Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі екінші питчингтің қорытындысы бойынша өндіріске жолдама алған коммерциялық фильмдермен таныстырды.
Атап айтқанда, келер жылы дебюттік, анимациялық, қысқа метрлі, авторлық картиналар мен коммерциялық әлеуеті жоғары бірқатар жоба фильмге айналып, көрерменге жол тартпақ.
Болашақ отандық блокбастерлердің тізбегін қазақстандық ең табысты режиссерлердің бірі Асқар Бисембин бастайды. Ол кино орталығымен серіктестік орната отырып, «Билет из рая» комедиялық мелодрамасын жарыққа шығармақшы. Автор бұл жобаның пайда болуына өз қызы Камилланың сұрағы себеп болғанын атап өткен. «Әкеңіз тірі болғанда онымен қандай сырыңызды бөлісер едіңіз?», деген сауал оны ойландырып тастайды.
Лирикаға толы тағы бір кино – Асқар Ұзабаевтың «Адам және Алма» мелодрамасы болмақ.
Бас кейіпкер Адам қарызын өтеу үшін жер сату туралы шешім қабылдайды. Сол шешімімен әкесінің 30 жыл бойы күтіп-баптаған алма бағының тағдырын бір сағаттың ішінде күл-талқан қылады. Жерді сатып алушы – ірі құрылыс компаниясы бақты сақтап қалғысы келмейді. Оның орнына шипажай салу ниетімен бақты шауып тастайды. Атақты Алматы алмаларының тарихынан ақша қымбатырақ болып шығады. Селекционерлердің көпжылдық еңбегі бақша қызметкерлерінен басқа ешкімге керек емес екен. Бірақ олар жер иесіне қарсы келе алмайды. Осы кезде кейіпкердің басты трансформациясы орын алады. Адам өз әкесінің ісін түбегейлі жойып жібере жаздағанын түсініп, жаңа бақ салып, бірегей алма сұрыбын өсіруді қолға алды. Картинаның түсірілімі Алматы облысында өтеді, ал басты рөлдерді Берік Айтжанов пен Альмира Тұрсын сомдайды.
Режиссер Айдын Самаханның «Дос-Мұқасан» фильмі де көрермен қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Өйткені әндері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ел тарихындағы ең танымал музыкалық ұжымның қалыптасуы жайлы баяндайтын фильмде мюзикл элементтері бар.
Қоюшы-режиссер биографиялық киноны өзгеше тәсілмен түсіруді және «Дос-Мұқасанның» қаһармандарын картинаның сюжетіне шеберлікпен үйлестіремін деп уәде еткен.