Жамбыл обылысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдегі ұлтаралық қарым-қатынас мәселесіне жіті назар аударылып отырғанын айтып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
"Балалар бала болғаннан кейін бір-бірімен келіспей, төбелесіп қалуы мүмкін. Қазір ондайға "ананың ұлты кім, мынаның ұлты кім?" деп бірден қараймын. Ол балалар бала болғаннан кейін бір сағаттан кейін қайта татуласады. Сондықтан біз осындай кішкентай мәселелерге ұлттық қарым-қатынастың мәселесі ретінде қарамауымыз керек. Қазақ пен дүнген, түрік пен әзербайжан төбелесіп қалды демеуіміз керек", деді өңір басшысы.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев контрабандалық қылмыстарға басқа ұлттың өкілдерінің қатысы бар деген пікір де дұрыс еместігін алға тартады.
"Әрине, қылмыс бар. Қырғыз Республикасынан келіп жатқан контрабанда бар. Ол жерде құқық қорғау органдары, қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері талай адамдарды ұстап, талай қылмыстық істі қозғады. Ол жұмыс ары қарай жалғасын табады. Қылмыскердің аты қылмыскер. Оны ұлтына қарап бөлуге болмайды. Ол заңға сәйкес жауап беруі керек", деп түйді Бердібек Сапарбаев.