• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қараша, 2020

Орамды ойлар алаңы

183 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған G-Global жобасының алаңында үш күн бойы жаһандық дамудың ең өзекті мәселелері талқыланады. Әлемдік қоғамдастықтың прогрессивті өкілдері ғаламдық дағдарыстан шығудың жолдары мен XXI ғасырда озық технологияны қолдана отырып, жан-жақты дамыған қоғам құрудың алғышарттарын ортаға салады.

Қазақстанның әлемдегі маңыз­ды оқиғаларды талқылауда, тараптар арасында сындарлы диалог орнатып, түйткілді мәселелерді шешуде бірегей алаңға айнал­ғаны белгілі. Еліміздің бейбіт­шілік орнатып, дамыған қоғам қалып­тастырудағы бұл рөлі халық­аралық ұйымдар мен әлем көш­басшыларынан тиісті бағасын алып келеді. Елбасының Орта­лық Азияны мемлекеттер арасын­дағы ынтымақтастық пен келісім алаңына айналдыру ту­ра­лы бас­тамасы сәтті жүзеге асып, Қазақстанда өткен белді сарап­шылардың, мемлекет басшы­ларының басын қосқан ірі халық­аралық шараларға әлем жұртының назары ауды. G-Global жобасы да барша мемлекетке ортақ ғалам­дық дағдарыстарды еңсеруді көз­дейді. Ол үшін байланыс алаң­ында айтулы ғалымдар, сарап­шы­лар, қайраткерлер мен жауап­ты ор­ган­дардың өкілдері бас қосады. Биылғы конгресс Тұң­­ғыш Прези­дент күніне орай ұйым­дас­ты­ры­лып отыр. Келелі жиында кө­те­рілетін тақырыптар қоғамда қор­даланған мәселелерді қамтиды.

18-20 қараша аралығында конгресс жұмысына бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі бизнес басшылары, әлемдік деңгейдегі жаһандық сарапшылар, Нобель сыйлығының лауреаттары қатыспақ. Экономика мен сауданың тұрақты өсуінің, қар­жылық дамудың, сондай-ақ қалалардың білім мен инно­ва­ция­ның халықаралық орталығы ретінде әлеуетін өсірудің жаңа жол­дары қаралатын болады.

Одан бөлек жиынды қорытындылай келе, қазіргі жағдайда жаңа сын-тегеуріндерге қарсы тұру бойынша жетекші сарапшылардың ақыл-кеңестері ескерілген ұсынымдар әзірленбек.

Жалпы, осы үш күнде «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыруда блокчэйннің рөлі, қала мэрлерінің форумы, экономика, сауда, инвестициялар қазіргі жағдайдағы қаржылық саясат және тұрақты өсу стратегиясына арналған 7 онлайн шара өтеді. Сондай-ақ іргелі жиынның соңғы күні университеттердің жаһандық конгресімен аяқталады. Іс-шараны ұйымдастыруға ЮНКТАД, ЭКОСОС, «Мадрид клубы» Дүниежүзілік көшбасшылар альянсы, BBC World News, жаңартылған Бреттон-Вудс комитеті атсалысқан.

Конгрестің алғашқы форумы «Блокчейн: «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асырудың тиімді тәсілі» тақырыбына арналды. Сарапшылар осы озық технологияны қолданудың ерек­шеліктерін, үкіметтер мен техно­логиялық компаниялардың бастамалары мен тәжірибелерін ортаға салды. Блокчейн технологиясы соңғы жылдары, әсіресе криптовалюта саласында кеңінен қолданыла бастады. Алайда бұл тәсілді қаржылық опе­рациялар, ақпараттық технология­лар, киберқауіпсіздік секілді өзге де салаларда қолдануға болады. Блокчейн ең алдымен банк мекемелері мен үкімет­тік ұйымдар үшін өте тиімді екен. Шараны EuroMed Capital төрағасы Дэйв Пулис пен IBM Blockchain компаниясының серіктесі Энтони Дэй жүргізді. Д.Пулис интернет әлемді өзгертті десек, блокчейн интернеттен де үлкен әсер туғызатынын жеткізді.

«Біз қазір бұл саланың бастауында тұрмыз. Құрамын зерттеп, пайдасын таразылауымыз керек. Бұл технологиямен таныс емес адамдар үшін бұл саланың әлеуеті мен көлемін түсіну қиын соғып жатады. Біз бүгінгі форумда блокчейн жұмысын қалай реттеуге болатынын, табыс табу тетіктерін және үкіметтік ұйымдар мен жеке секторда енгізудің ерекшеліктеріне тоқталамыз», деді сарапшы.

 Қос секторда да жұмыс істеп жүрген  IBM Blockchain компаниясының серіктесі Энтони Дэй блокчэйннің бола­шағына сенетінін айтты. «Бұл – ауқымды технология. Деректерді үйлес­тіру, тауар жолда ма, актив иесі кім болады деген секілді ақпаратты бар­шаға бір мезетте таныстыру секілді ақпарат алуға қатысты бірыңғай жүйені қалыптастырады», деді спикер.

Мальтадағы цифрлы инновация жөніндегі басқарманың төрағасы және LEdger Үйлестірілген Тех­ноло­гия­лық институттың басшысы Джошуа Эллул бастапқыда қаржы сек­торында пайдаланылған блокчейн тех­нологиясы қазір денсаулық, білім беру секілді әлеуметтік салалар­да да пайдалана бастағанын және сұра­ныс­тың көбейгенін алға тартты. Мә­селенің құқықтық жағын қарастырған заңгер Макс Ганадо АҚШ, Қытай, Жа­по­ния секілді елдер технологияға қар­сы болғанын айтады. Сол себепті техно­логияның әлеуетін қарастыра келе, заңдастыру мәселесін қолға алған.

Келесі шара қала мэрлерінің форумына ұласты. Жібек жолы бойындағы елдердің қала мэрлерінің басын қосқан бұл алаңда өңірлердің сапалы өсуі мен дамуының жаңа мүмкіндіктері талқыға түсіп, қатысушылар өз тәжі­рибелерін ортаға салды. Дәстүрлі алаң жұмысында сөз алған G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков «Еуропа мен Азияны байланыстыратын ортақ платформа құруды мақсат еттік. Бұл форум үшінші рет өтіп отыр. Шара арқылы қала басшыларының өзара ынтымақтастығын арттырып, білім мен ғылым саласындағы инновациялар арқылы өңірлердің дамуын, инвестиция тартуына серпін бергіміз келеді», деп атап өтті. 

Форумға қатысқан Қазан қаласы­ның мэрі Ильсур Метшин, Париж мэрінің орынбасары Арно Нгача, Украинадағы Хмельницкий қаласы­ның басшысы Александр Симчи­шин, Самарқан қаласының әкімі Б.Об­лакулов, сондай-ақ Бішкек пен Қытай­дың Сиань және Харбин қалаларының өкілдері әлемдегі жаңа жағдайда қала­лық инфрақұрылымды дамыту, инно­вациялық шешімдерді енгізу, смарт-туризм, қалалардың экологиясы, сон­дай-ақ «Бір белдеу – бір жол» жо­басын ілгерілету мәселелерін талқы­лады.

Алдағы күндері жаһандық мәсе­лелерді көтерген беделді алаңда дағ­дарыс жағдайында қаржы, экономика саласын дамытудың, Еуразия құр­лығының өзекті мәселелерін шешу­дің жолдары көтеріледі. Сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, ғылым академияларының, ЮНЕСКО және білім беру қорларының өкілдері қазіргі жағдайда салада қордаланған мәселелер мен мүмкіндіктерге қатысты орамды ойларын ортаға салады.