Жалпы, империя тарихындағы амфитеатрлардан қазіргі күнге аман жеткені – Колизей. Тек мұның бәрі қарт құрлықтағы көне жұрттың тарихы болғандықтан тым тереңдеудің реті жоқ, одан да өзіміздегі нысандарға оралайық. Мысалға, жақында Текелі қаласының орталық саябағында шыт жаңа амфитеатрдың ашылу салтанаты өтті. Әрі Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бой көтерген нысанға данышпанның есімі берілді. Амфитеатрдың құрылыс жұмыстары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асқан екен. Аумағы 228 орындыққа арналған ашық аспан астында орналасқан амфитеатр – тұрғын халық пен өнер мәдениетінің алтын көпіріне айналып, талантты, дарынды өнерпаздардың шығармашылығын дамытатын арена болары анық.
Амфитеатрдың салтанатты ашылуына қатысқан Текелі қаласы әкімінің орынбасары С.Болысбайұлы, қалалық мәслихат хатшысы Н.Калиновский және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Т.Жұмәділов тұсаукесер рәсімін жасап, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Э.Иманбердиева ыстық лебізін білдірді. Әрине, қалыптасқан жағдайға орай барлық санитарлық нормалар сақталып, ұйымдастырылған өнер кешінде Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары мен білім ордаларының жастары Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін оқып, ұлы ақын әндерін әуелетті.
Алматы облысы