Өңірдегі эпидемиялық жағдай біршама тұрақты. Соңғы екі-үш күн төңірегіндегі статистикаға назар аударсаңыз, облыс жасыл аймаққа өтті. Қолданыстағы қаулыға қосымша өзгертулер енгізілді. Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина жан-жақты айтып берді.
Облыс бойынша осы жылдың 1-17 қараша аралығында коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны 871 адамға жетті. Науқастардың басым көпшілігі, яғни 517-сі Көкшетау қаласында тіркеліп отыр. Одан соң Степногор қаласы. Өңірдегі саралау қорытындыларында Көкшетау мен Степногорск қалалары және Сандықтау ауданы «қызыл аймақта» тұр. Сонымен бірге індет өршіп тұрған бұл өңірлермен Бурабай және Зеренді аудандары деңгейлес. Ал «сары аймақта» Астрахан ауданы тұр. Қалған аудандар жасыл аймаққа еніпті. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыста індетті жасыру фактілерінің бар екенін ескерткен болатын.
– Наурыз айынан бері алатын болсақ, індеттің анықталуы туралы ақпараттарды ұлттық сараптама орталығы ғана дерекқорға енгізетін, кейін мұндай тестілеуді «Олимп» клиникалық-диагностикалық емханасы да жүргізе бастады. Одан кейін басқа да лабораториялар қосылды. Олардың барлығы бір дерекқорға мәліметтерді бірден енгізіп отыруы тиіс. Алайда жоғарыда айтып өткеніміздей, уақытынан кешіктіріп отырған. Сондай-ақ субъективті тұрғыдан да олқылықтар орын алды. Бұл ретте медициналық ұйымдар да шұғыл жағдайларды уақытында жеткізбеген. Ақылы түрде тексерістерден өткендер бойынша да ақпараттар уақыты берілмеген. Қазіргі уақытта біріктірілген ақпараттық дерекқорды жетілдіру бойынша жұмыстар жасалып, анықталған фактілер бойынша мәліметтерге салыстырулар жүргізілуде, – дейді А.Мусина.
Соңғы аптада облыста індеттің таралуы аздап болсын төмендеп отыр. Өткен тәулікте 41 оқиға тіркелген. Оның 30-ында індет белгілері байқалса, 11-інде симптомсыз түрде өтуде. Дертті жұқтырғандардың 22-сі – Көкшетау, 5-еуі – Степногор қаласында. Астрахан, Бурабай аудандарында 4 оқиғадан тіркелген, Сандықтауда – 3, Целиноградта – 2, Зерендіде 1 жағдай анықталды. Сонымен бірге вирустық пневмония бойынша екі оқиға Целиноград пен Ақкөл аудандарында анықталып отыр.
Оқу жылы басталғалы облыста 47 оқушы аты жаман індетке шалдыққан. Олардың 11-і дәстүрлі режімде оқып жүргендер болса, қалғаны – қашықтан білім алып жатқандар. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда 20 бүлдіршіннен індет анықталды. Мұнда да басым бөлігі, яғни 15-і – Көкшетау қаласында, қалғаны – Астрахан, Аршалы, Бурабай, Жарқайың аудандарында. Білім мекемелерінде тиісті санитарлық-эпидемиялық шаралар ұйымдастырылып, карантиндік талаптар бойынша шектеулер қолданылған. Осыған орай қазіргі уақытта 193 адам үй карантинінде ем қабылдауда.
А.Мусинаның айтуынша, Көкшетау мен бірнеше ауданның мектептеріне енгізілген карантиндік шектеулерді жеңілдету, олардағы әрі қарайғы оқу режімі бойынша мәселе облыстық білім басқармасымен бірлесе қарастырылуда. Облыстағы 6 лабораторияда коронавирус жұқпасын анықтау бойынша күніне 1600-1800 зерттеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар бұл лабораториялар ақылы тексерулер де қолға алынған. Қазіргі уақытта өз еркімен барып, ПТР тестіні ақылы өтіп жатқандар саны көбейген. Осылайша ақылы тестіден өткен 9 мыңға жуық адамның 228-інен індет анықталыпты.
Бүгінде облыс бойынша індеттің екінші толқынына әзірленген төсектік орындардың 28 пайызы кәдеге асуда. Індет жұқтырушылар саны азайып келе жатқандықтан, кейбір қоғамдық тамақтану, азық-түлік дүкендері секілді мекемелердің жұмыс уақытын ұзарту бойынша соңғы қаулыға өзгертулер енгізіліпті.
Ақмола облысы