Маңғыстау облыстық экология департаменті өндіріс орындары аумағындағы 12 түрлі ластаушы көздерді анықтайтын дрон сатып алуда. Жеті шақырым радиуста үш жарым шақырым биікке ұшатын дрондар видеоға және фотоға түсіреді.
Келер жылдан бастап қолданысқа енетін құрылғыларды сату-сатып алу процесі жүріп жатыр. Дрондар көбіне өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыттардың, кен орындарының төңірегінде пайдаланылады, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қолданылмайды. Себебі ерекше қорғалатын аймақтардағы сирек кездесетін аң-құсты үркітіп алуы мүмкін екені де назарға алынып отыр.
Қоршаған орта, табиғат ортақ құндылық болса да көзді ала беріп бүлдірушілер аз емес. Биыл Маңғыстау облысы бойынша кәсіпорындарға қоршаған ортаға келтірген зияны үшін 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90% -ы өндірілген.
Жалпы, Маңғыстау өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешу бойынша бекітілген Жол картасы бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алған.
– Жол картасы жеті тараудан, отыз алты бөлімнен тұрады. Шығарындыларды азайту, көгалдандыру, қалдықтарды басқару, тарихи ластану орындарын реттеу, биоалуантүрлілікті қорғау және тағы да басқа экологиялық мәселелердің бәрі осы құжатқа енгізілген. Министрдің тапсырмасы бойынша, біз тоқсан сайын жергілікті халықпен кездесіп, атқарылған жұмыс бойынша есеп беріп отырамыз. Онда шешілген мәселелерді, шешімін таппаған дүниелерді баяндап, себебін де түсіндіреміз, – деді Маңғыстау облысы Экология департаменті басшысы Руслан Төкенов.
Жақында Қазақстанның Қызыл кітабының сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізіміне енгізілген Каспий итбалығының ахуалы да өзекті.
– Каспий жағалауынан кейде өлі итбалықтардың табылып жататыны жасырын емес. Көп жағдайда бұған итбалықтың браконьерлік ауға оратылып қалуы себеп болады. Биыл әкімдіктің қатысуымен теңіздегі біраз жер заңсыз аудан тазартылды. Егер бұл жұмыс жалғасса, оң нәтиже болатыны сөзсіз. Ал итбалықтардың «Қызыл кітапқа» енуі бізге жаңадан ерекше қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік береді, – дейді департамент басшысы.
Өңірдегі қоқыс проблемасы туралы айтылғанда соңғы уақытта жұртшылық талқысына түсіп жатқа Бозжыра шатқалының тазалығы да назардан тыс қалмады.
– Есеп бойынша биыл Бозжыраға 2000 адам барған. Оның әрқайсысында өздерімен бір бөтелке су болды десек, жартысы саналы түрде бос бөтелкесін алып кетеді. Қалған мыңынан қалдық су жерде қалады. Алдағы жылы шатқалға он мың турист келеді деп күтілуде. Яғни біз қоқыс мәселесін қазірден реттеп, оны тастайтын орындарды дайындап, қонақ үй салатын инвесторға міндет жүктеуіміз қажет. Жалпы, қонақүй Бозжыра шатқалынан алыс орналасса, экологиялық талаптар орындалса, жоба дайын болғанда халыққа таныстырылса, сонымен қатар айналада киелі орындар болғандықтан түнгі мезгілде тыныштық режімі сақталса, жобаны қолдайтын табылады деп ойлаймын, – дейді департамент басшысы.
Маңғыстау экологиясы дегенде 105 млн тонна радиациялық қалдық төгілген Қошқар ата қалдық қоймасы, Шетпе маңындағы карьерлер алдымен ауызға ілігеді. Өлкедегі өзекті мәселелерге тоқталған Р.Төкенов экологиялық мәдениет, жаңа Экологиялық кодекстің жергілікті жердегі ахуалды жақсартуға тигізетін септігі және тағы да басқа қордаланған проблемалар туралы сөз қозғады.
Маңғыстау облысы