• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Қараша, 2020

Қырық ғасырлық тарих

420 рет
көрсетілді

Қазақ халқы өзінің ата-бабала­рының жері мен елінде төрт мың жылдан бері тұрақты тұрып жатыр. Мұның физикалық антропологияға негізделген нақты ғылыми тұжырымдардың негізінде ғылыми тұрғыдан толық дәлел­денгені қазақтың тұңғыш антропологы, академик Ора­зақ Смағұлов пен көрнекті ғалым-антрополог Айнагүл Смағұлова­ның «Қазақ халқы және ата тегі» атты кітабында баяндалады. Бұл еңбекте тұңғыш рет қазақ халқының көпсалалы, кешен­ді морфофизиологиялық және популяция-генетикалық ерек­шелік­тері ауқымды деңгейде зерттелген.

 

Аталған туындының таныс­тырылымы жуырда Еуразия Ұлт­тық университетінде өтіп, оған бірнеше отандық танымал ға­лымдар мен Zoom платформасы ар­қылы оқытушы-профессорлар, студенттер қатысты.

Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, Болония Ғылым ака­демиясының корреспондент-мү­­шесі, Ұлттық музейінің фи­­зи­калық антропология зерт­ха­насының меңгерушісі Оразақ Сма­ғұловтың ғылымның осы саласында еңбек етіп келе жатқанына табаны кү­ректей алпыс бес жыл толыпты. Осы жылдардың ішінде ғалым көп оқиғаларды бастан өткізген. Сонау бір кеңестік жүйе үстемдік құрып тұрған тұста кітаптары цен­­зураға ұшырап, өртелген жағ­дайлар да кездескен. Одан бергі тәуелсіздік алған жылдардың үле­сінде ғалымның ізденістері мен жетістіктері өте көп. Оған қазақ және орыс тілдерінде шығып жат­қан іргелі еңбектері мен шет тіл­дерінде түрлі елдердің ғылыми журналдарында жарияланып жат­қан мақалалары дәлел. Осы мәлі­меттерді алға тартқан Еуразия Ұлт­тық университетінің ректоры Ер­лан Сыдықов «Қазақ халқы және ата тегі» атты монографияны қазақ халқының этникалық антропологиясы туралы дара еңбек деп атап көрсетті. Ректор әйгілі ғалымға уни­верситеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Еуразия ұлттық уни­верситетінің құрметті профессоры» атағы берілгенін жариялады. Ол сондай-ақ тұңғыш қазақ антропологын «Күлтегін» медалімен марапаттады. Е.Сыдықов оған қоса әйгілі ғалымның қызы әрі ғылым жолындағы шәкірті Ай­на­гүл Смағұлованы да университет ме­далімен марапаттап, шығар­ма­шылық табыстар тіледі.

Іс-шара барысында Ұлттық музей директорының орынбасары, академик Жәкен Таймағамбетов көрнекті ғалымның нақты қай кітабы өртелгенін айтып берді. Ол – өткен ғасырдың 1977 жылы жарыққа шыққан «Этническая геногеография Казахстана» атты іргелі еңбек. Кеңес жандайшаптары шығарма авторының «қазақ руларын тізіп жазғанын», «қазақты ерекше халық етіп көрсеткенін» құптамаған. Кітап КПСС-тің сая­­­­­­сатына қарсы деп танылған. Ж.Таймағамбетов академик «Қазақ халқы және ата тегі» монография­сы арқылы қазақ антропологиясында «революция» жасағанын баяндады.

Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жа­­ңа шыққан монографиядағы деректерді ғылыми айналымға ен­гізгенін атап өтті. Яғни ол өзінің қазақ және орыс тілдерінде жуырда жарық көрген кітабында бұл мо­нография туралы мәлімет берген. Ол академиктің ғылымдағы жо­лының ауыр болуының бір се­бебін қазақтан шыққан атақты диссидент Махмет Құлмағамбетов есімімен байланыстырды. Өйткені Кеңес өкіметі тарапынан қуғынға ұшыраған, елден жырақта күн кешкен диссидент академиктің жиені болған. Кейінірек О.Смағұловтың «Қазақтың айбарлы диссиденті» атты кітап жазғаны мәлім.

«Қазақ халқы және ата тегі» атты кітапта кездескен мәліметтердің еш жерде ұшыраспайтыны туралы филология ғылымдарының докторы Жантас Жақыпов мәлімдеді. Профессордың айтуынша, бұл кітап қола дәуірінен бастау алады. «Әдетте біз тарихты бесінші ғасырдан бастаймыз. Бұл кісі бағзы заманнан, қола дәуірінен бастайды. Мен бұл кітапты қазақтың қырық ғасырлық тарихына қойылған ескерт­кіш деп айтар едім. Ака­демик Алтайдан Атырауға дейінгі ара­лықтағы өмір сүріп жатқан біздің қанымыз, сүйегіміз бір еке­нін, бір ұлт екенімізді дәлелдеп бер­ді. Яғни түп атамыз бір. Осы кі­тап­ты оқып шығып ашық-шашық жат­қан ел екенімізді де байқадым. Зерттеу мақсатында қазып алын­ған қаншама сүйектер шетел асы­рыл­ған. Бұл өзімізге зиян. Соңы­ра қайта айналып соғатын сияқ­ты. Ака­демик осы нәрселерді жана­шыр­лықпен жазып отыр», – деді ол.

«Қазақ халқы және ата тегі» кітабының тұсаукесерінде атақты академиктің өзі де сөз сөйледі. Ол қазақ халқы, қазақ ғылымы бас­тан өткерген өткелектер туралы айтып, ендігі жерде «қабыр­ғамыз қайысатын» жағдайлар орын алмасын деп тілейтінін жет­­кізді. О.Смағұлов егеменді елі­­мізде 40 ғасыр бойы нәсіл-тегі үзілмей, тіршілік етіп келе жат­­қан бір ғана ұлттың бар еке­нін, оның қазақ екенін айтты. «Хал­қымыздың бір ерекшелігі – даму сатысының физикалық-антропологиялық құрылымының негізіне қарағанда, нәсіл-тегі келе­шекте де, яғни үстіміздегі үшін­ші мыңжылдықтың аяғына дейін сақталып қалатындығын бай­қа­тады. Сондықтан бүгінгі егеменді қазақ халқы өзінің биоәлеуметтік құрылымы жағынан туған жерінде Мәңгі ел болып сақталуының мүм­­кіншілігі бар ұлттық қауым қа­тарына жатады», деді ол.

Қазақ халқының шығу тегіне қатысты мәселелерге ғылымда осы күнге дейін нүкте қойылған жоқ-тын. Халқымыздың шығу те­гін сан-саққа жүгіртіп, оның ішін­де аңыз әңгімелермен байланыстыру немесе бірдеңесінші ғасырларда басқа бір жақтан «ұлы көштің» себебімен ауып келген деген сыңайдағы болжамдар осы күнге дейін оқулықтарда, ғылыми әдебиеттерде жүргені өтірік емес. Оның ішінде ең қауіптісі, әр ру өзінің тегін, нәсілін әртүрлі ата­тектерден таратуы дер едік. Жа­ңадан жарық көрген «Қазақ хал­қы және оның ата-тегі» кітабы біз­діңше сыңаржақ болжамдар мен тұжырымдарға нүкте қоюы тиіс. Яғни қазақ халқы өзінің туған жерінде төрт мың жылдан бері тіршілік етіп келеді және қазақ руларының бәріне тән бір ғана ататек бар. Дұрысы, бар қазақ – бір қазақ.