Таяуда Қытайдағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралы елдегі кедейшілік мәселесі толыққанды шешілгенін мәлімдеді. Бұл ел басшысы Си Цзиньпиннің 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындарды кедейліктен құтқару туралы уәдесіне сай келеді. Дегенмен, Қытай расында да кедейшілікпен біржола қоштасты ма? Бұл сұрақтың жауабынан күмәні көп болып тұр.
Қытай ұзақ уақыт бойы әлемдегі кедейлері көп елдердің қатарына кіріп келген-ді. Сол себепті абсолютті кедейлікпен күресу Си Цзинпинь саясатының басты бағыттарының біріне айналды. Осыған байланысты 2020 жылдың аяғына дейін елдегі кедейшілікпен күресіп, кірісі төмен отбасы болмайтынына уәде берген-ді. Осы саясат аясында Си Цзинпинь 2014 жылы елдегі 832 ауданның әлеуметтік жағдайын жақсартуға кірісті.
Қытай басшысының осы жылды таңдауы бекер емес. Келер жылы Коммунистік партияның құрылғанына 100 жыл толады. Бұл айтулы дата кең көлемде, жарқын жетістіктермен атап өтілуі тиіс.
Өткен дүйсенбіде Синьхуа агенттігі кедей аудандар тізіміндегі соңғы 9 аймақтың тұрмысы жақсарғанын хабарлады. Олардың бәрі Гуйчжоу провинциясында орналасқан. CGTN арнасы өз кезегінде Қытай межелі мерзімнен бір ай бұрын кедейшіліктен құтылу жоспары орындалғанын айтып, жарияға жар салды. Сыртқы істер министрінің өкілі Чжао Лицзянь баспасөз жиынында Қытайдың алға қойған мақсаты орындалғанын жеткізді.
Global Times газетіне сұхбат берген сарапшылардың бірі кедейшілікпен күрестің қаншалықты табысты аяқталғанын білу үшін уақыт керек екенін айтады. Оның пайымдауынша, Бейжің билігі кең көлемді зерттеу жүргізуі тиіс. Яғни, оның қорытындысы 2021 жылдың ортасына таман ғана анықталады. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, мәселе кедейлік шегін анықтауды есептеуге келіп тіреледі. Қытай билігі абсолютті кедейлік деңгейіне жылдық табысы 2300 юаньға жетпейтін тұрғындарды жатқызады. Ал Әлемдік банктің есептеуі бойынша жылдық табысы 700 долларға жетпейтіндер өте кедейлер тізіміне кіреді. Яғни, Бейжің билігі кедейлерді анықтау тәсілі әлемдік стандарттан өзгеше болып тұр.
Жан басына шаққандағы ұлттық жалпы кірістің (GNI) ел ішіндегі айырмашылығы үлкен. Мәселен, бүкіл ел бойынша бұл көрсеткіш 10 410 долларға тең. Ал ауылды жерлердегі тұрғындардың жылдық орташа табысы 2440 долларды құрайды. Айырмашылық өте үлкен. Тіпті үлкен қалалардағы тұрғындардың табысында да айырмашылық орасан. Мәселен, Бейжің, Шанхай секілді мегаполистердің табысы анағұрлым артық.
Оның үстіне, Қытай кедейшілікті жеңген күннің өзінде елде тұрмысы төмен отбасылар өте көп. Қытай премьер-министрі Ли Кэцян мамырда 600 миллион қытайлықтың ай сайынғы орташа табысы 1000 юань деп мәлімдеген. Демек, ел халқының 40 пайыздан астамының табысы 150 долларға жетер-жетпес.
Бұдан бөлек, Бейжің билігінің кедейлікпен күрес тәсіліне де сұрақ көп. Кейбір кедей аудандарда ауыл тұрғындарын түгелдей жаңа мекенге көшірген оқиғалар тіркелген. Осылайша тұрмысы төмен өңірлерде жаңа жұмыс орнын ашып, жол салып, ауыз су жеткізудің орнына халықты жағдайы жақсы аудандарға апарып орналастырған.
Әйтсе де, Қытай тарапы кедейшілікпен күресте қол қусырып отырды деуге келмес. Си Цзиньпин 2014 жылы өз жоспарын жариялағаннан кейін қыруар шаруа атқарылды. Былтыр 1 миллионға жуық тұрғынға таза ауыз су жеткізілді. Алыс елді мекендерге апаратын жаңа жолдар салынып, олардың ұзындығы 4,2 миллион шақырымды құрады.
Бір қызығы, Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары кедейлікті жеңдік деп қуанып жатқанына қарамастан, елдегі басты билік бұл туралы үнсіз. Сарапшылар мұның басты себебі Коммунистік партия алға қойылған мақсаттың қаншалықты нақты орындалғанына көз жеткізуді көздеуінде жатыр деп есептейді.
Қорыта айтқанда, кедейлікпен күрестің нәтижесі ресми түрде айтылмағанымен, көп ұзамай-ақ Қытай билігі бұл туралы арнайы мәлімдеме жасайтынын болжау қиын емес.