Күні кеше Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы жылды қорытындылап, екінші питчинг нәтижесі бойынша киноөндіріске жол тартқан жобалар жайлы хабарлады.
Қазіргі кезде Кино орталығы мемлекет тарапынан қаржыландыруға ие болған жаңа картиналардың режиссерлерімен, продюсерлерімен белсенді жұмыс істеп жатыр.
Орталық өкілдерінің айтуынша, биыл өздерінің тарапынан толықметрлі дебюттік картиналардың шығарылуына ерекше назар аударылған. Мысалы, 2019 жылы өткен бірінші питчингте осы санаттағы жалғыз жоба Айжан Қасымбекованың «От» фильмі болатын. Биыл жарыс қорытындысына сәйкес бес бірдей дебюттік фильм қаржыландырылмақ. Солайша кино тілін енді меңгере бастаған режиссерлер үлкен кино жасаудағы шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік алды. Төменде сол фильмдер жайында біршама мәлімет келтірмекпіз.
Кино орталығы үшін маңызды тақырыптардың бірі – әлеуметтік маңызы бар фильмдер. Бұл жолы питчингте осы сала бойынша Алдияр Байракимовтің бағы жанды. Ол 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Александр Колядиннің ғұмырына негізделген «Паралимпиадашы» фильмінің түсірілімін бастап кетпек. Көлік апатының салдарынан оң аяғынан айырылған Александр Пхенчханда өткен жарыста шаңғымен секіріп (1,5 км классикалық спринт әдісі), алтын медаль жеңіп алған ерік-жігері мықты қазақстандық азамат.
Біраз жылдан бері Арал төңірегінде ізденіп, жоба жасап жүрген документалист Виктор Вильковиский «Теңіздің оралуы» деректі фильмін түсіруге кірісіп кетіпті. Оның экологиялық апаттың себептері туралы толық түсінік беретін күрделі ғылыми-көпшілік фильмінің ауқымды бөлігі негізінен «Барсакелмес» қорығында түсірілмек.
Авторлық фильмдерге қатысты айтатын болсақ, жуырда ғана «Алаяқтар» сериалын түсіріп біткен Дархан Төлегенов келесі жылдың басында «Ағайындылар» драмасын түсіруді жоспарлап отыр. Сюжеттің басты кейіпкері – балалар үйінен әкесін іздеу үшін кетіп қалған Ақжол есімді жасөспірім. Көршісі Димашпен танысқаннан кейін жас жігіт қарақшылықпен айналысады. Кісі тонап ақша табады. Соңыра туысымен кездескен соң, ол өзінің туған ағасының бар екенін біледі. Ағасын тауып алған соң, екеуі бірге әкесін іздеуді бастайды…
«Тюльпан» картинасының жарық жұлдызы Асхат Кучинчиреков «Бауырына салу» фильмінде қазақ дәстүрлеріне назар аудармақ. Картинаның басты кейіпкері – Арман есімді бала. Ол әжесі қайтыс болғаннан кейін ата-анасына оралады. Әке-шешесінен он жыл бойы бөлек тұрған баланың олармен қарым-қатынасы күрделі екені түсінікті. Әжесі туралы түпсіз терең естеліктер балаға ата-анасымен жылы қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік бермейді. «Бауырына салу» фильмінде әкелер мен балалар мәселесі баланың көзімен сипатталады.
Мәди Балжанов кең аудиторияны бірден баурап алуға шешім қабылдаған жалғыз дебютант сияқты. Жан-Жак Анноның «Амели» картинасынан шабыт алған режиссер «Сүтті қыз» романтикалық комедиясын шығаруды жоспарлауда. Оқиға басқалардың өмірін тәтті етуге тырысып жүрген жас кондитер Джамилидің айналасында өрбиді.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы осы фильмдердің тезірек жарыққа шығуына тілектес әрі дарынды жас режиссерлер үшін танымалдылыққа жол ашатын фильмдер болса деп үміттенеді.