• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Елбасы 01 Желтоқсан, 2020

Нұрпаис Жарқынбай: Нұрсұлтан Назарбаевтың есте сақтау қабілетіне таңғалғанбыз

373 рет
көрсетілді

Жақында қырғыздын алғашқы ұлттық газеті «Қырғыз Туы» өзінің шыға бастағанының 96 жылдығына арналған жиын өткізді. Жиынға газеттің ардагер журналистері де келген болатын. Жиын аяқталған соң, ұзақ жыл редакцияда әдебиет бөлімін басқарған, публицист, қырғыз еліне танымал ақыны6 Нұрпаис Жарқынбай ағамен әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіме барысында бұдан ширек ғасыр бұрынғы оқиғалар да қозғалды.

Мен бұл газетке 1993 жылдың қара­шасында хатшылыққа әдеби қызметкер санатында макетші болып орналасып, қырғыз тілін ауызша білгеніммен, жазуын жаңадан үйреніп жүрген кезім. Желтоқ­сан айында Нұрпаис Жарқынбайдың Қа­зақ­станның Тәуелсіздік күніне арналған «Энелер казан асканда, очокто оту бир күйгөн» деген мақаласы жарық көрді. Мен сонда «бир күйгөнге» түсінбей ағай­дан мағынасын сұраған едім. Ағай «Апалар қазан асқанда, ошақта оты бір жанған» деп аударып берген. Біз осыны еске түсірдік. Мақалада қырғыз бен қазақтың бауырластығы, іргесін жаңадан қалаған қазақ мемлекетінің алғашқы қадамдары, елдің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың қайраткерлігі сөз болған. Мен әңгіме барысында қа­зақ­стандықтар бірінші желтоқсанда «Тұң­ғыш Президент күнін» ресми түрде мере­келейтінін еске салып, ол кісінің Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев туралы ой-пікірін сұраудың орайы келіп қалды.

– Ілгері замандардан бері ауылы ара­лас, қойы қоралас, төскейде малы, төсекте басы қосылған, Алатаудың бауырында бір жайлауда қоныстанып, бір өзеннен су ішкен қырғыз бен қазақ талай қиын кезеңдерді бастарынан кешірген. Солардың бірі Кеңес Одағы ыдыраған жыл болды, – деп бастады сөзін Нұрпаис ақын. – Қырғызда «жеті жетім бар» деген нақыл сөз бар. Мысалы, «Су жетпеген – жер жетім», «Басшысы жоқ – ел жетім» т.т. Бұл жағынан қазақ халқы бақытты екен. Ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен күрделі кезеңде елдің басшылық тізгінін қолынан шығармай Нұрсұлтан Әбішұлы халқына көсем жолбасшы бола білді, Елбасы болды. Мен Нұрсұлтан Назарбаев жалпы елдің қалауымен Президент болып сайланғанда, мемлекет басшылығына лайықты адам келді деп сүйінгенмін, сол сүйініш сезім мені алдаған жоқ.

– Ендеше, Елбасының мемлекетті басқарудағы сіз бағамдаған ерекше­лігіне тоқталсаңыз.

– Әуелі, Нұрсұлтан Әбішұлын алғаш рет көргенімді баяндап берейін. 1980-ші жылдары Қырғызстан Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Шың­ғыс Айтматов бастаған қырғыз елінің үлкенді-кішілі ақын-жазушылары Қазақ­станға шығармашылық іссапармен бар­дық. Ондағы іс-шаралардың аясын­да біз сол уақыттағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев- тың қабылдауында болдық. Қазір­гі­ше айтқанда, Үкімет басшысы бізді Қазақ­станның экономикалық-әлеу­меттік, сая­си-мәдени жағдайымен таныс­тырды. Ол талай фактілерді, цифрларды қағазға еш қарамай баяндап берді. Сонда делегация мүшелерінің барлығы оның керемет есте ұстау қабілетіне таңғалғанбыз. Қабылдаудан кейін тысқа шыққан соң, мен «бұл кісінің жадына «Қазақстанның экономикалық картасы» түгел сыйып кеткен екен» деп әріп­тестерімді бір күлдіріп алғанмын.

Енді, Нұрсұлтан Назарбаевтың қай­раткерлігіндегі үш елеулі мәселені айта­йын. Біріншісі – елді басқара білуі. Мем­­лекетті, елді басқарудағы сенімді тұт­қа не? Халықтың басқарушыға деген сенімі. Бұл тұжырым қытайдың ақыл­ма­ны Конфуцийдің дәуірінен бері келе жат­қан екен. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай қа­ғиданы ұстаныпты. Тәуелсіз елдің Бірін­ші Президенті болған күнінен бас­тап, Н.Назарбаевқа халқы сеніп, оның ұсын­ған бастамаларын қолдады, алдыға қо­йылған мақсаттарды іске асыру жолын­да жігерлі еңбек етті. Нәтижесі қазір көрініп тұр. Қазақстан әлемдегі экономикасы іл­ге­рілген қуатты мемлекетке айналды.

Екіншісі – Қазақстанның астана­сын елдің солтүстігіне көшіргені. Зор гео­саяси маңызға ие бұл шешім Н.Назарбаев­тың қырағы саясаткер екендігін айқын дәлелдеді. Бұл бастама оңай орын­дал­ған жоқ. Тұңғыш Президенттің қайсар­лығының, күш-қайратының және, әрине, қазақстандықтардың жасампаз еңбегінің арқасында атқарылды. Алдымен Ақмола делініп, өзінің тарихи атауын алған қала Н.Назарбаевтың ұсынысымен Астана болды, сосын ел өкілдерінің ұсынысымен Нұр-Сұлтан атанды. Бұл жарасымды құ­былыс. Орыстар Бірінші Петрдің сал­дырған қаласын Санкт-Петербург деп ата­ған. Кеңес өкіметі Ленинград деп өз­герткен. Ресейдің жаңа билігі Бірінші Петр­ді құрметтеп, атауды қалпына кел­тірді. Астананың оны салдырған Тұңғыш Президенттің есімімен аталуы орасан зор еңбегін бағалаудың лайықты көрінісі деп білемін. «Тұңғыш Президент күнінің» мерекелік күн болып белгіленуі де осындай ізеттік деп есептеймін.

Үшіншісі – Елбасының президенттік билікті қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз бастамасымен өткеріп бергені болды. Мұның арқасында Қазақстан өсіп-өркендеудің эволюциялық жолын жалғастырды.

– Енді сіздің ­өмір жолыңызды, шы­ғар­машылығы­ңыз­­ды оқырман­дарға таныстырсақ.

– Жас кезімнен өлең жаза бастадым. Осы әуесқойлық мені мектепті бітірген соң Қырғыз мемлекеттік университетінің филология факультетіне алып келді. Бітірген соң Қырғызстан комсомолының «Ленинчил жаш» газетінде тілші, сосын бөлім басшысы болып жұмыс істедім. Сосын «Советтік Қырғызстан» газетіне шақырылдым. Егемендік жылдарынан кейін бұл газет, «Кыргыз Туусу» («Қырғыз Туы») атауын алды. Жиыр­мадан астам кітабым жарық көрді.

– Сіз, әсіресе, қазақ-қырғыз мәсе­ле­лерінің тақырыбында газетке мақа­лаларды көп жазып жүрдіңіз. Абай­дың өлеңдерін аударып, қырғыз­дың газет-журнал, альманахтары­на жа­рияладыңыз. Қазақ еліне жа­қын тарт­қаныңыздың сырын оқыр­ман­дарға айтып бермейсіз бе?

– Ауылымызда мектеп жетіжыл­дық ­болып, мен 8, 9, 10-сыныптарды Фрунзе­дегі (қазіргі Бішкектегі) А.С.Пуш­кин атын­дағы №5 қырғыз мек­тебінде (қазір Қырғыз ұлттық гимназиясы) оқы­дым. Мектеп Дзержинский (қазір­гі Еркіндік) гүлзарбағына жақын еді. Бақтағы орындықтарда әйгілі Аалы Тоқамбаев бас болған қырғыздың ақын-жазушылары күнде бір мезгіл жиналып, әңгімелесіп отыратын еді. Мен де барып солардың әңгімелерін тыңдайтынмын. Ара-арасында Аалы Тоқамбаев өзі аударып, сиясы кеппеген Абайдың өлең­дерін оқып беретін. Бұл менің өлең жа­зуға, Абай сияқты ақын болуға қызы­ғу­шылығымды арттырды. Өзіңнің де ха­ба­рың бар шығар, қырғызда Абайды ең жақсы және көп аударған Аалы Тоқам­баев. Ол өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап, дүниеден көзі өткен сексенінші жылдарға дейін 50 жыл бойы Абайды қырғызшаға аударумен бол­ды. Кейінірек «Ленинчил жашта» бөлім басшысы болып жүргенімде, Абай шы­ғармашылығы, оны қалай аударып жат­қаны жөнінде Қырғызстанның халық ақыны, Социалистік Еңбек Ері, академик Аалы Тоқамбаепен сұхбаттасып, газетке жарияладым. Аалыкең сонда Абайдың немере інісі, ойшыл ақын Шәкәрімнің ауыр тағдыры туралы да айтып берді. «Шәкәрім тағдыры қырғыз баспасөзінде бірінші рет жарияланып жатыр, жазғаныңды газетке жариялар алдында өзім міндетті түрде оқып беруім керек» деді. Сөйтіп өзі оқып, «мақұлмын» деп қол қойып берді.

Иә, сондай-ақ, өзің білгендей, менің жұбайым – қазақ қызы. Есімі – Гүл­жа­һан. Ол Жамбыл облысының Қордай ауда­нының тумасы екен.

Қазақ қызына үйленуім, қазақ тіліне қызығуыма да себеп болды. Қайын жұр­­­тыма барғанымда, Қалдыбай деген қа­йын ағамның кітапханасынан қа­зақша кітаптарды алып кетіп, оқып жүр­дім. Бұл кісі әдебиетке жақын адам екен. Тағы бір барғанымда ол біреулер өзі жоқта алып кетпесін деп, әздектеп сақ­тап жүрген Қазақ КСР-інің Ғылым академиясынан 1948 жылы жарық көрген Абайдың шығармалар жинағын байқап қалдым. Қайын ағам бұл кітапты «Сен өлең жазып жүрген адамсың ғой» деп маған сыйлады (Нұрпаис ағай үйінде­гі кітапханадан сарғайып қалған сол тәберік кітапты маған көрсетті). Сөйтіп, сту­дент күнімнен бастап, Абайды түп­нұс­қадан оқып, қырғызшаға аудара да бастадым.

– Абай өлеңдері сізге несімен ұнады?

– Абайдың өлеңдеріндегі терең тә­лімдік мағына өз алдына, сөз сапталуы керемет қой.

«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы»,– деп ұлы ақынның өзі жазғандай, өлеңдері осы талапқа сайма-сай, жеңіл бір-екі оқығаныңда жадыңда қалады. Абайдың шеберлігі маған және көптеген қырғыз ақындарына өнеге болды.

 

Әңгімелескен

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Қырғыз Республикасының жалпыұлттық «Қырғыз Туы» газетінің қызметкері                                          

 

Бішкек