• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Футбол 24 Қараша, 2020

Үшінші орыннан үш команда үмітті

301 рет
көрсетілді

Футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының 19-тур ойындары өтті. «Қайрат» мерзімінен бұрын жеңімпаз атанса, біріншілік аяқталар тұста үшінші орын үшін арпалыс күшейе түсті. Бұған себеп «Астана» мен «Ордабасының» күтпеген жерден жеңіліп қалуы және «Шахтердің» кезекті үш ұпайына қол жеткізуі болды.

Турдың алғашқы ойыны «Астана» мен «Шахтер» арасында өтті. «Тобылмен» бірге күміс жүлдеге таласып жатқан елордалықтар күтпеген жерден «кеншілерден» 3:1 есебімен оңбай жеңіліп, күміс жүлде үшін күрестен шығып қалды. Ал маңызды жеңісіне қол жеткізген «Шахтер» футболшылары қола жүлде үшін күреске қосылды. Кездесудің 6-минутында қарағандылықтардан Руслан Мингазов есепті ашса, 24-минутта Сергей Зенёв таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Екінші таймның соңында Еркін Тапалов «Шахтердің» үшінші голын салса, төреші қосқан қосымша минутта Дидар Жалмұқан «Астананың» жалғыз жауап голын соқты.

«Қайсармен» ойнаған «Орда­ба­сы» да қолда тұрған үш ұпайы­нан айырылып қалды. Командалар бірінші таймда бір-бірі­нің қақпасына гол соға алмағанымен, екінші таймда «қас­қыр­лар» Шымкент клубы­ның қақпа­сына жауапсыз үш гол соқты. 51-минутта Иван Граф есеп ашса, 69 және 75-минуттарда ко­манда капитаны Асхат Тағы­берген дубльдің авторы атанды. Айта кетейік, «Қайсар» клубы­ның бірнеше футболшысы клубпен келісімшартының аяқталуына байланысты командадан кетіп қалған болатын.

Бұл турда «Жетісудан» 1:0 есе­бімен басым түскен «Тараз» кезек­ті жеңісіне қол жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын түзеп алды. Ал «Қайратты» 3:2 есебімен тізе бүктірген «Қызылжар» футболшылары турдың сенсациясын тіркеді. Матч барысында «Қайрат» футболшылары үстемдік танытқанымен, екі таймда да бір футболшыдан қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Сөйтіп кездесудің соңғы минутында гол өткізіп алды.

Турнир кестесінің соңында келе жатқан «Оқжетпес» пен «Кас­пий» өзара мықтыны анық­тады. 2:1 есебімен жеңіске жеткен ақтаулықтар 14 ұпаймен 10-орын­ға көтеріліп алды. Ал көк­шетаулықтар 11 ұпаймен көш соңында қалып қойды.

Сұрмергендер арасындағы бә­секеде Жоао Пауло («Ордабасы») 11 голмен бірінші орында тұр. Ал бразилиялықтың соңынан Абат Айымбетов («Қайрат») қуып келеді. Оның еншісінде 10 гол бар. Биылғы маусымда 8 гол соққан «Қайсардың» грузиялық шабуылшысы Элгуджа Лобжанидзе үздік үштікті түйіндеп тұр.