Махаббаттың да өз емле-ережесі мен стихиясы бар. Оны қиратуға сіз бен біздің қауқарымыз жетпейді. Тіршіліктің даму заңы үнемі адамдардың пайдасына шешілетін болса, Құдайдан бірнәрсе тілеудің өзі жалған аңқаулық емес пе?! Олай болса, бір адамды шексіз сүю арқылы бір дәуірдің азабын арқалаған арудың есінен адасқанын аңызға балап, ақталып көріңізші? Бір адам қателеспегенде тұтас тарих басқаша сөйлейтін еді деудің өзі де ағаттық. Біз жауапсыздық жайлы айтқымыз келеді, бірақ ол сізге ұнамауы мүмкін... Мүмкін, ұнап та қалар... Мәжнүндік мифке тіл бітірген Адель синдромы.
Гете ақсақал: «орындалған ұсақ мақсаттан орындалмаса да биік мақсат артық» деп, неге айтты екен, ә...
Даңқты жазушы Виктор Гюгоның кіші қызының қасіретіне қартаң тарих «Адель синдромы» деген диагноз қойды. Фортепианода шебер ойнайтын биязы бойжеткен махаббат үшін бәрін мансұқ етті. Бұл әнтек әрекет ақыры ақылды қыздың аяғына тұсау салды. Бір адамға риясыз құмарлық жанын қасіретке байлады. Шынайы сүйген адамы қолжетпесіне айналған сәтте алдағы өмірі бірсыдырғы көрінді. Махаббат магияға ұласты. Еңсесін езген торығу, назалану сезімі көңіліне үйірсек болғаны сонша, бір сәтке болса да осынау өзіндей адамға таршылық еткен дүниеден аулақ кеткісі келді. Оның сартап сағынышы қызбалыққа жетеледі. Жазылмас дерттің жалына жабысқан аянышты тағдыры, адамзатты осылай ойлауға мәжбүрледі.
Кербездік, музыкалық талант, ақша мен атақ, бақытты өмір сүру үшін қажет дүниенің барлығы Адель Гюгоның қолында тұрған. Бірақ оның ертегі өмірі ағылшын офицері Альберт Пинсон келген мезетте күл-талқаны шықты. Әке-шешенің аялы алақанын сезініп өскен сұлу қыздың маңдайына жазылған махаббат азабы айды аспанға шығарды.
Алайда Адельдің өміріндегі алаңсыз күндер он үш жасында аяқталып қойған еді. 1843 жылы туған әпкесі Леополдина күйеуімен бірге круизбен саяхатқа шығып, алып дауылға тап болады. Ажалдың қармағына іліккен әпкесі теңізге батып өледі. Әйелін құтқара алмаған күйеуі Чарльз да сүйіктісінің соңынан бақиға аттаныпты. Бұл қайғылы оқиға бүкіл Гюго әулетінің тыныштығын бұзады. Әкесі Виктор ұзаққа созылған депрессияға түсіп, жеті жылда бірде-бір жол жазбайды. Ал анасы үлкен қызының рухымен сөйлесуді әдетке айналдырған. Әпкесіне өте жақын болған Адель де бұл қайғыдан арыла алмайды. Жиі түс көріп, өзін қылқындыруға оқталған елестердің шырмауында қалып қойғандай болады.
Бәлкім, адамның алып-ұшпа көңілі ілуде бір жабығып алғаны жақсы да шығар. Тәңір жаратқан әрбір құбылыс адамзаттың жүрегінен өтуі тиіс. Жақсы мен жаманның аражігін айыру үшін де, әмбе өзіңнің өмірде бар екеніңді сезіну үшін де. Мейлі ол орасан қуаныш болсын, мейлі ол алапат қайғы болсын. Өйткені пәруайлы пенде үшін ең ауыр қасірет – зерігу. Өмірден зерігу. Тұмшалы ой мен тынымсыз жалығу адамға удай зиян нәрсе. Дүдәмал үмітпен демін ішіне тартып өз қайғысына қамалған Адельдің тағдырының тұспалдамасы.
1851 жылы өжет жазушы Виктор Гюго III Наполеонды сынағаны үшін Франциядан қуылады. Ол алдымен Брюссельге қоныс аударды, кейінірек Ла-Манштағы Гернси аралына қоныстанды. Қайда барса да атақты қаламгер отбасын өзімен бірге ертіп жүрді. Ал туған топырағы Парижден алыстаған кішкентай Адель өзін нашар сезіне бастады. Жалғыздықтың түбіне түсті. Сондай аласапыран күндердің бірінде батыл әрі сымбатты ағылшын офицері Альберт Пинсонмен кездеседі. Алғашында сері сарбаз француз жазушысының қызына қызығушылық танытып, кездесуге шақырғанымен сылқым Адель ұсынысынан бас тартады. Сол тұста тәкаппар бойжеткен бұл әрекеті өміріндегі ең ұлы өкінішке айналатынын сезбесе керек.
Сәнқұмар бикеш көрсеқызар офицерге ғашық екенін кейін байқайды. Альберт Канадаға қызметпен ауысқанда, ата-анасына ештеңе айтпастан соңынан ілесе барады. Құмар ойынға әуес жігіттің қарызын өтеп бермек ниетте әкесіне алдап хат жазып, ақша алады. Өзінің атақты жазушының баласы екенін барынша жасыруға тырысады. Жаңа ортада Альберт екеуі бір-біріне өлердей ғашық екенін айтып қауесет те таратады. Сөйтіп аты-жөнін Адель Пинсонға ауыстырады. Алайда жалынды да жігерлі офицер француз қызының қисынсыз қарекетін көзге ілген де жоқ. Оған әкесінің абыройы мен байлығы да әсер етпеді.
Галифакс қаласының тұрғындары бақытсыз Адельге жаны ашыды. Бұл оның иллюзияларын одан әрі күшейтуге көмектесті. Ағасы Франсуа-Викторға ақыры офицер Пинсонның әйелі болғанын сендіріп жазды. Виктор Гюго баспасөз беттеріне қызының көп ұзамай «Пинсон ханым» болады деп жариялады. Жалған ақпарат жар бермеді. Шарасыз Адель Альбертті өзіне ұсыныс жасауға мәжбүр ету үшін гипнозға жүгінді. Бірақ бұл қадамы да нәтижесіз аяқталды. Жас офицер жергілікті судьяның қызына үйленуге оқталғанда, өзінің екіқабат екенін айтып, қорғаушы арқылы олардың келісімдерін бұзды. Үй-ішінің елге қайт деген өтінішін ғашық бойжеткен құлағына қыстырған жоқ.
Өзін адал әйел ретінде елестетіп, Англия, Канада, Мальта, Америка, тіпті Барбадос аралына дейін ізінен еріп жүре берді. Альберт үйіне қайтып келе жатқанда алдынан тосып тұрған жүдеу тартқан әйелді көретін. Өмірі қорқынышты түске айналған Адельдің психикалық жағдайы асқынып кетті. Өзіне қараудан қалған қыз ғашығына үнемі хат жазып, одан хабарлама күтумен ғұмыр кешті. Батыс Үндістанның батпағына шыланып жүріп, он жылдан кейін отанына оралды. Бірақ бәрі де кеш еді...
Өкініштісі сол, Францияда Адельді әкесі ғана қарсы алды. Анасы дүниеден озып қара жамылған отбасына қарасар ағайын-туыс та жоқ еді. Жазушы көңіл күйінің бұрауын бұзса да жалғыз перзентін елдегі психиатриялық клиникалардың біріне өткізді. Өмірінің соңғы күніне дейін көз алдында баяғы ерке де сылқым қалпында сақталған баласының хал-жағдайын біліп тұрды.
Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, науқас әйел әрқашан да сүйіктісін аузынан тастамай, оған қайтып ораларына сенген. Өзінің жанында өмір сүрген ауыр да тәтті жылдар туралы естеліктерін сақтаған күнделігін қолынан тастамаған. Оны үнемі оқып, жаны ләззат табатын.
1915 жылы 84 жасында Адель Гюго көз жұмды. Оның соңынан ілескен дақпырт күллі әлемнің көкейінде маздады. Жауапсыз махаббат дәуірінің портретіне айналған қайғылы оқиға француз режиссері Франсуа Трюфоны сезім азабын шеккен бойжеткен туралы фильм түсіруге шабыттандырды. 1975 жылы «История Адель Г.» атты кинокартина әлемді шарлап кетті. Адель рөлін әйгілі француз актрисасы Изабель Аджани ойнады. Кейін Изабель де Адельдің азабын арқалады.
Адель ғашық болған күні өлді. Оның жаны сүйгеніне көшті. Жауапсыз махаббат жолында өзін құрбандыққа шалды. Құр тәнін сүйреткен көлеңкесіз сұлу дене көшелерді кезіп жүретін болды. Ессіз құштарлықпен егіле сүйді. Оның күнәсі де сол еді. Бейкүнә күнә. Осынау оңаша, мағынасыз ғұмыры кейде әлдебір сырқаты меңдеген науқастың дәрігер меңзеген межелі күні келгенде өмір сүруге өршеленген өлермендігін не болмаса біреуге тиесілі затты тартып алуға тырысқан балабақшадағы сәбидің жұмсақ базынасын еске түсіреді. Жұмақ іздеген жолаушының шөл далада адасып, бір тамшы суға зар болып Құдайды қарғағаны секілді ессіз, ергежейлі қарекеті санаңды қарып өтеді.
Осы бір қарекеттің сыртында тыныштық пен ләззат сыйлар өмір бары есіне қонып көрген емес. Көз жанары байлаулы, қарашығы өртке оранған соқырдың бағдаршамның жасыл түсі жанғанда тас жолды кесіп өтуге оқталғанындай. Қайта мұның бәрінен көңілінде ауық-ауық бүр жаратын, сәби күнінде көзімен айқын көрген әпкесінің суға батып бара жатқандағы ажал суреті, үрей қойнындағы азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан көрінген шығар. Сол үрей оны өмір бойы өкшелеп қуып келе жатқанын сезсейші...
Ұлы жазушының ұрпағы дәуір таспасына мүсәпір күйінде енді. Жүрегінде бақилыққа ұйып қалған сүйіспеншілік ауыш атандырды. Сезімге мас күйі ұзақ сапарға аттанды. Сол сапар келместің сапары екенін аңдаған да жоқ. Өз сандырағына өзі алданды. Бар айыбы – шексіз сүйгендігі. Сүюден қатыгездікке дейінгі қалың құсалық. Іңкәрліктің теңізіне батты. Жауапсыз махаббаты үшін жанпидалыққа барды. Бірақ оны ешкім түсінген жоқ. Ашығын айтсақ, түсінгісі келмеді. Қиялына қанат бітірген құсни хаттар ақылынан алжастырды. Махаббат алжасты.
Келіссеңіз де, келіспесеңіз де мөлдір махаббат – екеудің әңгімесі. Оны бір адам түсіндіре алмайды.
Біздіңше, бұл – Адельдің емес, француз әдебиетінің биік шыңы Виктор Гюгоның қасіреті.
Тағы ойланып көріңізші... Гете ақсақал: «орындалған ұсақ мақсаттан орындалмаса да биік мақсат артық» деп неге айтты екен, ә?..