Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен «Ұлттық құндылықтар – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Парламент Сенатының депутаттарынан бөлек Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің басшылығы, сондай-ақ Мәмбет Қойгелді, Асылы Османова, Рахман Алшанов, Уәлихан Қалижанов, Анар Фазылжанова және басқа да қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кіріспе сөз сөйлеген Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің басшысы Мұрат Бақтиярұлы дөңгелек үстелдің басты мақсатын түсіндіре келе, көтерілетін мәселелерді айқындап, олар бойынша тиісті ұсынымдар жобасын әзірлеу, Парламенттік тыңдауды өткізуді ұйымдастыруды пысықтау қажет екенін жеткізді.
«Тақырып аясындағы басқада өзекті мәселелерді депутаттармен, тиісті министрлік басшыларымен және зиялы қауыммен талқылау қажеттігі туындап отыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз да, Мемлекет басшысы да соңғы кездері ұлтымыздың рухани, материалдақ құндылықтарын сақтау, дәріптеу мәселелеріне Жолдауларда, бағдарламалық мақалаларда арнайы тоқталып жүр.
Бүгінгі жаһандық дәуірде жас ұрпақ үлкен ақпарат айдынымен бетпе-бет келіп отыр. Құндылықтардың іштен іруі руханиятымызды ұсақтатып, ұлттың тамырына балта шабатыны сөзсіз», деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Бұдан кейін депутат әлемде көптеген ұлттың жойылып кеткенін атап өтіп, тарихтан сабақ алудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ұлттың бірегейлігі, рухани құндылығы сақталғанда ғана халық мәңгі жасамақ.
«Бүгінгі ғылым мен білімнің, техника мен технологияның дамыған заманында жас ұрпақ өте үлкен ақпарат ағынының астында қалып отыр. Бұл ретте біз өз еліміздің ұлттық құндылықтарын үнемі алғы шепке шығарып дәріптеп, тірілтіп отырмасақ, жастарды ұлттық болмысынан айырып алу қаупі басым екенін айтқым келеді. Бүгін де осы мәселелер туралы сіздердің терең, зерделі ұсыныстарыңызды тыңдаймыз деп үміттенемін», деді комитет төрағасы Мұрат Бақтиярұлы.
Негізгі баяндаманы жасаған сенатор Бақытжан Жұмағұлов еліміздің әр отбасына, жеке азаматына қатысты ұлттық жоба қажет екенін айта келіп, осы тақырып бойынша Парламенттік тыңдау өткізу идеясы туындағанын атап өтті. Сенатор өзгеден гөрі – өзін, қоғамнан гөрі – жеке отбасының пайдасын ойлайтын, рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяз ұрпақ көбейгеніне алаңдаушылық білдірді.
Сенатор Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру» дегенін еске сала келіп, ол жайында өз ойларын ортаға салды.
Депутат дөңгелек үстелге қатысушыларға «Ұлы даланың ұлттық құндылықтары» тұжырымдамасын таныстырды. Сенатордың пікірінше, ел дамуының осы кезеңінде маңызды болып табылатын бес бағыт: тәуелсіздік және тарихи таным; ел мен жер; тіл және имандылық; ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие; білім мен біліктілік тұжырымдаманың негізін құрайды. Сенатор ұлттық дәстүр, тәрбие, білім мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Бала бесіктен тәрбие алады. Ұлттық дәстүрді бойға сіңіреді. Ана жолдан тайса – ұлт жолдан таяды. Әке жолдан тайса – ұлт тозады. Қоғам жолдан тайса – Тәуелсіздіктен айрылады. Ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы. Бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі. Білімі жоқ ел – беделсіз, ғылымы жоқ ел – бедерсіз. Қалыптасқан жағдайда білім мен ғылымның жүйесін қайта қарау керек», деді сенатор Бақытжан Жұмағұлов.
Сондай-ақ сенатор мемлекет руханият саласында маңызды, іргелі жобаларды жүзеге асырғанын, бұл қадамның саяси-қоғамдық өміріміздегі теңдесі жоқ құбылыс әкелгенін жеткізді. «Өз тарихымызға қатысты қаншама дерек тауып жарияладық. Қазақстанның қасиетті, сакральді орындарын айқындадық. Ұлы далада қалыптасқан өркениет жолын білдік. Тарихымыздың қилы жолдары бар.
Айталық, патшалық Ресей тұсында ата-бабаларымыздан қалған ұлттық дәстүрлерімізді, сенімімізді, тәрбиелік жолымызды ескілік қалдығы деп білді. Оның орнына басқа құндылықтарды санаға құюға тырысты. Білімсіз, надан халық ретінде санамызды улады. Кеңестік жүйе кезінде де қызыл идеологияның құрбаны болдық. Ана тілімізден, дінімізден, ділімізден, ұлттық дәстүрімізден айрыла түстік. Осылай ұлт руханиятына балта шабылды.
Егемендік ұлттың өшкенін жандырды, рухын көтерді. Отыз жыл ішінде Қазақстан үлкен саяси-экономикалық, мәдени жетістіктерге қол жеткізді. Қазір өздеріңіз көріп отырғандай, жаһандану саясаты жүріп жатыр. Ұлттық құндылықтарымыздың орнына батыстық құндылықтарды ендіру процесі орныға бастады. Демократия деген желеумен халқымыздың, оның ішінде жастарымыздың саяси көзқарасына ықпал ету жүргізіліп жатыр. Әртүрлі жат діни ағымдар бой көтерді.
Ұлттық құндылықтарымызды Қазақстанның әрбір азаматының санасына енгізу және орнықтыру қажет. Бүгінгі дөңгелек үстелдің де көздеген мақсаты осы. Бірлесе, іргемізді ыдыратпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көзқарас қажет. Әрбір Қазақстан азаматының бойына ұлттық патриотизмді қалыптастыратын жолдарды айқындап берген дұрыс болар еді. Сонда ғана тәуелсіз елімізде ұлттық құндылықтарымызды күнделікті өмірге енгізе аламыз», деді Бақытжан Жұмағұлов.
Бұдан кейін сөз кезегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваға берілді. Ведомство басшысының айтуынша, ұлттық құндылықтарды бағалаған елдің қашанда рухы биік болады.
«Ұлттық құндылықтарын бағалап, санасын саралай білген елдің қашанда болмысы бөлек, рухы биік. Содан болар – ұлттық құндылықтар дегенде әдетте халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, ана тілі мен өнерін, мәдениеті мен әдебиетін айтамыз. Бұл әрбір азаматтың «ұлттық кодына» басылған қайталанбас дүние. Ал енді, қоғамдық сана – сол «ұлттық кодты» сақтай отырып, әрбір азаматымызды болашаққа баптай білудің бірегей құралы болмақ. Міне, осының бәрі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ізімен қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты», деді министр.
А.Балаева ендігі жерде руханиятты дәріптеу жалпылай емес, мақсатты түрде, азаматтарымыздың жас ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырылатынын жеткізді.
«Онда да, тозығы жеткен емес, заманның бәсекесіне, адамның қажетіне жарайтын жасампаз құндылықтар болуы шарт. Бұл тұрғыда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «тұлғалық даму», «ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебе», «мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қауымдастықтардың дамуы» деген үш құндылыққа негізделеді. Десе де, осының барлығын іске асыруда біз қайтарымы мол, тиімділігі жоғары, келешегі кемел мақсат қоя білуіміз маңызды. Сондықтан да рухани жаңғыру үрдісін ең алдымен бала тәрбиесі мен жастардың рухани өсуінен бастауымыз керек.
Жасыратыны жоқ, бүгінде бала тәрбиесіне, олардың ой қалыптастыруына – виртуалды әлемнің, бақылаудан тыс интернеттің ықпалы өте зор. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында бір-біріне, айналаға, жануарларға деген қатыгездікке бейімдік, суицид, толеранттылықтың төмендігі сияқты түрлі келеңсіздіктерге жиі куә болып жүрміз. Әрине, бұның бәрі біржақты қарайтын дүние емес. Кешенді зерттеуді талап етеді. Бірақ оның түп негізінде – қоғамдық қадағалау мен ұлттық тәрбиенің рөлі зор деп санаймыз. Себебі әрбір орын алған кемшілік – бүкіл қоғамның ортақ көрсеткіші.
Сондықтан жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, бүгінгі заманға сай тәрбие мен білім беру – басты міндет. Халқымыздың ұлттық тәрбиесі – қашанда жас ұрпақты жаңашылдыққа, елжандылыққа баулыған. Осы орайда, қазір біздің министрліктің бастамасымен Балалар мен жасөспірімдерді рухани-адамгершілікте тәрбиелеу стратегиясын жасап, іске асыру көзделіп отыр. Ол үшін министрлік жанындағы Қоғамдық даму институтында арнайы жұмыс тобы құрылды», деді министр.
Дөңгелек үстелде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы арнаулы жобаларды іске асыру барысы да талқыланды. Зиялы қауым өкілдері халықтың бірлігін нығайту мен тарихи танымына, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.