Ресейде 2015 жылы іске асырылған «Жанды сабақтар» («Живые уроки») жобасына ұқсас жобаны Қазақстанда іске асыруды туроператорлар 2018 жылдан бері ұсынып келген-ді. Алайда бұл жоба тек биыл ғана қолдау тауып, 2020 жылдың сәуір айында «Атамекен» ҰКП және Kazakh Tourism арасында Туризмді дамыту жөніндегі жол картасына қол қойылды.
Үкімет тарапынан жүйе деңгейде қолдау тапқан бағдарламаның жуырда алғашқы қанатқақты жобасы ұйымдастырылды. Жобаға Ақмола, Жамбыл облысы және Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының 6-8 сыныпта оқитын 555 оқушы қатысты. Үш негізгі бағыт таңдалып, қатысушыларға тарих, физика және биология пәні бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Туристік сала өкілдері мектеп бағдарламасы шеңберіндегі экскурсиялар оқу бағдарламасын түрлендіріп қана қоймай, балаларды ерте жастан туризмге бейімдейді деген ойда.
Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев пандемияға байланысты сабаққа қатысатын балалардың саны 15-ке дейін қысқарғанын, турлар облыс аумағында жүргізіліп жатқанын айтты.
«Бастапқыда біз Ресейдің «Живые уроки» жобасын негізге алдық, онда мектеп оқушылары бір өңірден екінші өңірге саяхат жасайды. Бұл туған жерді тануда пайдалы тәжірибе, экскурсияларда балалар «дұрыс» турист болып үйрене алар еді. Бала табиғатты ластамау, өрт шығуына, ағаштардың шабылуына себепші болмауын түсініп, қоршаған ортаны қорғап, жақсартуды үйренеді. Бірақ пандемия бұл жоспарымызды толық жүзеге асыруға мүмкіндік берген жоқ. Сондықтан бюджеттің басым бөлігі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қорғаныш құралдарына жұмсалды», деді Ержан Еркінбаев.
Нұр-Сұлтанда қашықтан оқыту арқылы алынған білім теміржол персоналын бағалау және дамыту жөніндегі оқу орталығында және баламалы энергия көздерінің жұмыс істеу принциптерін көрсететін «Нұр Әлем» болашақ энергетикалық музейінде бекітілді.
Оқу орталығында 8-сынып оқушылары тепловоз қозғалтқышы, турбокомпрессор жұмысымен танысып, цилиндр қозғалысының қағидатын білді. Балалар арнайы тренажерлар, кабиналарға мініп, машинист, машинист көмекшісі болып та көрді. «Осы бағдарлама үшін ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Мен бұл жерден көп нәрсе үйрендім. Техника жұмысымен таныстым. Алдағы уақытта да жобаның тұрақты қатысушысы боламыз деген үміттемін», деді экскурсияға қатысушы.
«Балаларға бағдарлама қатты ұнады, олар физикадан бөлек кәсіптік бағдар бойынша сабақ өтті. Көбісі болашақта машинист мамандығымен жақынырақ танысуға ынта танытты. Сабақтарды өткізуде ең маңыздысы – мектеп бағдарламасымен экскурсияны жоспарлай алатын жақсы гид табу. Бұл мәселе бойынша біз бірнеше мектептің мұғалімдерімен кеңесіп, соның арқасында саяхатқа лайықты нысандарды таңдадық», деді Gvidon Tour туристік агенттіктің бағдарламалар менеджері Екатерина Бульда.
«Ауыл балаларына жобаға қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға ризамын. Баламның алған әсері мол. Мұндай жобалар баланың ой өрісін кеңейтіп, пәндерді іс жүзінде игеруге мүмкіндік береді. Бізге мамандық таңдауға көмектеседі. Мұндай жобалар көп болуы керек деп есептеймін», деді жобаға қатысқан Полина Мамедованың анасы.
Алматы қаласындағы жобаға биология пәні бойынша қатысуға Алматы облысы мектептерінің 195 үздік оқушысы іріктеліп алынды. Айта кету керек, осы өңірде саны 10 адамнан аспайтын топтар жасақталды. Биология пәні елдегі ең ірі зообақтың бірінде өтіп, онда балалар жануарлар әлемімен танысып, қоректену тізбегі жайында көп ақпарат алды.
Ал Жамбыл облысындағы 6-сынып оқушылары Қазақстан тарихымен кеңінен танысты. Экскурсия барысында балалар Қарахан мен Айша бибі кесенесіне барып, көне Тараз қазба жұмыстарын тамашалады.
«Тарихи орындарды аралау кезінде балалар көптеген пайдалы ақпарат алды. Балалар оқулықтардан оқығандарын өз көзімен көріп-білсе, оқу процесі тиімді болатынына көз жеткіздік. «Жанды сабақтар» жобасының жалғасы болады деп үміттенеміз», деді Жамбыл облысындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Дидар Серкебаева.
«Оқушылар Қараханидтер мемлекетінің мұрасын көрді. Бұл тақырыпты балалар 6-сыныпта оқиды. Ашық аспан астындағы тарихпен танысқан балалар дән риза. Осылайша олардың бойында патриоттық сезімі оянып, туған өлкеге деген қызығушылық артады», деді «Золотой караван» туристік орталығының директоры Альбина Веймер.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова жобаны жүзеге асыру тұрғындар үшін қосымша туристік өнімді қалыптастыратынын және болашақ туристердің экологиялық тәрбиесіне ықпал ететіндігін атап өтті. Экскурсиялар елдегі өндірістік туризмді дамытуға бастама бола алады.
Қанатқақты жоба аяқталған соң Kazakh Tourism АҚ бизнес-қоғамдастық және ҰКП-мен бірлесіп «Жанды сабақтар» жобасын басқа өңірлерде іске асыратынын жеткізді.