«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Орталық коммуникациялар қызметінде «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалдамасының қорытындысын жариялады. «Ауыл» партиясының мүшелері өткізген баспасөз мәслихатында сауалдамаға республика бойынша 212 658 қазақстандықтың қатысқаны айтылды. Партия төрағасының орынбасары Төлеутай Рақымбеков халық ең өзекті деп көрсеткен мәселелерге тоқталды.
«Партиялық актив сауалдама негізінде 14 проблеманы айқындап алды. Олардың ішінде жетеуін сауалдамаға қатысушылар 100 пайыз ең өзекті мәселе ретінде көтеріп отыр. Олар: шетел азаматтарына жердің жалға берілуіне және сатылуына тыйым салу, жаңа әлеуметтік саясатты құру, әр балаға жәрдемақы беру, ауылды елді мекендерде оңтайландыру жылдарында жабылып қалған медициналық мекемелердің жұмысын жандандыру, бүкіл ауылды, оның ішіндегі шалғайдағы ауылдардың барлығын интернетпен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес өкілдері мен фермерлерге 2-4 пайызбен несие беру, сонымен қатар олардың коммуналдық шығындарын субсидиялау, атажұртқа оралатын қандастардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын жеңілдету, тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап қаражат жұмсауды тоқтату», деді Т. Рақымбеков.
Сауалдамаға қатысқандар 14 сұрақтан басқа, өздерін алаңдатып жүрген проблемаларды да көрсеткен. Соның ішінде 17 854 бюллетеньде қосымша мәселелер көрсетілген. Мысалы, 1000-нан астам адам сауалдамадағы 10 проблемалық мәселені белгілеген. Оның ішінде ауыз су, газбен жабдықтау, интернет бойынша 3 671 ұсыныс келіп түсті. 2 787 адам ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдауды жетілдіру, несиелер мен субсидиялардың қолжетімділігі, кооперация негізінде әділ бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және өткізу жүйесін құруды қолдаған. Ел тұрғындары азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның өсуіне және құрамында ГМО бар өнімдерді сатуға жол бермеу мәселесін де өзекті деп тапқан. Сондай-ақ 2 758 респондент ипотеканы төлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда тұрғын үйді кейін сатып алу мүмкіндігін қарастыра отырып, жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыру туралы ұсыныс жасаған. 2 448 респондент жастар үшін жұмыс орындарын ашуды, оның ішінде зейнеткерлік жасты төмендету арқылы оны көбейтуді ұсынды. Пандемияға байланысты қызметін ішінара немесе толық тоқтатқан кәсіпкерлерге 2 жылға дейін несиелік демалыс беру туралы 2 141 ұсыныс келіп түскен. Одан бөлек 1 793 адам тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізу және кәсіпкерлік қызмет үшін кредиттер бере отырып, жұмыс күші артылған оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру туралы айтқан. Студенттер үшін автобустарда, пойыздарда және ұшақтарда жүру тарифтерін 30 пайыздан бастап 50%-ға дейінгі жеңілдікті қалпына келтіру туралы ұсынысты 2 мыңға жуық адам қолдады. Ал спорт алаңдары мен стадиондар салу, әр ауылда денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін қалпына келтіру бойынша 1 174 ұсыныс келген. Ең өзекті мәселелердің ондығын суармалы және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалану қорытындылады.
Партия өкілдері сауалдама нәтижесінде анықталған мәселелер мен ұсыныстар партия бағдарламасына енетініне сендірді.