• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Медицина 30 Қараша, 2020

Медицина саласына тың серпін береді

182 рет
көрсетілді

Бүгінде коронавирус індетінің алдын алу үшін елімізде тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар қауіпті індетке қарсы отандық вакцина шығару қазіргі кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында. Бұл орайда қазір Жамбыл облысында Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институтының жанындағы отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Қордай ауданы Гвардейский ауылында орналасқан аталған зауыт Президент тапсырмасына сәйкес салынуда. Бұл жоба тұрғындардың өмірін қауіпті індеттен қорғау мақ­сатында қолға алынып отыр. Зауыт­тың құрылыс-монтаждау жұмыста­ры осы жылы аяқталады. Қазіргі уақытта нысанға барлық инженерлік коммуникациялар желісі жүргізілген. Бұл жерде жұмысқа 145 адам күші мен 30 бірлік техника тартылған. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бас­тайды деп жоспарлануда. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес им­му­но­биологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус індетіне, тұмауға, туберкулезге, бруцел­лезге, нодулярлық дерматитке және бас­қа да инфекциялық ауруларға қарсы вак­циналар шығарылады. Жыл сайын био­препараттардың 30-60 млн дозасын өндіру жоспарланған.

Қазіргідей күрделі кезеңде мемле­кеттің қолдауы медицина саласына тың серпін беруде. Нәтижесінде, өңірде қауіпті індетпен күрес күшейген. Індеттің қайталануы ық­тимал екінші кезеңіне де дайындық басталып кетті. Кезінде перинаталдық орталық болған ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде Тараз қалалық көп­бейінді ауруханасы болып қайта жаб­дықталған. Аталған мекемеге 200 медициналық көп­функционалды төсек, компьютерлік томо­граф, 20 өкпені жасанды желдету ап­параты, 2 дефибриллятор, қандағы газ­дар мен электролиттерді анық­тайтын автомат­тандырылған анализатор, оттегі стансасы және 30 реанимациялық төсек сатып алынған.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қар­ма­сының басшысы Әсет Қа­лиевтің айтуынша, өңірде инфек­циялық станционардан бүгінде 4 149 адам сауығып шыққан. Алайда осы уақытқа дейін тәулігіне 10 адам қауіпті індетті жұқтырған болса, әзірге сол көрсеткіш қайталануда. Коронавируспен күресте жер­гілікті бюджеттен қомақты қара­жат қарастырылған. Мәселен, меди­циналық мақсаттағы құрал-жаб­дықтар­ды сатып алуға 1,6 млрд теңге бөлінген. Ол қа­ражатқа 2 экстрокорпаралды мембран­ды окси­генация аппараты, 100 көпфунк­цио­налды кереует, 14 өкпені жасанды желдету аппараты, 4 цифрлы рентген ап­параты, 4 оттегі стансасы және тағы да бас­қа меди­циналық жабдықтар алынуда. Со­нымен қатар республикалық бюджеттен Жам­был облысының жедел жәрдем стансасына 66 медициналық көлік лизинг бойынша берілген. Осы уақытқа дейін өңірдегі жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткені туралы түрлі деңгейде мәселе көтерілген болатын. Ен­ді сол олқылықтың орны толып, жедел жәр­дем көліктері де жаңартылды.

Сондай-ақ бүгінде 53 өк­пені жасанды желдету аппараты, 8 жылжыма­лы ме­ди­циналық кешен алынған. Бас­қар­ма бас­шысы қазіргі кезде өңірдегі 78 меди­ци­на­лық ұйымға 6 млрд теңге көлемінде дәрі­лік заттар мен медициналық бұйымдар жет­кізілгенін айтты. «Ал медициналық ұйым­дар бойынша айтар болсақ, олардың 34-і басқармаға қарайды. Сонымен қатар 35 ұйым – жекеменшік, қалған 9 ұйым – әскери-медициналық ұйымдар. Аталған ­ 6 млрд теңгенің 1,1 млрд теңгесі корона­ви­рус індетімен ауырғандарды емдеу және алдын алу үшін дәрілік заттар мен меди­ци­налық бұйымдар алуға арналған», дейді Ә.Қалиев.

Ал қазір медициналық бұйым­дар­ды ірі жеткізушілердің бірі саналатын «Super-pharm» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің зауыты да қауіпті індетпен кү­реске өз үлесін қосуда. Аталған нысан елі­міздің Үдемелі индустриялық-иннова­ция­лық дамыту бағдарламасы аясында 2011 жылы пайдалануға берілген. Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданында орналасқан кәсіпорынның өн­дірістік қуаты жылына шамамен 200 млн медициналық мақсаттағы бұйым шы­ға­руға жетеді. Өндіріс орнында 480 адам жұ­­мыс істейді. Енді жыл соңына дейін жұ­мыс­­шылар санын 600-ге дейін арттыру жос­­парлануда. Кәсіпорын бір реттік мас­­калар, бір реттік төсектік орын жапқыш-жиын­­тықтарын, бахилалар, комбинезон­дар мен бас киімдер, операциялық халат­тар секілді барлығы 300-ге жуық бұйым тү­рін шығарады.

 

Жамбыл облысы