• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Оқиға 18 Қараша, 2020

Шағын трактор құрастырды

995 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Бозай ауылының тұрғыны Талғат Әділханов шағын трактор құрастырып шықты. Жағымды жаңалықты естіген бойда Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы өнертапқышпен хабарластық.

Ауыл шаруашылығына қо­лайлы бұл техникасын ол бірнеше көліктің жиынтығынан құрапты. Тракторға «Жигулидің» қосалқы бөлшектері мен «Ниваның» қозғалт­қышын орнатқан. Алдағы уақытта Талғаттың тракторға қо­сымша тіркемелер жасап шығармақ ойы бар. Жоспары жүзеге асса, ол ауыл шаруашылығы жұмыстарына пайдаланылып, шаруаның қолын ұзартатыны анық.

«Бұл техниканы жасаудағы мақсат – үй іргесіндегі бау-бақ­шалық жерлерді жырту, егін егуге дайындау, қол күшін жеңілдетіп, еңбек тиімділігін арттыру. Соқаға қоса, сүргіш құрылғысын қойып жатырмын, бұйыртса бұл трактормен малдың қиын тазалауға да болады. Көлік жөндеуге бала жасымнан қызықтым. Енді соны кәсіп етіп, нәпақа айырып отырмыз. Атам да, әкем де темір ұстасы бол­ған жандар. Солардың ізімен келе жатырмын», дейді Талғат Асан­ханұлы.

Өнертапқыш жігіт туралы ауылдастары да жылы пікір біл­дірді. «Талғат техниканың тілін біледі. Жеті атасынан бері қарай Ер­дәуіттің темір ұста дүкенін ұс­тап келе жатқан жандар. Ауыл тұрғын­дарының бәрі техникасын осы інімізге алып келіп, жөндетеді. Қо­лақысы да қымбат емес. Ұсақ-түйек жұмыстарын тегін істеп бе­ретіні бар, қол-қайыры да аз емес», дейді ауыл ағасы Тәттібек Әдеев.

 

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист