Ақтөбеде «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жүзу спортынан ел чемпионаты басталды.
Оған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан облысынан 16 құрама командаға біріктірілген 13-25 жас аралығындағы 123 спортшы қатысуда. Алайда пандемияға байланысты спортшылардың көптеп қатысуына шектеу қойылған. Бұл жолы әр команда 14 жүзгіштен ғана жасақталған.
Жарыстың алғашқы күні қыз балалар арасындағы сайыстан басталды. 50 м,100 м, 200 м қашықтықта баттерфляй стиліндегі жүзуден бірінші орынды – София Абубакирова, екінші орынды – Диана Назарова, үшінші орынды – Диана Тасжанова иеленді. Алғашқы күні 100 метр қашықтыққа жүзуден Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақтөбе құрама командасы үздік шықты. Қыздар арасындағы сайыс аяқталғаннан кейін жүзуден ер балалар арасындағы жарыс басталады.
Жүзу спортынан өтіп жатқан осы сайыс қорытындысы бойынша 2021 жылы өтетін ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарына қатысатын қазақстандық спортшылар алдын ала іріктелетін болады. Сайыс осы аптаның соңына дейін жалғасады.
АҚТӨБЕ