Қазақ – батаны бағалаған жұрт. Батаның қате кетпеуін, теріске тартпауын, оңға бұрса бағың ашылып, бақытты ғұмыр кешетініңе ерекше мән берген, теріс бата – тек-тамырыңа кесел келтіріп, өзегіңе нәр тамбайтынын ерте ұғып, одан бойын аулақ салған халық.
Осы бір ойды «…бала кезінде елтең-селтеңге еліге бермейтін сабырлы, салмақты», студент шағында, 19 жасында Мұхтар Әуезовпен кездесу өткізуге ұйытқы болып, сол дидарласуда ұлы қаламгер: «Жыл келгендей жаңалық сеземіз» деген келелі сөзінде «Жастар, осы бастан бірнеше әдеттен сақ болыңыздар. Ең алдымен жақсы жаздым екен деп асқақтамау керек, тумай тұрып толдым, болмай жатып болдым деуден қашу керек, «жақсы еңбек жаздым, танылмадым» деп қорықпаңыздар, танылмаған Шекспир мен танылмаған Толстой көп бола береді деп ойламаңыздар… әдебиеттің жақсылығын шын сүйетін, шын берілген кішіпейіл әдебиетші болыңыздар. Жақсы жазғандарың далаға кетпейді», – деген баталы сөзін құлағына құйған, ойына орнықтырған, бір жылдан кейін, 1961 жылы Жазушылар одағындағы алқалы жиында, әдебиет алыптарының төрт көзі түгел кезінде кейбір шешендер шенеген Ғ.Қайырбековтің «Таулар сөйлейді» поэмасына, З.Шашкиннің «Темріқазық», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы» хикаяттарына ара түсіп, ұстазы М.Әуезовтің сөзіне бағып, тағылған айыптарды жоққа шығарып, сөз түйінін жасағанда: «Қызғаншақтықтың қызыл иті алыстан үрсе – құлағыңды, жақыннан үрсе – балағыңды тістейді, бәрісі бір жүрегіңді жаралайды», – деп, жиылған қауымды дәлелді пікірімен дүр сілкіндірген Әбіш Кекілбайұлының ғұмыры мен қазақ руханияты қатар өрілген энциклопедияны оқыған соң көңіл иірімінде қорытқандай болдық. Оған себеп, сол кемел Әбіштің тек-тамыры да тегін емес екенін аңғарғандықтан болар. Тереңдеп бармасақ та беріректегі Әлмембет бабасының сайдың тасындай дерлік бес ұлы болыпты. Бес ұлға енші бергенде қасиеті бар, қадірі мықты әке – үлкен ұлы Табынайға ер-тұрманын, қару-жарағын беріп тұрып: «Балам, көзіңнен ұшқын, білегіңнен күш-қуат көремін, найзаңды ал да жауыңды жайпа, аталық батамды беремін!», – дейді. Ақиқатында Табынай Адайдың айбарлы батырларының бірі болып «Көк найзалы Табынай» атанады. Шоңай атты екінші баласына домбырасын сыйлап, тілін көрсетіпті. «Домбырамды бергенім – ауылың жыр-күйдің базары болар, ауылыңнан айтар сөздің ажары – шешендер шығар, екіталай болғанда сөзден озар», депті. Шынында, Шоңай атадан өнерлі көп шығыпты. Үшінші ұлы Бәубекке төс пен балғасын беріпті де: «Ермегің зергерлік болар, басыңа бақыт қонар, тастан түйін түйетіндер шығар, бірінен бірі озар», десе, әкенің айтқаны келіп, Бәубек ауылынан не бір шеберлер шығыпты. Зорбай ұлына қауғасын ұсынып: «Қауғаң судан кеппесін, балаларың қос-қостан ат ерттесін. Қызығына түсіп, дүние қума, төрт түлік мал жүзге жетсін», деген екен. Зорбай балалары дәулетті болыпты. Кенжесі Назарға жинаған кітаптарын беріп: «Ауылыңнан білімді даналар шығар, нысаналығыңды көрген соң, ақ батамды берем», депті. Айтқаны келіп, бұл әулеттен білімділер көп шығыпты. Міне, сөз әлқиссасын батадан бастағанымыз – батаның қасиетті екенін аңғарту еді. Сол бата дарып, Әлмембеттен тараған бес ұл – бес рулы ел болыпты.
«Арыс» баспасынан таяуда ғана жарық көрген «Әбіш Кекілбаев» энциклопедиясының беташар сөзін Маңғыстау облысының әкімі С.Тұрымов түйіп айтса, оқырманға кітап жайлы талдауды басылымның жауапты редакторы, профессор Ғ.Әнес жазған. Алда ұшқындатып еске салғанымыздай, кемел қазақтың келбетін танытатын іргелі еңбек: оның ата-тегінен бастау алып, өскен ортасы, ата-анасы, оқушы-студент шағы, Мәдениет министрлігіндегі, «Қазақфильм» киностудиясындағы, Орталық партия комитетіндегі, Жазушылар одағындағы, «Егемен Қазақстан», Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, Мемлекеттік хатшы, Сенат депутаты, құрметті демалыстағы кезі, фәни дүниеден бақиға аттанған тұсы – бәрі де жүйесімен қамтылған. Зерделеп қарасаң, Кекілбайұлының бүкіл өткен жолы, кешкен өмірі, азат елдің айбынын асырудағы қызметі, ой-өресімен де, зердей зерделі сөзімен де қосқан үлесі мол екеніне көз жеткізесің. Әр беттегі дерек пен дәйек өткеннен мол мағұлмат береді. Әрине, бұл қаламгердің қолдағы бар мұрасы ғана. Ал әлі ашыла қоймаған мұрағатындағы рухани құндылықтар қаншама десеңізші.
Энциклопедияның бірінші томы, нақтылай түссек шығармашылығына арналған кітап – 2018 жылы жұрт қолына тиген еді. Бір атап айтар үлгі, нарық деген заманда қаламгер мұрасының жарық көруіне демеушілік жасап келе жатқан Маңғыстау облысы әкімдігі екенін, сол қолдауды бәрекелді дегізерлік жұмыспен атқарып отырған «Арыс» баспасы мен «Арыс» қоры екенін айтуды парыз санаймыз.
Қарым-қабілетін ерте аңғарған шын зиялылар Әбіш Кекілбайұлын қарғадайынан-ақ қатарына тартыпты. Мәселен, жоғары оқу орнын аяқтамай жатып «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке алғанда, «бұл қалай, алдымен еліне барып еңбек етсін» деген қиястық қылаң бергенде, ғалым Мәулен Балақаев «Бұл қуып жіберу» десе, асыл текті Ілияс Омаров қиястыққа қырынан араласып Алматыға алып қалыпты. Ақиқатында, сол кездің адамдары іргелі елдің ұрпағындай ұқыпты, жақсыны қапсыз көріп, талантты тану, дарынды бағалау, бағасын беру ісінде шетінен ірі болған. Оған дәлел жетіп артылады. Оны болмысы мықты, бұлтағынан турашылдығы тұнған бұлақ секілді білімдар ғалым Рымғали Нұрғалидың мына сөздерінен де сезуге болады. «Әбіш қазақ әдебиетін трагедиялық хиқаят, аңыздық-тарихи монументальды романдар үлгілерімен байытқан зор талантты прозашы, аса өнімді публицист-сыншы, тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыруға көп қайрат жұмсаған мемлекет қайраткері. Ешкімге көз алартпай, көкірек кермей, бетегеден биік, жусаннан аласа жүретін, басқаның титтей жақсылығын көтере айтуға бейім, жаны дарқан, жүрегі жылы адам. Оны тұтас буынның серкесі десе артық емес», – дейді академик.
Қазақ басылымындағы қызметі кітапта нақты деректермен дәйектеліп, шыққан мақала, жарық көрген еңбек ай-күнімен беріліп отырады. Сол секілді Мәдениет министрлігіндегі жұмысы жан-жақты сарапталған. Арасында драмалық шығармаларға қатысты өткен мәжілістердегі сөздерінен үзінділер келтіріледі. Мысалы, ақын Ә.Тәжібаевтің «Қыз бой жеткенде» деген пьесасына арналған отырыста Әбіш кеңінен толғап, ой қозғап: «…Пьесада белгілі бір өмірлік факті бар болғанмен, өмірлік процесс жоқ. Бәрі тым жедел бітіп жатады. …Осыдан келіп материал мен шеберлік арасындағы, өмірлік факті мен оның воплощениесі арасындағы гармониялық бірлік бұзылған, стильдік ала-құлалық шыққан. Бұл пьесаның көркемдік жағынан әлі жеріне жетіп болмаған шығарма екенін байқатады», дейді. Білімдар інісінің орынды сынын Әбекең қазақ әдебиетінің сол кездегі ірі ақыны бола тұрып, шамданбай, шамырқанбай қабылдап, туындыны қайта қарап шыққан. «Қазақфильм» мен Партияның орталық комитетінде қызмет жасағанда ұлттық дүниенің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырғанын энциклопедиядағы материалдарды қарап отырып көз жеткізесің. Бұған қоса, ұлтқа шын ниетпен қызмет етудің бір дәйегін оның Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы болған тұстағы ұмтылысынан аңғарылады. Кеңес дәуірі дәуірлеп тұрғанда бүгежектемей: «Ескерткіштердің бірде-бір түрінің қалпына келтіруінің жүйелі технологиясын жасақтай алған жоқпыз… Археологиялық қазба жұмыстарында да асығып-аптығушылық бар. Соның салдарынан ондай қазба жұмыстарынан табылған ескерткіштер республикадан тысқары жаққа тасылып әкетіледі. Қазба орындарын консервациялаудың да тәсілі табылған жоқ. Қысқасы, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз қандай көп болса, оның шешілмеген мәселелері де сондай көп. Оған жұртшылықтың өзі бас-көз болмаса, ертең бүгінімізден де көбірек күйзелуіміз мүмкін», депті. Ал 1989 жылғы Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты ағайынға басу айта барып, жұрт көңілі орныққаннан кейін ақиқатты бұғып қалмай, төмендегідей себебін баяндаған екен. «Мына бір жағдайға назар аударыңыз. Кең жазықта керіле жайылып, көз жауын алар көркем қала тұр. Ал содан бар болғаны 10-20 шақырым жерде жапырайған жермешел баспаналардан тұратын бірнеше елді мекендер жатыр. Онда ең болмаса керек жағдайда қалған дүниемен өлі-тіріңді айтып хабарласатын телефон да жоқ. Бір кезде жақын маңдардағы ауылдардан келіп, өндіріске орналасқанының өзін мезірет тұтқан әке ұрпақтың бүгінде не көздері жоқ, не демалыста. Ал сол екі ортада өсіп жетілген жас ұрпақ анадайда самаладай жарқырап тұрған қаладағыдай сәнді өмір сүргілері келеді. Дәмелері болғанмен қолдары қысқа. Қалаған жұмысына орналаса алмайды. Үй сұраса, ол да жоқ, талай жылдар бойы сарыла күту керек», дейді. Сол 1989 жылы «Тіл туралы» заң талқыланып, тағдыры «көкпарға» түскенде, керауыздар бері тартпай, кері тартқанда, өзге ұлт өкіліміз дегендер өре түрегелгенде, депутат емес, қонақ ретінде қатысып отырған Әбіш Кекілбайұлы ашынғаннан ашық кетіп: «Немене, кеше ел басына күн туғанда, тар үйімізден орын ығысып, төрімізді ұсынғанда, тартыңқы дастарқанымызды алдарыңызға жайып, жарты күлшемізді ауыздарыңызға ұстағанда, біз күндердің күнінде бүгінгідей демократия орнатып, кемелденеміз деп жатқан заманда өз үйімізде өз тілімізде сөйлеу үшін мына сіздерден бүйтіп жылап тұрып рұқсат сұраймыз ғой деп ойлап па едік?!» деп күйінгені естен кете ме?»
Энциклопедиядағы бір ерекшелік, жылнама арасына қайсар қаламгердің осындай ақиқат сөздерін қысқа да нұсқа ұтымды беріп отырғаны дер едік.
Мәжіліс депутаты кезінде ауыл жастарының тағдырына ара түсіп: «Үш жылдық бағдарлама қабылданды деп жатырмыз. Сол бағдарламаны кім көрді? Ол – азық-түлік бағдарламасы. Ал ауыл деген бағдарлама қайда? Ауыл деген, ең алдымен, әлеуметтік организм емес пе? Ол ертең өлі бола ма, тірі бола ма, оны кімнің көзі көріпті?
Екіншіден, ауыл дегенде қазір айтып жатқан мәселеміздің барлығы мынаған тіреледі: денсаулық ауылдікі, білім ауылға керек, оралманның барар жер, басар тауы жоқ – ауылға барады деген сияқты. Ауыл жастары қазірдің өзінде жұмыссыз, ал ертең жер жекеменшікке берілген соң жұмыссыздық азая ма, көбейе ме? Тәуекелің барып, қайсысың айта аласыңдар? Осы мәселені шешу үшін келесі бюджетті қабылдардың алдында, жер туралы мәселені қабылдардың алдында менің Үкімет пен Парламентке ұсынысым: бізді қинамай, бір жағымызда халық, екінші жағымызда билік тұрып алып, екі бұттың ортасына салмай, жалғыз ғана басымыз бен жалғыз ғана жүрегіміз бар, отқа салмай айтып өлтіріңдер. Есептеріңді көрсетіңдер, сататын болсаңдар – кімге сатасыңдар? Ондай ақшалар қайдан шықты? Шетелге сатсаңдар – ертең халқымыздың мәселесі қалай шешіледі? Өзіміздің капитал болса, ол капитал бұрын қайда жүрген? Соны білмей тұрып, бізді қинай бергенді қою керек. Мына жақтан халық сұрайды, үйге барсаң жылаған-сықтағаннан демала алмайсың, ал біз мында отырып аламыз да, азғантай қалтамызға түскендерді бөліп бергенге мәз боламыз. Сондықтан менің айтарым… біз бәрін біліп алайық, ертең кімнен сұраймыз, халыққа не айтамыз», дегені және бар.
Мемлекеттік мәртебемізді алып, бүгілген беліміз жазылып, жалтақ көңіл түзеліп, мүкіс тілге жан біткен кездегі Әбіш Кекілбайұлының қажыр-қайраты, ұлтым дегендегі саңлақтығы сан саладан тайға басқандай көрінді. «Қазақстанда Кеңестер Одағының 130 ұлтының өкілдері болып табылатын 17 миллион халық тұрады. Олардың 40 пайызы қазақ, 38 пайызы орыс, 6 пайызы – неміс, 5 пайыздан астамы украин, 2 пайызы татар, 1 пайыздан астамы ұйғыр, 1 пайызы беларусь, 0,6 пайызы корей. Қалғаны он мың адамнан бастап, жүздеген адамдарды құрайтын шағын этностар. Қазақстан бұндай күйге бір күнде және тіпті де өз еркімен түскен жоқ», – деп есіліп сөйлегенде есіміз кіргендей болды, А.Қ.Ясауи басына барғанда: «Уа, сұранып келмейтін, қуанып кетпейтін жалғаншы дүниенің опырайған олпысы мен кемірейген кемшіні әлі көп екенін көріп, күйзеліп тұрмыз. Ұйтқымалы уақыт, құбылмалы заман, жетесіз сана, жетімсіз тәрбие осынау киелі орынға да суық қолын сұққаннан болған аусар ағаттыққа, қияс қиянатқа қинала тұрып, көкте тобадан, жерде аруақтардан қиыла кешірім сұрап тұрамыз», – деп көсіліп сөйлегенде көңіліміз орнықты, Сарайшыққа ат басын бұрғанда: «Алтын Орданың ақтығы, Қазақ Ордасының бесігі, Дешті Қыпшақтың байтағы, Тәуелсіз Қазақстанның ежелгілігінің ең қасиетті жәдігерлерінің бірі, Араб, Иран, Тұран, Еуропа араластығының алтын кіндігі – Сарайшық!», деп тебіренгенде айызымыз қанды, талайды таңғалдырды, маңдайымыздың қыртысы жазылып «уһ» дедік. Бұл сөздер энциклопедияны құрастырушылар ай-күні көрсетілген қысқа деректерді айқындай түсу үшін қаламгердің әдемі ойларын қосып берсе, біз содан мысалға алып отырмыз. Бұл кітаптың қасаңдықтан арылтып, оқырман қаламгер өмірін танып білумен бірге, ұлт ұлының ұлтына деген ерекше ілтипатын білдіру ниетінен туындағаны сөзсіз. Тіпті, мұндай әдемі байламдар күре жолмен келе жатып бастау суынан шөл қандыру секілді десек, жарасымды шығары хақ.
Болмысы бүтін қазақтың Шерағаңнан (Мұртаза) кейін «Егеменге» басшылыққа келуі басылымның беделін арттыруға мүмкіндік берді. Сіңірген еңбегі мен жазған мақалаларына мол орын берген.
Ақ қағазға жіңішке етіп тілден таспадай тартып, маржандай тізген Әбіш ағаның өз қолтаңбасы да жөнімен беріліп отырған екен. Ол көзіңе оттай басылғанда, сол қолтаңбаны теру кезінде оқып берген сәт ойға орала кетті. Кей әріп, кей сөзді ажырата алмай қалған тұста Ерағаңа (Смайыл) жүгіріп баратын едік. Ерағаң Әбіш ағасының иін тіресіп тұрған 42 әріптің қалай таңбаланғанын тап басып айтатын. Әбіш аға да: «Түсінбеген жер кездессе Ержұманға көрсетіңдер, өзімнен жүйрік оқиды ол Ерекең!», деп кереқарыс маңдайын бір сипап, маңғаз басып кетіп бара жатушы еді-ау! Бүкіл шығармасы осы қолтаңбамен жазылғаны ақиқат.
Бұл энциклопедиядан тек Әбіш Кекілбайұлының тек-тамырын, өмірін, ортасын ғана ұғып қоймаймыз, сонымен бірге, онымен сабақтасып жатқан ұлт жолын, ұрпақ жолын көз алдымыздан өткіземіз. Қаншама адамдарды танып білесің, еске түсіресің, дидарын көресің, ол туып өскен киелі өңірдің қатпар-қатпар тарихынан хабардар болып, табиғат тылсымы мен сөз құдіретінің ұштасқанына куә боласың. Ол жазушы жолымен жалғасқанда қаламдастары, замандастары қатар тұрады. Түрлі түсті суреттер – бәрі де ретімен орын тапқан, ұстаздары, тұстастары, ұрпақтары да ұмыт қалмаған.
Соңғы түйін, артына өшпес із, өміршең ақыл-ой, зерделі сөз қалдырған, «Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат – Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, алты алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Біз қиын-қыстау жылдары да ел игілігі үшін қатар жүріп қызмет атқардық. Оның талай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым. Жанашырлық көмегін сезіндім», – деп Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ол өмірден озғанда бүкіл қазақ «жалған өмір» деп мәңгілікке шығарып салғаны мәлім. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абай) деп, бұл қазірше энциклопедияның соңғы нүктесі деуге болады. Сол қаралы күндері «Қара сөзіне қараша ілескен; Абыз өтті дүниеден, әулиелік пішінмен», – десе Тыныштықбек (Әбдікәкімұлы), Светқали (Нұржан): «…Біз Әбіштің тәнін жерге көмбедік, Даналықтың дәнін жерге көмдік біз!», деп дәннің өсіп шығатынын меңзеді.
Бір сөзбен айтқанда, Алаштың, бүкіл қазақтың Әбішіне айналған, бір сөзі, бір әлем саналған ұлы қаламгердің өмір өнегесін маржандай тізген энциклопедиядан алар тағылым мен тәлім жетіп артылады. Бұл – бір адамның өмір жолы емес, ұлтымен бірге жасайтын ұлы ұлдың екінші өмір жолын мәрмәр тастан қашағандай, қабырғалы еңбек деп білеміз.