Тұңғыш Президент күніне орай Ақтөбе қаласының Нұр-Ақтөбе тұрғын үй алабында жаңадан салынған 256 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгін осы үйден өңір басшысы Оңдасын Оразалин 30 отбасына пәтер кілттерін табыстады. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, көп балалы, ата-анасыз қалған жасөспірімдер мен аз қамтылған 30 отбасы бар деп хабарлайды egemen.kz.
– Әр адамның өз отбасымен бірге өсіп-өнетін жеке шаңырағы, жайлы қонысы болуы өміріндегі ең маңызды жайт. Міне, сіздер үшін бүгінгі күн қуанышқа толы болып отыр. Мереке күні кіргелі отырған шаңырақтарыңыздың іші құт-берекелі болып, өсіп келе жатқан жас балаларымыз білімді әрі білікті азамат болып ержетсін, елін сүйетін патриоты болып өссін деген тілек білдіремін. Жаңа баспаналы болған жас шаңырақтардың көбеюі де мемлекетіміздің күннен-күнге дамып, әл-ауқатының өсіп жатқанын білдіреді. Халқымыздың береке-бірлігі мен Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сарабдал саясатының, ел азаматтарының ауызбіршілігі арқасында көптеген игілікті істер атқарылып жатыр. Жыл өткен сайын қаламыздың аумағы кеңейіп, жаңа баспанаға деген тұрғындардың сұранысы да артып келе жатқанына өздеріңіз куә болып отырсыздар. Біз бар күш-жігерімізді жұмылдырып, қала тұрғындарының жылы әрі жайлы үйде алаңсыз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Бұл жерде уақытпен санаспай, аз мерзімде осындай сапалы үйді тұрғызған құрылысшыларға да алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтау сөзінде.
Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша тұрғын үй кезегіне 24 мыңнан астам адам тіркелсе, өңірде түрлі бағдарламалар арқылы баспаналы болу жолдары да қарастырылып келеді. Соның ішінде жастар үшін ең тиімдісі – ел Үкіметі қабылдаған "Бақытты отбасы" бағдарламасы. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 276 жас отбасы осы бағдарлама аясында жалпы сомасы 2,37 млрд теңгеге ипотекалық несие рәсімдеп, жаңа қонысқа кірді.
Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері, 96 жастағы қала тұрғыны Әнуар Ахметзиянов та қоныс тойын тойлады. Оңдасын Оразалин ақсақалдың үйіне арнайы келіп оған бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Әнуар Ахметзиянов көп жылдар бойы аймақтың өсіп-өркендеуі мен әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан жан. Жасы жүзге жақындаған қария әлі тың, елімізде болып жатқан игілікті істерден хабардар. Ол еліміздің басты байлығы –халқымыздың татулығы пен тыныштығы екенін айта келіп, өңір басшылығы мен азаматтардың атқарып жатқан қызметтеріне ризашылығын білдіріп, жаңа пәтерге ие болып жатқан жас отбасыларға батасын берді.