Дүниежүзілік туризм және саяхат жөніндегі кеңес (WTTC) Kazakh Tourism ҰК АҚ-на #SafeTravels – қауіпсіздік пен гигиенаның жоғары стандарттарын қолданатын, сондай-ақ WTTC хаттамаларын сақтауды міндеттейтін саяхат бағыттары, жол жүру, көлік, орналастыру және тамақтандыру орындары бойынша қауіпсіздік мөрін қою құқығы белгісін табыстады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған хаттамаларда туристік провайдерлер мен туристер үшін COVID-19 кезіндегі «өмірдің жаңа жағдайларында» денсаулыққа, гигиенаға, терең тазартуға және физикалық қашықтыққа жаңа көзқарас туралы жүйелі ақпарат пен ұсыныстар берілген.
Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесі (WTTC) жаңа беделді Safe Travels қауіпсіздік және гигиена марапатын дайындады, оның иелері бүкіл әлемдегі ең үлкен демалыс орындары саналады. Бұл ерекшелік белгісі туристерге денсаулық пен гигиена бойынша жаһандық стандартталған хаттамаларды қабылдаған туристік бағыттар мен ұйымдарды анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетейік, Қазақстан осы жаһандық жобаны қолдаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Аталған іс-шара қазірдің өзінде әлемнің 55 елінде жүзеге асырылып отыр.
Бұл ерекшелік белгісін алу арқылы туристік индустрия өкілдері және туристік нысандар келетін туристердің сенімін қалпына келтіру және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын сақтау ниетін растайды. Сондай-ақ аталған белгі иелеріне https://kazakhstan.travel/ ұлттық туристік порталында маркетингтік ілгерілету қамтамасыз етіледі. Бұл тұтастай алғанда отандық туристік дестинациялардың туристік әлеуетін дамытуға оң ықпалын тигізеді.
WTTC бастамасына қосылу үшін туристік бизнес субъектілері https://safe.kazakhstan.travel/ сілтемесі бойынша өтініш беруі керек. Одан әрі санитарлық сәйкестік актісін жүктеп, WTTC қауіпсіздік саяхаттарының хаттамаларын сақтауға келісім беру керектігін атап өту қажет. Тексеру қорытындысы бойынша қатысушы тізілімге енгізіліп, оған Safe Travels сәйкестік белгісі жолданады.