Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Агроөнеркәсіп кешені мен жер қатынастарын цифрландыру және Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды.
Ауыл шаруашылығы ақпараттық жүйеге енгізілуде
Бірінші мәселе бойынша баяндаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру тәуекелдерді төмендетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігі мен малдың өнімділігін арттыруға, агротехнологияларды уақтылы жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтты. Мәселен, бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 94%-ы автоматтандырылды. Өткен жылмен салыстырғанда халыққа электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 34%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы министрі атап өткендей, мұндай нәтижелерге салалық ақпараттық жүйелерді жаңғырту арқылы қол жеткізілді. «Қазақстан – «Ауыл шаруашылығы малын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне деректер енгізе отырып, ауыл шаруашылығы малын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ел. Жүйеде 35 млн-нан астам ауыл шаруашылығы малы тіркелген, онда 4,5 мыңға жуық ветеринария мамандары жұмыс істейді», деді С.Омаров.
Сонымен қатар Plem.kz ақпараттық талдау жүйесінде жүргізілетін мал шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты есепке алу бөлек цифрландырылды. 35 мыңға жуық пайдаланушы шығу тегін растау, селекциялық жұмыстар жүргізу және зоотехникалық мәселелерді электронды форматта регламенттеу мүмкіндігіне ие болды. «E-Agriculture» бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінің функционалы есебінен бизнес-процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған рәсімдер едәуір жеңілдетілді.
Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудадағы басқа да қатысушылардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ электронды ілеспе құжаттарды алуға мүмкіндігі бар. Сонымен қоса, өсімдік шаруашылығында барлық 11 рұқсат беру құжаты цифрландырылды. Мал шаруашылығы саласында 12 рұқсат беру құжатының 10-ы электронды форматқа ауыстырылды. Ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процесі және шағын несиелерді кепілдендіру жөніндегі комиссияның жұмысы 100% автоматтандырылды. Бүгінде барлық 16 бағыт бойынша субсидиялау 100% автоматтандырылды.
Бүгінгі таңда фермерлік шаруашылықтарды цифрландыру деңгейлері анықталды. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы бағыттарында нақты ауыл шаруашылығын енгізу жұмысы жүргізіліп, енді ол басқа жерлерге таратылуда. Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында заманауи смарт-жүйелерді пайдалану оң нәтиже алуға мүмкіндік берді. Мәселен, нақты егіншілік бойынша қанатқақты нысандарда агрономияның жаңа технологияларын қолдану арқылы өнімді 20%-ға артық алуға мүмкіндік туды, бұл ретте фермер шығындары 15%-дан астам қысқарды.
Сондай-ақ заманауи жабдықтарды қолдану сауылатын сүт көлемінің 20%-дан астамға артуына әсер етті, бұзау саны 25%-ға өсті. Агроөнеркәсіптік кешендегі процестердің 5 жыл ішінде толықтай цифрландырылуы мынадай қосымша нәтиже береді: жалпы түсім 20%-ға ұлғаяды; еңбек өнімділігі 50%-ға артады.
Министр бүгінде жерді цифрландыру мәселелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. 2020 жылдың соңына дейін 26 млн гектар алаңда топырақтық, 25 млн гектар алаңда геоботаникалық, 6,5 млн гектар алаңда ауыл шаруашылығы карталары әзірленеді. 2021-2022 жылдары топырақтық және геоботаникалық карталармен қамтуды 40 млн гектарға дейін, ауыл шаруашылығы карталарымен қамтуды 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу шеңберінде цифрлы ауыл шаруашылығы карталарымен бүкіл көлемді қамту жоспарлануда. Мемлекет басшысының жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Жерді қашықтықтан зондтау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі қанатқақты жоба жүргізілуде», деді С.Омаров.
2020 жылы қанатқақты өңірлер ретінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары айқындалды. Мәселен, қанатқақты өңірлерді ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңінің деректері бойынша 8,3 млн гектар пайдаланылмайтын жер анықталды, оның ішінде 2,6 млн гектар жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 5,7 млн гектар жер иелеріне бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді. Осы жобаны жүргізу барысында министрлік жерді ұтымсыз пайдалануды айқындау әдіснамасын одан әрі жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қанатқақты жобаға және оның нәтижелеріне талдау жүргізуде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік жер қатынастары саласында цифрландыру және дамыту мәселелері бойынша заң жобалау жұмыстарын жүргізуде, олар жер берудің қазіргі тәртібін цифрлы технологияларды енгізу жолымен тұжырымдамалық түрде өзгертуді көздейді және тікелей беру жолымен және сауда-саттық жүргізу арқылы жер учаскелерін берудің электронды тәртібін айқындайды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрландыру шешімдерін енгізу және тиімді қолдану үшін тиісті инфрақұрылым қажет екенін айтты. Ведомство агроөнеркәсіптік кешенде 50 млрд теңгеге жуық инвестиция тартумен мемлекет-жекеменшік серіктестігінің жобасын ұсынды. Цифрлы «ақылды» құралдарды, өлшеу құралдарын және басқа да датчиктерді қосу үшін ақпаратты тасымалдау негізгі мәселе. Бұл жұмыстың аясында спутниктік технологиялар және стандарттарды қолдану бойынша қанатқақты жоба жүргізілді. Б.Мусиннің айтуынша, жер учаскелері шекараларының сәйкессіздігіне байланысты көптеген шағым келіп түсуде. Сонымен қатар әр өңірде аудан деңгейіне дейін 200-ден астам дерек қорлары бөлек пайдаланылуда. Ол ақпараттық қауіпсіздік және адами фактор тәуекелдеріне әкеледі. Қазіргі таңда көптеген координаттық жүйе қолданылуда. Ал картографияның, геодезияның, навигацияның негізгі жетістіктерін пайдалану үшін бізге қазақстандық координаттық жүйе қажет. Осы мақсатта «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» жобасын 2024 жылға дейін іске асыру жоспарлануда.
Сонымен қатар жер саласында есептік кадастрының екі түрі қолданылуда, бұл – 200-ден астам Жер кадастрлары мен «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» деректер қоры. Жер учаскесі, техникалық сипаттамасы, оның иесі туралы және тағы басқа ақпарат осы екі кадастрда қайталанып тіркеледі. Б.Мусин айтқандай, оны біріктіру арқылы жер қатынастары бойынша процестерді автоматтандыру құжаттар саны мен қызметті көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке қою» қызметін алсақ, қазір ол үшін азамат қағаз түрінде өтініш беруі қажет. Бірыңғай автоматты түрде жаңартылатын электронды кезек тізілімі жоқ. «Әрине, осындай процестер жемқорлық қауіптерін тудыруы мүмкін және заманауи кезеңге сай келмейді. Бұл үшін қызмет көрсету процесін Бірыңғай мемлекеттік кадастр мен «Электронды үкімет» порталы арқылы автоматтандыруды және бірыңғай электронды кезек тізілімін құруды ұсынамыз», деді Б.Мусин.
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, Nur Otan партиясының сайлауалды жаңа бағдарламасында АӨК-тегі еңбек өнімділігін 2,5 есе өсіріп, өнім экспортын екі есе ұлғайту міндеті қойылған, оның 70%-ы өңделген болуы керек. Сондай-ақ жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемін 1,3 есе ұлғайту қажет. Үкімет басшысы алға қойылған міндеттерге қол жеткізудегі басты құралдардың бірі – еліміздің агроөнеркәсіп кешенін толық цифрландыру екенін атап өтті. Бұл шара өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайтуға, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
5 жыл ішінде мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында 50 млрд теңге қарастырылып, бұл қаржы 100 млн гектардан астам ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыруға инвестицияланады. Өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығындағы цифрландыру жиналатын астық пен мал шаруашылығы өнімін 20%-ға дейін арттырады деген болжам бар. Ал фермерлердің шығыны 15%-дан астамға қысқарады. Алдағы уақытта цифрландыру есебінен астық жинау жылына 25 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Жер қатынастарын цифрландыру аясында жер телімдері, құрылыстар мен ғимараттар жөніндегі деректерді қамтитын Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Үкімет Парламентке тиісті заң жобасын енгізді, ол көптеген қызметті электрондық форматқа көшіруге, жер телімдерін беру тәртібін жеңілдетуге және жалпы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға жол ашады.
Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бір ай ішінде АӨК және жер қатынастарын одан әрі цифрландырудың жол картасын әзірлеуді тапсырды. 2021 жылы Жерді ғарыштан мониторингтеу бойынша қанатқақты жобаны республика бойынша тарату жөнінде міндет қойды.
Цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және әкімдіктерге келесі жылы жер қатынастарын цифрландыру жөніндегі жұмысты аяқтау, жер учаскелерін ресімдеу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету және оларға құжаттар беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту тапсырылды.
Мүгедектерге жаңа мүмкіндіктер
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, сондай-ақ «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының төрайымы Ләззат Қалтаева баяндама жасады.
«Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау – мемлекет баса көңіл аударатын өте маңызды мәселе. Біздің міндетіміз – мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта құру», деді бұл жайында Үкімет басшысы. Оның айтуынша, Nur Otan партиясының жаңа бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылда жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар адамдардың үлесі 30%-ға өсуі тиіс және де олар медициналық оңалтумен 100% қамтылады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және тұрмыс сапасын жақсарту үшін Қазақстанда 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар іске асырылу үстінде, ол 64 кешенді іс-шарадан тұрады. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыруға 448 млрд теңге жұмсалды, бұл өткен жылғыдан 12%-ға көп.
Тұңғыш рет мүгедектер арбаларын жасайтын отандық өндіріс іске қосылды, бұл аталған арбаға мұқтаж адамдарды бес жыл ішінде толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын кәсіптер мен жұмыстар анықтамалығы әзірленіп жатыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды медициналық оңалтумен қамту үлесі биыл 60%-ға дейін, 2021 жылы 75%-ға дейін арттырылады. Көлік саласында оны мүмкіндігі шектеулі жандар пайдалана алуы үшін елеулі жұмыс атқарылды. Жол жүру үшін жеңілдікті жағдайлар жасалды. Вокзалдардың 93%-ы мүгедектерге қызмет көрсету талаптарына сәйкес келеді. Барлық жолаушылар пойызы мүгедек арбаларымен 100% жабдықталған.
Үкімет басшысы жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандарға 100% кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды. Әкімдіктерге мүмкіндіктері шектеулі жандарды Әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы оңалту құралдарын алу дағдыларына оқытуды жандандыру, Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, Жұмыспен қамту орталықтары мен ХҚО-ларда мүгедек адамдар үшін өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын ұлғайту тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мүгедектіктің алдын алу үшін сырқаттарға диагностиканы ерте жүргізуге көңіл бөле отырып, мүгедектерге оңалту көмегін күшейту, салынып жатқан барлық оңалту орталықтарын уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз ету міндеттелді.
Үкімет басшысы Білім министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, келесі жылы балаларды инклюзивті біліммен қамтуды 50%-ға дейін кеңейтуді, білім беру бағдарламаларының мазмұнын және педагогтерді даярлауды өзектендіруді, түзету кабинеттері желісін және психологиялық-медициналық және педагогикалық комиссиялардың қызметін кеңейтуді тапсырды. Ал Индустрия министрлігіне мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдарды жаңғыртуды аяқтау және қоғамдық автобус паркін мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету талаптарына толық сәйкестендіру міндеті жүктелді.