Тауарларды таңбалау кәсібін адал жүргізетін іскер азаматтардың жағдайын теңестіруге мүмкіндік береді. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов айтты.
«Тауарлардың көлеңкелі айналымын қысқарту, сондай-ақ айналымды бақылау үшін бизнес процестерді жолға қою арқылы кәсібін адал жүргізетін кәсіпкерлерге тең жағдай жасауға жол ашады», деді А.Мырзахметов.
Мемлекеттік органдардың қолдауымен ұлттық палата ЕАЭО актілері мен таңбалау мәселелері бойынша ұлттық заңнамаға негізгі нормаларды енгізді. Атап айтқанда, әр мемлекет таңбалауды енгізудің күнін өздері белгілеп, қанатқақты жобаларды міндетті жүргізуге, таңбалауға жататын тауарлар тізімін, сондай-ақ таңбалауға жататын кодтың құнын палата және бизнес қауымдастықпен келісіп белгілеуге мүмкіндік алды.
Басқарма басшысы таңбалауға жататын тауарларды анықтауда бизнеске артық жүктеме түсірмейтін экономикалық тұрғыда негізделген мақсатты тізімге көңіл бөлу керектігін айтады.
Сүт өнімдерін таңбалауда Ұлттық палата экспортталатын өнімдерге басымдық берілу керек деген ұстанымда. Бұл амал ЕАЭО нарығын сақтау үшін қолға алынып отыр деп сендірді басқарма төрағасы. Ішкі нарықта мұндай міндет қажет емес.
«Кәсіпкерлер үшін бұл процедураның шығыны көп. Сондықтан мемлекеттен қолдау көрсетуін сұраймыз. Бұл жағдайда таңбалауды енгізудің шығындарын азайту үшін қолдау құралдары мен бизнесті ынталандыру қажет. Бизнесте таңбалауды енгізу бойынша алдын ала есеп жүргізіліп, фармацевтикаға 13 млрд теңге, аяқ киім секторына 1,6 млрд теңге және сүт өндірісі саласына 9,7 млрд теңге қажет екені анықталды», деді А.Мырзахметов.
Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінен таңбаланбай келетін тауарлардан ішкі нарықты қорғау үшін қазір техникалық реттеу, ветеринарлық сертификаттар, электронды шот-фактуралар секілді тетіктер қарастырылған.