Орта салмақтағы IBF және IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) келесі жекпе-жегін 18 желтоқсанда польшалық Камил Шереметамен (21-0, 5 КО) өткізетіні белгілі болды.
Бұл туралы отандасымыздың жекпе-жегін тікелей эфирде ұсынатын DAZN стримингтік арнасы ресми түрде хабарлады. Пандемияға байланысты және түрлі себептермен бірнеше рет кейінге шегерілген жекпе-жек АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан Hard Rock Holly казино-қонақүйінде өтеді. Бұл айқаста Головкин өзінің IBF белбеуін қорғап қалуға тырысады.
Айта кетейік, Головкин кәсіпқой шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегін 2019 жылдың қазанында украиналық Сергей Деревянченкомен өткізіп, ұпай санымен басым түскен болатын. Дәл осы бокс кешінде өнер көрсеткен Шеремета мексикалық Оскар Кортесті нокаутпен жеңген еді.