2012 жылдың 1 желтоқсанында елімізде алғаш рет Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күні мемлекеттік мереке ретінде атап өтілді. Мұндай елеулі күн – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына және мемлекетіне сіңірген орасан зор еңбегіне деген ерекше құрмет.
Ұлт Көшбасшысының тұрақты және жүйелі негізде атқарып келе жатқан өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде Қазақстан серпінді даму жолына түсті, саяси, экономикалық және әлеуметтік, оның ішінде денсаулық сақтау саласы жаңғыртылды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өте отырып, Елбасымызға, мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосқан тарихи еңбегіне құрмет көрсетеміз.
Қазақстанның және Тұңғыш Президенттің айрықша жетістігі – жаңа елорда – Нұр-Сұлтан қаласының салынуы. Өткен 22 жыл ішінде қатардағы облыс орталығының орнында қала құрылысы, сәулет саласындағы барлық әлемдік талаптарға, сондай-ақ осындай деңгейдегі және мәртебелі қалаларға қойылатын басқа да талаптарға сәйкес астаналық функциялары бар заманауи іргелі қала пайда болды. Нұр-Сұлтан тәуелсіз Қазақстанның айшықты келбетіне айналды. Елорда бүкіл республика өмірінің реңі мен қарқынын белгілейді. Елорданы көшіру Тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің даму барысын айқындап берген дәуірлік оқиға болды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетті басқарған кезеңде Қазақстан ұлы жетістіктерге қол жеткізді.1991 жылдан бастап Қазақстан экономикасы 20 есеге жуық өсті, бір жарым мыңнан астам мектеп, екі мыңнан астам емхана мен аурухана, мыңға жуық балабақша салынды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 67 жастан 73 жасқа дейін өсті. Осының барлығы Елбасының сындарлы саясаты арқасында жүзеге асты.
Тұңғыш Президенттің басшылығымен елімізде бұрын-соңды болмаған 14 500 шақырым жол салынды және қайта жөнделді. Бұл жай жолдар емес, бетон жолдар, автобандар. Бұрын бес-алты сағатта еңсерілген жолды қазір екі-үш сағатта жүріп өтеміз. Сондай-ақ 2 500 шақырым темір жол, Каспий теңізінде екі порт салынды. Бұл бағытты сақтау ғана емес, дамыту да маңызды. Автожол құрылысының кейбір жобаларына мен өзім де қатыстым. Сол кезде елдің экономикалық, индустриялық әлеуетінің қаншалықты артқанына көз жеткіздім.
Тұтастай алғанда, егер Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Тұңғыш Президент, Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған табысты реформалар мен жетістіктерді өте ұзақ уақыт атап өтуге болады. Бүгінде Қазақстан асқаралы биіктерден көрініп, халықаралық аренадағы беделінің биік болуы Нұрсұлтан Назарбаевтың дипломатиялық қарым-қатынастағы еселі еңбегінің нәтижесі екендігі сөзсіз. Шынында да, бұл тарихи өлшемдер бойынша қысқа мерзім, бірақ Қазақстан осы жылдар ішінде егеменді даму жолында маңызды қадамдар жасады және айтарлықтай жетістіктерге жетті.
Менің ойымша, еліміздің әрбір азаматы үшін Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің маңызы зор. Бұл – Қазақстандағы халық бірлігі мен келісім күні. Еліміздің Тұңғыш Президенті тарихқа егемен Қазақстанның барлық жетістіктерімен байланысты Тұлға ретінде, бүкіл қызметі өз халқына қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылатын әлемдік ауқымдағы көрнекті саясаткер ретінде мәңгілікке енді.
Ерік СҰЛТАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты