• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Қараша, 2020

Келер жылы тариф көтерілмейді

165 рет
көрсетілді

...Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев осылай деді. Яғни тарифтерге қатысты өзгеріс күтіліп отырған жоқ.

Оның айтуынша, осы жылдың қаңтарында халық үшін тарифтердің өсуі тежелді. Әйтпесе, коммуналдық қызметтер тарифінің орташа жоспарлы өсімі 15,5 пайызды құрауға тиіс еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған шаралардың нәтижесінде тарифтердің өсуі 2019 жыл­ғы қаңтармен салыстырғанда рес­публика бойынша орта есеппен 0,5 пайызды құрады. Тек электрмен жаб­дықтауда ғана 5 пайыздық өсім тір­кел­ген. Бұған стансалардың шекті тариф­те­рінің орта есеппен 15 пайызға өсуі себеп болған.

– Комитет тарифтердің өсуін тежеу үшін 400-ден астам монополистің қыз­метіне талдау жүргізді. Соның нәти­жесінде барлық өңірдегі субъек­ті­­лерге жалпы сомасы 16,4 млрд тең­геге уақытша өтемдік тарифтер бекітілді. Бұдан бөлек, басым бағыт­та­ры жоқ мо­но­полистердің жекелеген шы­ғыс­тары 10,4 млрд теңгеге оңтай­лан­дырылды. Осылайша, халық шамамен 27 млрд теңге үнемдейді, – деді ол.

Комитет төрағасының айтуынша, биыл­ғы төтенше жағдай кезінде тарифтер орта есеппен 7,4 пайызға төмендеген. Сөйтіп, бір айда тұтынушылар 1 млрд теңге үнемдеді.

– Президент тапсырмасына сәйкес 1 сәуірден бастап төтенше жағдай және карантин кезеңінде республика бойынша сумен жабдықтау тарифі 8 пайызға, су бұру тарифі 9,3 пайызға, жылумен жабдықтау тарифі 7,6 пайызға, электрмен жабдықтау тарифі 5 пайызға тө­мен­деді, – деп нақтылады Асан Дарбаев.

Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде монополистерге қарызы бар тұтынушыларды коммуналдық қызмет­тер­ден ажыратпау ұсынылды.

Монополист демекші, оларға осы жылдың он айында 1,11 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның жартысына жуығы төленіп, мемлекеттік қазынаға түскен. Жалпы, жыл басынан бері табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін монополистерге қатысты 412 қаулы шығарылған.

– Азаматтық істердің жалпы саны 267-ні құрады. Оның 77 пайызы ко­митет­тің пайдасына шешілді. Заң­ды және жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштерді қарау аясында моно­по­лис­­­терге қатысты жоспардан тыс 66 тек­серу жүргізілді. 42 жағдайда бұзу­шылықтар анықталды. Тиісінше, олар әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ды. Өтініштерді талдау бойынша заң­на­­маны бұзу туралы 319 ұйғарым шы­ға­рыл­ды. Оның 213-і орындалды, – деді комитет төрағасы.

Бұл ретте, қызмет көрсетуші компаниялар инвестициялық бағдар­лама­ларды жүзеге асыратыны белгі­лі. Комитет олар­дың орындалуын ба­қы­лау­ға ерекше көңіл бөледі. Субъ­ек­т тарифті алған соң жаңғырту және дамыту бойынша бел­гілі бір міндеттемелерді орындамаған жағ­дай­да Табиғи монополияларды реттеу комитеті өтемдік тариф енгізе алады. Яғни игерілмеген қаражатты тұты­ну­шы­ларға қайтаруы керек болады.

– Былтырғы субъектілердің тариф­тік сметалары мен инвестициялық бағ­­­­­­дарламаларының орындалуына тал­­­­дау жүргізілді. Нәтижесінде, кей­бір міндеттемелердің орындалмағаны анық­­­тал­ды. Осыған байланысты бүгінде рес­публика бойынша 12,4 млрд теңгеге 300-ден астам субъектіге уақытша өтем­дік тарифтер бекітілді. Оның ішінде тарифтік сметаны орындамағаны үшін – 9,08 млрд теңге, инвестициялық бағ­дар­ламаларды орындамағаны үшін 3,34 млрд теңге белгіленді. Өз кезегінде бұл 12 аймақтағы тарифтердің төмендеуіне әсер етті, – деді Асан Дарбаев.

Сондай-ақ жылу беру кезеңіндегі сырт­қы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жыл сайын артық төленген ақша қайтарылады. Өткен жылыту маусымының қорытындысы бо­йынша тұтынушыларға 737 млн теңгеге жуық қаржы қайтарылған.