Алматыда онлайн жүйеде өтіп жатқан ауыр атлетикадан ел чемпионатының төртінші жарыс күні мәресіне жетіп, жеңімпаз бен жүлдегер атанған спортшылардың есімі белгілі болды.
Ерлер арасында 73 кг салмақта шымкенттік Александр Уваровқа тең келер ешкім табылмады. Ол қоссайыста 308 кг-ны (139+169) еңсеріп, ел чемпионы атанды. 2019 жылы АҚШ-та өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған Ақмолда Сайрамкез 297 кг (127+170) зілтемірді басынан асыра көтеріп, екінші орынға табан тіреді. Үшін орын 293 кг (133+160) көтерген алматылық Пётр Хребтовке бұйырды.
Әйелдер арасында 76 кг-да бірқатар халықаралық жарыстың жеңімпазы Екатерина Быкова үздік атанды. Шығысқазақстандық спортшы қоссайыста 209 кг (89+120) зілтемірді бағындырды. Күміс жүлде Анжела Чалкароваға (205 кг), қола медаль Арай Нұрлыбековаға (204 кг) бұйырды. 81 кг-да Карина Кузганбаева (220 кг) дара шықты. Екінші орынды Ольга Пастухова (212 кг) иеленсе, үздік үштікті Айым Есжанова (211 кг) түйіндеді.