Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (10-0, 6 КО) өзінің кезекті жеңісінен кейін IBF (Халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша жартылай орта салмақтағы ТОП-10 боксшының қатарына қосылды.
Жуырда отандасымыз бір жылдық үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралып, намибиялық қарсыласы Джулиус Индонгоны (23-3, 12 КО) екінші раундта техникалық нокаутпен сұлатып салған-ды. Осы жеңісі арқылы Елеусінов IBF Inter-Continental чемпионы вакантты белбеуінің иегері атанған-ды. Кәсіби мансабындағы алғашқы титулын иеленгеннен кейін жерлесіміз күні кеше жаңарған IBF рейтингінде 9-орыннан көрінді.
Қазіргі таңда бұл салмақтың (66,68 кг) чемпионы америкалық кіші Эролл Спенс саналады. Ал рейтингтің бірінші орнын өзбекстандық былғары қолғап шебері Кудратилло Абдукахоров иеленіп тұр. Екінші орынға тағы бір америкалық Шон Портер, үшінші орынға ресейлік боксшы Сергей Липинец жайғасқан.