Елордада Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезі өтті. Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Nur Otan партиясының Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, партия басшылары мен өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Алқалы жиында Мәжіліске арналған партиялық тізім, сондай-ақ жұмыс органдарының құрамы мен өзге де өзекті мәселелер қаралды.
Nur Otan ел тағдырына жауапты
Жиында Елбасы соңғы бес жыл ішінде партия өзінің сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындағанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті соңғы бір жылдың ішінде партия жұмысын қайта жандандыру бағытында ауқымды жүйелі істер атқарылғанына назар аудартты.
«Қазақта «жүре берсең, көре бересің» деген сөз бар. Мінеки, съезді қашықтан өткізуге мәжбүр болып отырмыз. Осындай заманға тап келдік. Бұл да өміріміздің бір белесі ретінде есте қалады. Аманшылық болса, алдағы уақытта кездесіп, шүйіркелесіп, жүздесіп, құшақтасатын болармыз. Сол күнге тезірек жеткізсін», деді съезд жұмысын ашқан Елбасы.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз берілді. Өз сөзінде Президент Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асырғанын жеткізді.
«Партиямыздың кезектен тыс XX съезі күрделі әрі маңызды кезеңде өткізіліп отыр. Бұл – мемлекетіміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға. Бүгінде Nur Otan партиясы ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналды. Халқымыз бізге қашанда зор сенім артады. Әсіресе жаһандық дағдарыс кезінде ел аманатына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Бүкіл әлемге тараған пандемия Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Мемлекет азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы партия тарапынан халыққа ұдайы қолдау көрсетіліп келе жатқанына тоқталды. Партия белсенділері және еріктілері мұқтаж жандардан көмегін аямағанын атап өтті.
«Осындай нақты жұмыс пен жанашырлық береке-бірлігімізді арттыра түседі. Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асырады. Бұл ретте Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Мен биылғы Жолдауымда партияның қоғамдағы жетекші рөлі туралы айттым. Біз реформаларды жүзеге асыру барысында Nur Otan партиясының зор әлеуетіне сүйенеміз», деді Қ.Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде сөйлеген сөзі осы мақаладан бөлек, жеке беріліп отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мерейтойлық съезде сөйлеген сөзінде Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күш екенін атап өтті. Партия Төрағасы еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы негізгі жетістіктеріне тоқталды.
«Әр партия үшін съезд өткізу – өте үлкен мәселе, өте үлкен кезең, өте үлкен жұмыс саналады. Съезд өткен сайын өткенге қарап, қандай табыстарға жеткенімізді, халық алдындағы бағдарламамыздың орындалу барысын қорытындылаймыз. Бүгінде Nur Otan партиясы еліміздегі ең басты саяси күшке айналғанын көріп отырмыз. Осы жылдардың ішінде партия ішкі тұрақтылықтың тірегіне айналды. Халықтың әл-ауқатын арттыру жолында аянбай жұмыс істеді. Мұның бәрі партияның ел болашағына сенімі берік азаматтарды біріктіруінің арқасында мүмкін болды. 30 жылда қандай қиыншылықтардан өтсек те, еліміз айтарлықтай өсіп-өнді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Жалпы, осы жылдардың ішінде басқа ұлт өсіп шықты. Бәрі көз алдымызда. Аз уақыттың ішінде мемлекет құрып, шекараны бекітіп, жаңа астананың іргесін қаладық.
Іс жүзіне келер болсақ, оның артында қаншама атқарған іс, жұмыс, қаншама қиыншылық пен тартыс жатыр. Тек Ресеймен арадағы 7 500 шақырым шекараның әр шақырымын шегендеу, әр ауыл төңірегінен өту өте қиын болды. Мысалы, Өзбекстанмен шекараны шегендеген кезде бір үйдің бір бөлмесі Қазақстанда, бір бөлмесі Өзбекстанда қала жаздаған да жағдай кезікті. Соның бәрін шешуге тура келді. 14 мың шақырымға созылған шекарамыз тұңғыш рет шегенделіп, БҰҰ-ға тапсырдық. Шекарасы жоқ ел мемлекет емес. Шекарасыз ел болмайды.
Тағдырдың жазуымен әлемнің әр қиырына тарыдай шашылған 1 млн-нан астам қандасымызды елге қайтардық. Ол процесс әлі тоқтаған жоқ. Әлі де келіп жатыр. Келеміз деген азаматтардың барлығын Қазақстан құшақ жая қарсы алып, мүмкіндігінше көмектеседі», деді Тұңғыш Президент.
Отыз жылда атқарылған шаруа мол
Елбасы өз сөзінде ұзақ және қиын жолды жүріп өткенін еске салды. Мемлекет пен біртұтас қазақстандық ұлттың қалыптасуы осы жүріп өткен жолдың үлкен жетістігі саналады.
«30 жыл ішінде Қазақстан айтарлықтай әлеуметтік және экономикалық жетістіктерге жетті. Бұған, ең алдымен, нарықтық экономикаға көшудің және елді жаңғыртуға бағытталған түбегейлі реформаларды жүзеге асырудың нәтижесінде қол жеткіздік. Нарықтық реформалар, индустрияландыру және шетелден келген инвестиция өнімділікті арттыруға қозғаушы күш болды. Сондай-ақ экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қоғамның әлеуметтік бөлінісін азайтуға мүмкіндік берді», деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында этностық әртүрлілікті артықшылыққа айналдырып, өзінің ұлттық бірегей стандартын қалыптастырғанын атап өтті. Осы үдерістегі негізгі рөл, Елбасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктелген.
«Экономикалық өсім жоғары болған кезеңде құрылған Ұлттық қор қаржы саласындағы «қауіпсіздік қалқанымызға» айналды. Біз 1 400 жаңа аурухана мен емхана, 1 800 мектеп және 900 балабақша салу арқылы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарттық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттарын басшылыққа алып отыр», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Nur Otan партиясының пандемия кезіндегі жұмысына, сондай-ақ партияны қайта жаңғырту үдерісіне тоқталды.
«Біздің партия – басқару ісінде тәжірибесі мол және барлық өңірде кадрлық әлеуеті зор ең ірі саяси күш. Құрамының сапасы бойынша Nur Otan бүкіл Қазақстан қоғамының кескінін көрсетеді. Сондықтан біз алдағы уақытта да мемлекетіміздің және барша жұртымыздың әл-ауқатын арттыру үшін еңбек етуге ниеттіміз», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев партияның әрдайым негізгі үш қағиданы басшылыққа алғанын және алдағы уақытта да соны ұстанатындығын атап өтті. Бұл – жауапкершілік, жұдырықтай жұмылу, ортақ мұрат-мақсаттарға адалдық.
«Бүгін жарияланып отырған Nur Otan партиясының бағдарламасы – қаржылық, адами және басқа да ресурстармен қамтамасыз етілген және жан-жақты таразыланған өршіл мақсаттар мен міндеттер. Бағдарлама – қолға алған реформаларымыздың заңды жалғасы. Мен Тәуелсіздік жылдары әрдайым нақты мақсаттарды белгіледім. Соларға жету үшін түрлі қиындықты жеңіп, аянбай тер төгу керек деп айтып келемін», деді Nur Otan партиясының Төрағасы.
Елбасы партияның реформа жүргізу тәжірибесі мол және барлық жоспарларды жүзеге асыруға саяси ерік-жігері жеткілікті екенін баса айтты.
«Партияның жаңа бағдарламасы орындалады. Бұл құжат елді одан әрі жаңғыртуға және барлық қазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жол ашады. Сайлау науқанын ойдағыдай өткізу үшін партия республикалық және аймақтық штабтардың жұмысын үйлесімді ұйымдастыру қажет. Кандидаттар, белсенділер, сенімді өкілдер барлық аймақтарды аралап, әр сайлаушыға жетуі керек», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сондай-ақ Елбасы келер жылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатынын атап өтіп, бұл маңызды кезең екенін еске салды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарына тоқталды. Біз оны толық жүзеге асыруымыз керек. Бағдарламаны орындау арқылы қиындықтарды еңсеріп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттырып, еліміздің табысты дамуын қамтамасыз етуге жол ашуымыз қажет. Келер жылы ұлан-байтақ даламызда Тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 30 жыл толады. Бұл – өте қасиетті кезең. Ата-бабамыздың қанымен, аналарымыздың терімен келген. Сондықтан қолымызға түскен осы теңдесі жоқ алтынды алып жүру біздің мойнымызға жүктелген парыз.
Өткен ғасырда халқымыз түрлі алапатты бастан кешірді. Екінші дүниежүзілік соғыс, зұлмат ашаршылық, ұлт-азаттық қозғалыстар, қуғын-сүргін жылдарында 4 млн адам қыршын кетіп, 1,5 млн қазақ босқынға айналып, шет мемлекеттерге бас сауғалады.
Бұл – ұлтымыз үшін ауыр қасірет. Қай халық осындай қасіретті басынан кешірген екен?! Соған қарамастан, халқымыз ата-бабамыз қалдырған жерінде өзінің мемлекетін құрып отыр. Елордасын елдің ортасына әкеп орнаттық. Дүниеге елімізді паш еттік.
«Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен» өтіп, «мың өліп, мың тірілген», Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезінген халқымыздың енді не істесе де жолдасы сабыр мен ақыл ғана болуы керек», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі болуға партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің кандидатурасын ұсынды.
Бұдан әрі съезд жұмысын жүргізу Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке тапсырылды. Б.Байбек 18 қарашада өткен Nur Otan партиясы фракциясының отырысында «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша Премьер-Министрдің есебі тыңдалғанына тоқталды. Сонымен қатар саяси кеңес Nur Otan партиясының жарғысына праймериз өткізуге және партия доктринасын бұдан былай саяси платформа деп атауға қатысты өзгертулер мен толықтырулар дауысқа салынғанын жеткізді.
«Елбасының, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Единая Россия» партиясы төрағасы, Ресей федерациясы Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің, Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, Қытай халық республикасы басшысы Си Цзинпиньнің, Түркия президенті, Әділет партиясының төрағасы Реджеп Тайип Ердоғанның, Жапония премьер-министрі Йошихиде Сугенің және аймақтағы басқа да көшбасшы партиялар атынан құттықтау хаттар келіп түсті», деді Б.Байбек.
Бизнес пен қоғамды байланыстыратын көпір
Бұдан кейін жарыссөзге Nur Otan партиясының делегаттары қатысып, өз пікірімен бөлісті. Партияның Қарағанды облысы Ұлытау ауданы филиалының төрағасы, осы ауданның әкімі Берік Әбдіғалиұлы халқымыздың өте жауапты кезеңді бастан кешіп отырғанын жеткізді.
«Әлемге жайылған пандемия, саяси қайшылықтар мен қаржылық қиындықтар белең алды. Мұның бәрі – біздің елге де әсер ететіні сөзсіз.Осындай шақта отыз жылдық белесті еңсерген Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, мақсатымызды бір арнаға тоғыстыру – алдымызда тұрған ең өзекті мәселе.
Қазақ елі бүгінде – ұлт пен ұлыстың басын қосып, бір атаның баласындай татулық орнатқан шуақты шаңырақ. Бұл – шаңырақтың діңгегін көтеріп, өз қолымен уығын қадаған Елбасымыздың ерен еңбегі. Nur Otan партиясы «қайта жандануды» қолға алып, партияның алдын ала сайлауын өткізді.
Аудандық партия филиалының төрағасы ретінде арнайы осы праймеризге қатысып, өңірлік сайлауалды бағдарламамызды жерлестеріміздің алдында талқылап, қорғап шықтық.
Осы жолы республика бойынша әрбір аудан, қала, облыс партия филиалдары әрбір аймақтың ерекшелігін ескеретін 216 өңірлік арнайы бағдарламасын қабылдап, ел алдында соны орындауға міндет алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы таныстырған Партияның сайлауалды бағдарламасы – осы құжаттардың жиынтығы деп айтуға әбден болады.
Мемлекет басшысының жақында ғана жариялаған Жолдауындағы реформаларға негізделген кесек-кесек бағыттардан тұратын бұл құжат – іске асыруға ыңғайлы, барлық шығындары есептелген нақты бағдар. Маңыздысы, қарапайым азаматтарды мемлекеттік деңгейдегі шешім қабылдауға және оларды жүзеге асыруға араластыру көзделген.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Nur Otannyń «тікелей байланыстың» жаңа форматтарын енгізіп жатқаны қуантады. Бұл, бір жағынан, қоғамның жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға ықпал етеді.
Ауылдың тұрғыны ретінде бағдарламада «Ауқатты ауылдар» бөлімнің болғаны қатты қуантады. Өйткені Ауыл – ұлтымыздың берекесі. Ауылдың өмір сапасын жақсарту – ең алдымен халықтың өзі жиі көтеретін газ, ауыз су, жол, интернет пен мобильдік телефон байланысы мәселелерін шешу. Осының бәрімен ауылдарды жақын арада қамту бағдарламада нақты қарастырылған.
Дәл осындай шешімдер экономикамыздың басқа бағыттарына да арналған. Бұларды ойдағыдай іске асыруға Президент жанындағы Жоғарғы экономикалық кеңес, жақында құрылған Стратегиялық жоспарлау және Бәсекелестік агенттіктері сияқты нақты тетіктері үлкен сеп болады деп сенеміз», деді Б.Әбдіғалиұлы.
Сондай-ақ жиын барысында Алматы облысы Жамбыл ауданына өткен праймериз жеңімпазы, белгілі журналист, 9 баланың анасы Әлия Әбсеметова сөз сөйледі.
«Бүгінгі съезде сіздердің алдыңызда сөз сөйлеу мен үшін зор қуаныш. Мен – көпбалалы анамын, журналиспін әрі волонтермін. Алматы облысының Қарғалы ауылынан осынау үлкен мінберге праймериз арқылы келіп отырмын.
Соңғы үш ай мен үшін үлкен қарбаласпен өтті. Өзім тұратын аудандағы 24 ауылдық округті түгел аралап, тұрғындармен кездестім. Оларға партиямыздың бағдарламасын түсіндірдім, аманаттарын жинадым. Дебат кезінде партияның сайлауалды бағдарламасын жан-жақты талдап, айтып бердім. Осының арқасында үш кезеңнен де сүрінбей өттім. Меніңше, жаңа ғана Президентіміз ұсынған партияның бағдарламасында айтылған «баршаға тең мүмкіндік беру» деген осы.
Бағдарламадағы «әйелдердің басшылық орындардағы үлесі 30 пайызға жетеді» деген мақсаттың орындалатына толық сенемін. Сөзіне қашанда ісі сай Nur Otan партиясы үшін қазақстандық әйелдердің қоғамдағы рөлі күшейгені өте маңызды», деді Ә. Әбсеметова.
Бұдан кейін сөз кезегі Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовке берілді.
«Елбасы жетекшілік ететін партия бизнес пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпірге айналды. Қазіргідей дағдарысты кезеңде бизнес өкілдеріне ең әуелі тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенім қажет. Оны біздің Nur Otan партиясы ғана бере алады.
Жаңа ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының баяндамасында айтылғандай, партияның бағдарламасында шағын несиелер санын ұлғайту, салықтар санын қысқарту, салық салуда цифрлы технологияларды енгізу сияқты көптеген ұсыныстар бар. Мұның бәрі елдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға, яғни ұлттық экономиканы күшейтуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Нұрсұлтан Әбішұлы, сіз жүргізген реформалардың нәтижесінде, елімізде іскерліктің өркендеуіне барлық жағдай жасалды. Біз нарықтық экономикаға көштік, отандық кәсіпкерліктің тұтас буыны қалыптасты, жаңа өндіріс орындары ашылып, Индустрияландыру бағдарламасы, Бизнестің жол картасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Осы жылдары ел экономикасына 330 млрд доллар тікелей инвестиция құйылған. Сіздің бастамаңызбен қазақстандық бизнесті біріктірген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылды», деді А.Мырзахметов.
Жиын барысында Петропавл қаласында өткен праймериздің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жеңіл атлетикадан Азия чемпионы Ирина Эктова да өз пікірімен бөлісті.
«Достарыммен бірге Biz Birgemiz акциясына қатыстым. Біз волонтер болып, қаламыздағы жүздеген отбасына бардық. Азық-түлік жеткізіп, ыстық тамақ тасыдық. Осындай игі істер арқылы партия адамдарға жақындай түсті.
Мен – Jas Otannyń белсендісімін, бірақ саясатқа жақында ғана қызығушылық таныта бастадым. Өз еліме депутат ретінде пайда әкелгім келеді. Сондықтан праймеризге қатысып, күшімді сынап көремін деп шештім. Бұл мен үшін нағыз жарыс.
Нәтижесінде, Петропавл қаласы бойынша әйелдер мен жастар арасында бірінші орын алдым. Маған сеніп, дауыс бергендердің барлығына рахмет айтқым келеді», деді И.Эктова.
Сонымен қатар съезде белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов та сөз сөйлеп, Nur Otan бос сөзге емес, іс тындыруға ұмтылатын партия екенін жеткізді.
«Қазақ деген ырымшыл халықтың баласымын ғой, осыны жақсылыққа балап, көңілдегі көркем ойды ақтарсам деймін. Тәуелсіздік алған жылдары мен мектеп табалдырығын енді аттаған бала едім. Көк байрақтың астында өсіп-жетілгенімді Жаңа дәуірдің ұрпағы екенімді мақтаныш етем!
Бүгінде біздің Қазақстан – төрт құбыласы тең, ырысы толық, бірлігі мығым ел. Осы жылдардағы олжамызды түгендесек, ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасын шегеледік. Арқаның төсіне астанамызды салдық. Тоқсаныншы жылдары халықтың үштен бірі ғана болған қазақтың саны бүгінде 70 пайыздан асты. Аз жылда басқа елдермен тереземіз теңесті. Төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің құрметі өсті», деді М.Ниязов.
Айтыскер ақын өз сөзінде жыл сайын партияның қолдауымен «Алтын домбыра» республикалық айтысы, ел ішінде әртүрлі республикалық және аймақтық айтыстар өтетініне назар аударды.
«Биыл тұңғыш рет өткен партияның алдын-ала сайлауы – праймеризді мен айтысқа ұқсатамын. Ел аумағында өткен айтыс-дебаттарды дүйім жұрт тамашалады. Пікірталастар ашық және әділ өтті. Белгілі айтыскер ағаларымыз – Арқаның сал-серісі Аманжол Әлтаев пен айтыстың Ақтаңгері Айбек Қалиев саяси додада жүзден жүйрік шығып, жеңіске жетті.
Nur Otan осылайша тыңнан түрен салып, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды қоғамдық істерге тартып, ел саясатына араласуға ұйыстырып жүр. Соңғы жарты жылда барлық аймақта партияның өңірлік бағдарламалары талқыланды, халық сүзгісінен өтті. Мен де Қызылорда қаласының және облыстың бағдарламасын дайындауға үн қостым. Бірде-бір партия дәл осындай халықтық талқылаудан өткен, әр ауыл, әр аймақтың мәселесін шешуді көздеген 216 бағдарлама жасаған емес», деді М.Ниязов.
Сонымен қатар ол партияның Республикалық бағдарламасы өзінің кешенділігімен, нақты азаматтарға арналғандығымен өзгеше деп есептейтінін жеткізді.
«Халықтың мүддесін түгендейтін, қоғамның талап-тілектерін ескерген құжат бұл. Оның ішінде мәдениеті биік, ойы озық қоғам құруға арналған бөлігі көңілімнен шықты. Nur Otan ақын-жазушыларды, драматург-сценаристерді, шығармашылық тұлғаларды қолдайды. Яғни халықтың ар-ұжданын ойлайды. Ұлттық тарих пен мәдениетті қастерлеп, кино, мұражай мен кітапханаларға қамқорлық жасайды. Мұның бәрі партия бағдарламасында тайға таңба басқандай анық жазылған.
Рас, алдағы бес жылдың жүгі ауыр. Бір қазан сүттің бір қасық ұйтқысы болады. Nur Otan бос сөзге емес, іс тындыруға ұмтылатын партия! Әрдайым жабырқағанның жанынан табылып, жәрдем беріп келеді. Сондықтан елдің тыныштығы мен берекесін ойлаған азаматтар Елбасы мен Мемлекет басшысының саясатын, партияның бағытын қолдайды. Жамандықты амандық жеңеді, тату елге тақсырет жуымайды», деді М.Ниязов.
Кандидаттар тізімі бекітілді
Съезд барысында Мәжіліс сайлауына Nur Otannyń партиялық тізімі бекітілді. Тізімде 126 кандидат бар. Олардың ішінде 77 кандидат партияішілік праймериз қорытындысы, ал 49 адам орталық партиялық квота бойынша анықталды.
Кандидаттардың жалпы тізімінде Парламент Мәжілісінің қызметтегі депутаттары 20 пайыздан аспайды. Мемлекеттік басқару саласының өкілдері – 13 пайыз, білім және денсаулық сақтау саласы – 12 пайыз, үкіметтік емес ұйымдар – 9 пайыз және өнеркәсіп өкілдері 8 пайызды құрады.
Сондай-ақ тізімдегі экономистер үлесі – 28 пайыз, заңгерлер – 20 пайыз, кәсіпкерлер – 17 пайыз. Ал 21 үміткердің ғылыми дәрежесі бар, оның ішінде 10-ы – ғылым докторы, 11-і – ғылым кандидаты. Тізімдегі кандидаттардың үштен бірі – әйелдер. Кандидаттардың орташа жасы бұрынғы партиялық тізімдермен салыстырғанда 4 жылға төмендеп, 48 жасқа жетті.
Еске сала кетейік, Nur Otan партиясының праймеризіне 10 мыңнан астам кандидат, ал республикалық онлайн-дауыс беруге 662 мыңнан аса адам немесе барлық нұротандықтардың 84 пайызы қатысты.
Оның қорытындысы бойынша 6 253 адам Nur Otannyń барлық деңгейдегі 216 мәслихатқа арналған партиялық тізіміне енді. Талдау көрсеткендей, өңірлік партиялық тізімдерде әйелдердің үлес саны 22-ден 34 пайызға дейін, жастар – 3,5 есе, 7-ден 24 пайызға дейін артты. Орташа жасы мәслихаттардың қызметтегі құрамымен салыстырғанда 7 жасқа – 51-ден 44-ке дейін жасарды. Партиялық тізімдердің 24 пайызын мәслихаттардың қызметтегі депутаттары құрайды, ал 76 пайызы – жаңа тұлғалар.
Бұл ретте партияға 42 мыңнан аса жаңа мүше қосылды. Олардың 1000-нан астамы партияішілік сайлауға қатысып, әрбір үшіншісі Nur Otannyń партиялық тізіміне енді.
Халықтың белсенді қатысуының арқасында праймериз барысында Nur Otan партиясының 216 өңірлік сайлауалды бағдарламасы талқыланып, қабылданды. Онда азаматтардан түскен 17 мыңнан астам ұсыныс ескерілді.