Осы күні ең оңай жұмыс кеңседе отырып, билік құру, ақыл айту секілді. Оны жұрт қалай қабылдайды, нәтижесі бола ма, әлде айтып құтылдым үшін бе екен? Орыстың әдебиет сыншысы В.Белинский «Аяғыңыздың астына қараңызшы» депті. Оларға иіліп, бүгіліп, тұқшыңдап, аяқтың астына қарау қиын болса, төңірегіне жасандылықпен емес, өзін алдау үшін емес, жалған мәліметті малданбай, тұрғындардың сөзіне сәл де болса құлақ асып, ақиқатты аттамай жіті қараса халықтың бар-жоғын көрер еді. Бүгінгі бір олқылығымыз айта салып, халықты алдай салсақ болады дегенге саяды. Мұның ақыры бір кездері әттеген-айға әкелуі мүмкін.
Бір қызығы, алыстағы билік өкілдері ғана емес, жергілікті жердегі халықпен қатар жүр делінетін кейбір ауыл, аудан әкімдері де ат үстінен сөйлеуге, сырғытпа жауап беруге әдеттеніп алыпты. Біз мұны соңғы айларда ауыл жұртымен тікелей араласып, шенеуніктермен пікірлескенде аңғардық. Тіпті кейбіреулері жұртқа миығынан қарап, қайда жазсаң да, қайда барып айтсаң да, бәрібір жазғаныңды бізге жібереді, айтқаныңды бізден сұрайды, сондықтан байқау керек деген үстемдікке, өзімбілемдікке әбден дағдыланып алған тәрізді. Мысымен, сұсымен басуға бейімделгендер де, дағдыланғандар да жоқ емес. Мұндай қоқырайған қылық кей жерде халықты ашындырып, ашық қарсы шығуға, ақпарат құралдарынан араша сұрауға еріксіз апаратын тұстар да көрініс бере бастаған.
Жақында Ішкі істер министрлігінің білдей департамент басшысы Д.Таев ауылдағы ұрланған малдың 60%-ы жайылымда қолды болатынын айтып қалды. Айтып қана қоймай, алдағы уақытта арнайы ереже жасап, оны бекітіп, ережені бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша 3-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл салып, әкімшілік жауапкершілікке тарту қажеттігін атады. Ол аз десеңіз, әр өңір мал бағудың өз ережесін жасауы тиіс көрінеді.
Бұл құқық қорғаушылардың өзін ақтап, ауыл жұртын тұқыртып алу емес пе? Ауылдың ақ-қарасын білетін Ауыл шаруашылығы министрлігі бұған бір уәж айтар деген ниеттеміз. Ауылды тұқырту, ауыл халқын айыппұлмен тұншықтыру ертеңгі тірлікті оңалта ма, омалта ма?
Онсыз да оңала алмай, басқа тартса аяққа, аяққа тартса басқа жетпей қиналып отырған ауылдағылар мен оларға бір табан жақын жүрген мұңдастар мұны қарау іс, тығырыққа тірейтін тұйық тірлік, кеңседе отырып жұртпен санаспау деп қынжылыс білдіреді. Алға тартар уәждері, Президент айтқан «жұртқа жақын полицияның» ұрыға шамалары жетпеген соң, сыбайластықты бүркемелеу үшін бар кінәні аулдықтардың өзіне жауып, судан таза, сүттен ақ болуды ойластырып отырған жоқ па екен дейді. Жайылымдағы мал былай тұрсын, қас пен көздің арасында ауыл-үйдің маңынан, қорадан әкетіп жатқанды қайда қоямыз дейді. Әлде өзіміз жараулы жасақ әзірлесек пе екен дегендер де бар. Ұрыны ұстап берсең, құқық қорғаушылар түрлі сылтаулармен шығарып жіберетініне, кейде тергеуді сағызша созып, ақыры жауып тынатынына да дәйектер келтіреді.
Сөйтіп, енді ұры кінәлі емес, малдың иесі кінәлі болып шықпақ. Айыппұл төлеп, қалтасын қағу ғана қалып тұр ма? Таев мырзаның мына сөзі ауыл жұртын қорғау емес, қорлау болып тұр дегендер де баршылық. Күн көріп отырған бар малымызға жанашырлық танытпаса, онда сатып құртпасақ болмас деп күйінгендер де кездеседі. Жердің тарылғанын, қолында барлар қонышынан басып жүргенін, иесі белгісіз делінетін мықтылардың алған жеріне қадам баса алмайтынын айтып, бұл не өзі деп таңғалатындар да табылады.
Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы «Ауылдың әлеуетін толық пайдалану – стратегиялық маңызы бар мәселе. Ауылдағы мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады», деген сөзіне бағып, айыппұл тынысымызды тарылтса, стратегиялық маңызы бар мәселе қалай орындалады деп сұрақ қойып жүргендер де аз кездеспейді. Әлгі тұспалмен жасалатын ереже қыспаққа алса, күніміз не болады, ауыл гүлдене ме, әлде құрдымға кете ме дегендер де жоқ емес.
Ақиқатына келсек, көптеген ауыл халқының алқымынан алып отырған бұл тұйыққа тірер тірлік жердің жетпеуінен, жабайы жекешелендіру кезінде дағдарған жұрттың заман ағымына ілесе алмай шұбырып кетуінен де болғаны рас. Үлесіне тиген жерден көз жазып қалғандардың қазіргі ащы айқайы құлақ тұндырады. Бір атап өтерлігі, қазір ұлтымыздың біраз бөлігі ауылға бет бұрды. Бұл ел бесігінің дұрыс тербелуіне, тұрмысының түзелуіне жан бітіруі тиіс.
Жасыратыныны жоқ, сол ауылға бет бұрғандар кездесіп отырған басты қиындық – жер мәселесі. Жергілікті жердегі әкім-қаралар да бұл жағынан келгенде дәрменсіз. «Жер жоқ» дегеннен басқа айтар уәждері бола бермейді. Талапайда қауқары барлар қамтып қалғанын айта алмайды. Олардың кім екеніне келгенде де тілдерін тістейді. Көбінің иелері далада емес, қалада, төмені облыс орталықтарында көрінеді.
Қазір кейбір ауылдардың маңындағы шұрайлы жайылымды, құнарлы суармалы жерді қоршап тастаған. Ол бір кездері сол ауыл халқының мал жаяр өрісі, жыл маусымының төрт мезгіліндегі қонысы, жем-шөп еккен өңірі еді.
Тіпті түрлі жеміс еккендер қоршау былай тұрсын, төбесін торлап тастаған. Қарапайым халық оған қиыла қарайды, кімдікі екеніне көздері жетпейді, біз қайда қалдық десе, сөзі өтпейді. Амалы құриды, тамсанады. Ата-баба, әке-шеше, өзі өсіп-өнген жерден өзіне үлестің кем тигеніне, біреулердің қарпып қалғанына күйінеді, күйгелектенеді. Бірақ дәрменсіз.
Ақыры кінәлі болудың алдында тұр, лақты ешкісін, бір сиырын арқандап бақпаса, айыппұл төлеймін-ау деп көңілі кірбің тартады. Сондықтан ақиқатты анықтап алмай, себебін білмей, жетпей жатқан не, жерден неге таршылық көріп отырсың, қандай қамқорлыққа зәрусің, т.б. демей, салдарын салмақтамай, «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, ауыл халқын малыңа ие болмағаның үшін айыппұл тартасың деу ел «бесігін» есеңгіретіп жібермей ме, күнкөрісінен айырып, тағы да қала жағалауға апарып тіремей ме? Осыны кең ауқымда ойластырсақ ұтылмас едік, ұлт тірегі ауыл жұртын жабырқатпай, ажарын ашар едік.