Өткен сенбінің таңы қазақстандық спорт жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалықпен басталды. Кәсіпқой бокс шаршы алаңында өнер көрсетіп жүрген әйгілі отандасымыз Данияр Елеусінов АҚШ төрінде өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, екі тұжырым бойынша әлемнің экс-чемпионы намибиялық Джулиус Индонгодан басым түсті. Данияр азулы қарсыласын жай жеңіп қана қоймай, екі раундта екі рет есеңгіретіп, техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
Бұл екі боксшының жекпе-жегі әу баста осы жылдың наурыз-сәуір айларының бірінде өтуі тиіс болған. Алайда әлем жұртына қауіп төндірген коронавирус пандемиясының салдарынан айқас бірнеше рет кейінге шегеріле берді. Десе де уәде етсе орындамай қоймайтын промоутер Эдди Хирн Даниярға бәрібір осы бокс кешін ұйымдастырып, жігіттік сертінен айнымады. Ал Елеусінов өз кезегінде қазақстандық жанкүйерлердің де, өзіне сенім артқан промоутердің де сенім үдесінен шыға білді.
Намибияның Виндхук қаласында дүниеге келген 37 жастағы Джулиус Индонго кәсіпқой бокста 2009 жылдан бері бақ сынап келеді. Ең алғаш жеңіл салмақта өнер көрсеткен ол ірі жекпе-жегін жартылай орта салмақта өткізді. Кәсіби шаршы алаңдағы 20 жекпе-жегін өз отанында өткізген ол тек 2016 жылдан бастап шетелде жұдырықтаса бастады. Сол жылы шаршы алаңда бірде-бір рет жеңілмеген ресейлік боксшы Эдуард Трояновскимен кездесіп, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы деген атақтарға қол жеткізді. Сөйтіп кәсіпқой бокс әлемінде сенсация жасады. Араға бір жыл салып Индонго WBA белдігінің иегері британиялық танымал боксшы Рики Бёрнсті де жеңіп, жартылай орта салмақтағы үш бірдей белдіктің иесі атанды. Бұл оның отанынан тысқары елде өткізген небәрі екінші жекпе-жегі еді. Екі жылдың ішінде әлемнің бокс жұлдызына айналған ол мұнымен тоқтап қалғысы келмей, 2017 жылдың тамыз айында әлемнің абсолютті чемпионы атану үшін америкалық әйгілі боксшы Теренс Кроуфордты жекпе-жекке шақырды. Өзіне тым сенімді болған намибиялық боксшы үшінші раундта Кроуфордтың соққысына тап болып, оңбай жеңілді. Осылайша Индонго бір сәтте белдігінен де, абыройынан да айырылып қалды. Ал 2018 жылдың наурызында тағы бір америкалық боксшы Реджис Прогрейспен WBC белдігіне таласып, бұл жолы да техникалық нокаутпен жеңіліп тынды.
Жыл басында Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста көргені мен түйгені мол боксшымен жұдырықтасады дегенді естігенде «қалай болар екен?» дегендер аз болған жоқ. Өйткені отандасымыздың бұған дейінгі боксы біздің де, жанкүйерлердің де көңілінен аса шыға қойған жоқ еді. Бокс мамандары да Даниярға мықтылармен шығу үшін әлі де аралық жекпе-жек өткізу керек деген пікірлерін айтқан болатын. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, Даниярдың дәл қазіргі бабы бізге қарағанда жанында жүрген жаттықтырушысы әрі әкесі Марат Елеусіновке ғана мәлім ғой. Баласын бұл жекпе-жекке дайын деп есептеген әке бұл кездесудің өтуіне қарсы болмаған.
Даниярдың жекпе-жегін көргенде оның жұдырықтасу мәнері аздап өзгергеніне куә болдық. Бұрынғыдай қолын төмен түсіріп жүру деген атымен жоқ. Үнемі екі қолын жоғары көтеріп, бетін соққыдан қорғап жүрді. Сондай-ақ ол әдетте артқа шегіне жүріп, екінші нөмірмен жұдырықтасатын. Ал бұл жолы тек алға ұмтылып, рингтің қожайыны екенін қарсыласына ұқтырғандай болды. Бірінші раундтың орта тұсында сол қолының соққысымен қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші раундта да дәл осы жағдай қайталанды. Үш минуттың алғашқы бір минуты түгесілгенде Елеусіновтің сол қолымен жұмсаған екі соққысы қарсыласына дәл тиіп, намибиялық боксшы тағы да есін жоғалтып алды. Төреші есеп ашып, санағын аяқтаған соң Индонгоның әлсірегенін көріп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.
Осылайша жерлесіміз карьерасындағы ең алғашқы маңызды кездесуін сенімді жеңіспен аяқтап, орта салмақтағы IBF Intercontinental белбеуін беліне тақты. Сондай-ақ ол барша жұртқа рейтингте жоғары орында тұрған кез келген боксшымен жұдырықтасуға қауқары бар екенін дәлелдеді. Ал Джулиус Индонго кәсіпқой бокстағы үшінші жеңілісінің кермек дәмін татты.