• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 07 Желтоқсан, 2020

Шағын және орта бизнес қолдауға зәру

610 рет
көрсетілді

Сенатта «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтті.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев өз сөзінде отан­дық би­з­нес­тің маңызды мәсе­лелеріне тоқ­талды. Оның айтуынша, соң­ғы жылдары шағын және орта биз­несте белсенді субъектілердің саны артып келеді. Бірақ соған қара­мас­тан қазақстандық шағын кәсіпорындар қызметінің негіз­гі саласы сауда болып отыр, көптеген бизнес субъектілері кө­лең­кеде жұмыс істеуге бет бұр­ған. Орта бизнес субъекті­лері­нің саны қысқаруда. 2015 жылдан бастап мұндай кәсіпорындардың саны 13 пайыздан азайып кетті.

Сенат Төрағасы банктердің шағын және орта бизнеске несие беруінің азаюын, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары деңгейінің төмендігін және ұлттық компаниялардағы сатып алуға кәсіпкерлер үшін қолжетімді болмай отырғанын және басқа да проблемалар туралы айтты. Мәулен Әшімбаев соны­мен қатар пандемия кезін­де елімізде бизнесті қолдау жөнін­де қосымша шаралар қабыл­данғанын атап өтті.

«Шағын және орта кәсіп­кер­лікті дамыту – ел экономи­касының өсімін және оның тұрақ­тылығын қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі. Қазіргі уақытта бұл мәселенің маңызы бұрынғыдан да арта түсті.

Пандемия бірқатар салаға, оның ішінде шағын және орта бизнеске де өз зардабын тигізді. Көлік, сауда, қызмет көрсету, қоғам­дық тамақтану, қонақүй және жылжымайтын мүлік биз­несі айтарлықтай шығынға ұшы­рады. Қолдағы бар деректерге сүйенсек, пандемиядан кем дегенде 800 мың отандық кәсіпкер зардап шеккен.

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпорындар шама­мен 3 миллион 300 мың қазақстандықты жұ­мыс­пен қамтып отыр. Бұл эконо­микалық белсенді халық­тың 39 пайызын құрайды. Сондықтан осы саланың әлеуметтік маңызы өте зор.

Шағын және орта бизнес Мем­лекет басшысының бас­ты назарында. Президентіміз биыл­ғы Жолдауында шағын және орта бизнеске қосымша көмек ретінде кешенді қолдау шараларын ұсынды. Пандемияға байланысты жеңілдікпен берілетін несие көлемі айтарлықтай ұлғайды. Несиелерді 6 пайызға дейін төмендету үшін мемлекеттік субсидия беріліп жатыр.

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тие­сілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алғаны үшін төленетін жалдау ақысы жыл соңына дейін тоқтатылды. Шағын және орта бизнес өкіл­дерінің еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық жеңілдетілді.

Салық кодексіне бірқатар маңызды түзетулер енгізіледі. Шағын және орта бизнесті екі жылға қосылған құн салығынан және әлеуметтік салықтан босату ұсынылды. Президент тапсырмасы бойынша табыстың 3 пайызы көлемінде бөлшек салық енгізіледі. Осы және басқа шаралар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қосатыны сөзсіз», деді Сенат Төрағасы.

Сенаторлар парламенттік тыңдауға дайындық барысында Үкіметке шағын және орта бизнес мәселелерін шешуге ықпал етуге арналған бірқатар ұсыныс әзірледі. Палата депутаттары кәсіпкерлердің қызметіне араласқаны үшін лауазымды тұлғаларға және рейдерлікке жауап­кершілікті күшейтуге бағыт­талған нақты шараларды ұсынды.

«Сенаторлар лауазымды тұл­ға­лардың кәсіпкерлердің қыз­метіне араласқаны үшін жауап­кершілікті күшейтуге бағыт­талған шараларды қолдайды. Еліміздің Президенті атап өт­кендей, кәсіпкерлік қызметке заң­сыз кедергі жасау мемлекет­ке қарсы ауыр қылмыс ретін­де қарастырылуы керек. Мем­лекет басшысының бұл нұсқауын заңнамаға бірқатар өзгеріс­тер енгізу арқылы жүзеге асыру­ға болады. Әкімшілік құқық­бұзу­шы­лық туралы және Қыл­­мыс­тық кодекстерге өзгеріс­тер енгізу көзделуде», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ кәсіпкерлердің жер учаскелеріне қол жеткізу шарттарын жақсарту ұсынылды. Сенат Төрағасы атап өткендей, ұсынылып отырған шаралардың бірі – бос жер учаскелері мен саудаға шығару жоспары туралы ақпаратты жүйелеу және интернет-ресурстар мен басқа да алаңдарда орналастыру арқылы мейлінше ашықтығын және қолжетімділігін қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ елді мекендердегі жерлердің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімін, оның ішінде артық келісу рәсім­дерін алып тастау арқылы оң­тайландыру ұсынылады, деді ол.

Мәулен Әшімбаев микро­кәсіпкерлік субъектілерін жеке санатқа бөлу туралы бастаманы жария етті.

«Ондай ережені Кәсіпкерлік кодексінде бекіту ұсынылады. Ол тиісті бағдарламалар аясын­да микробизнесті тиімді және нақты қолдауға, оның ішінде жеңілдетілген және оңайлатылған несие беру арқылы ықпал етуге тиіс», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы сондай-ақ «Бизнеске арналған Үкімет» бірың­ғай сервисі мен мемлекеттік қол­дау ақпараттық порталының жұмысын тиімді құрудың маңыз­дылығын атап өтті.

«Адамдарға арналған ыңғай­лы әрі түсінікті ақпараттық сер­вистерді жан-жақты дамыту қажет. Ондай өнімдер бизнеске мемлекеттік қолдау құралдарын жақсы бағдарлауға, жеткізушілер мен әріптестерді іздестіруге және өнімді шетелдік нарықтарға ілгерілетуге көмек­тесуі тиіс», деді ол.

Мәулен Әшімбаев сөзінің соңында шағын және орта бизнес саласындағы заңнаманы то­лық ревизиялау мен жүйелеу қажет­тігіне баса назар аударды.

«Мемлекет басшысының Үкі­метке берген тапсырмасын орындау аясында шағын және орта бизнеске қатысты заңнамаға толық ревизия жасап, жүйелендірген жөн. Салық­тық әкімшілендіруді жетіл­діруді жалғастыру қа­жет. Кәсіп­керлердің есеп­тілігін оңтай­ландыру үшін мүм­кін­діктерді қарастырған жөн. Шектен тыс бюрократиялану­ды, қайта­лануды, қарама-қайшы­лық­тар­ды болдырмау, бизнесті не­гізгі қызметтен алаңдатпауы керек», деді Сенат Төрағасы.

Бұдан кейін Сенаттың Эко­но­микалық саясат, ин­нова­циялық даму және кәсіп­керлік ко­митетінің төрағасы Дәурен Әділбеков баяндама жасап, шағын және орта бизнес сала­сындағы бірқатар жүйелі проблеманы атап өтті.

«Екінші деңгейлі банктердің шағын және орта бизнес субъек­тілерін несиемен қамтуы өте төмен. Мұның бірінші себебі – банк несиелерінің пайыздық үстемеақысы жоғары. Банктер ша­ғын және орта бизнес саласын­дағы 30 мыңға жуық қарыз алу­шыға қызмет көрсетеді. Бұл – осы салада жұмыс істеп тұрған субъектілердің небәрі 2,5 па­йызы ғана.

Мемлекеттік субсидия ретінде 6 пайыздық жылдық пайызбен бизнесті қолдауға бағытталған мемлекеттік қолдау шағын және орта бизнесті жет­кілікті деңгейде қамти алған жоқ. Банк секторы мемлекеттің қатысуынсыз шағын және орта бизнеске мүлдем несие бермейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлі­метінше, екінші деңгейлі банк­тердің мемлекеттің көме­гінсіз шағын және орта бизнеске несие беру үлесі биыл небәрі 19 пайызды құрады.

Банктер жеңілдетілген несие­лендірудің мемлекеттік бағ­дарламаларына қатысудан, несиеленетін кәсіпкерлер санын көбейтуден және несиелік тәуекелді төмендетуден пайда көреді. Бірақ олар шағын және орта бизнеске өз бетінше несие беруге құлықсыз.

Екіншіден, отандық кәсіп­керлер үшін банктер ұсынған шарттармен несие алу тиімді емес. Өйткені оларда кредитті төлеу мерзімін кейінге шегеру тетігі жоқ. Кез келген бизнес-жобаны іске асыру үшін бел­гілі бір уақыт қажет. Ал несие тө­лем­дерін алғаннан кейін бір айдан кейін төленуі керек», деді сенатор.

Дәурен Әділбековтің айтуынша, талқыланып отырған саладағы екінші жүйелі проблема – бизнес субъектілерінің мемлекеттік сатып алу процесіне аз қатысуы.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда сатып алуды бір көзден тікелей шарт жасасу арқылы жүзеге асыруға болатын 50-ден астам жағдай белгіленген. Соның салдарынан бірқатар қиындық туындап, кәсіпкерлердің сатып алу жүйесіне қатысу про­цесін қиындатады. Тапсырыс беру­шінің кім екеніне қарамас­­тан, мем­­лекеттік сатып алу­дың бірың­ғай қағидалары болуы тиіс. Себебі сол қызметті бірдей шарт­тар бойынша сатып алу керек», деді депутат.

Сенатор келтірген деректерге сүйенсек, мемлекеттік сатып алудағы осындай ерекшеліктің әсерінен кей бизнес субъектілері сатып алуды жиі-жиі жеңіп алатын көрінеді. Мәселен, 2018 жылы 49 мыңнан астам мердігер мемлекеттік сатып алу кон­курсын бес реттен артық жеңіп алған. Осылайша, олар қосалқы мер­дігер жалдап, жұмысты сапасыз атқаруға жол ашқан.

Сонымен қатар депутат қазіргі таңда кәсіпкерлік және өзге қызмет нысандарының жұмысын эпидемиялық жағдайға қарай орталық мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға шектейтінін атап өтті. Карантин енгізу туралы ақпаратты жария­лау мерзімі реттелмеген. Бұл кәсіп­керлер үшін бизнесті жоспарлау мен жүргізу қатерін ұлғайтады.

«Кәсіпкерлік қызметін шектеу тетігінің өзі бірқатар сұрақ тудырады. Мәселен, кәсіпкерлер­дің айтуынша, қазір қалааралық автобус тасымалы шектелген. Бірақ адамдар жеңіл көлікпен 5-15 жолаушы болып бір қаладан екінші қалаға қатынап жүр, әуе және темір жол қатынасы бар. Алайда санитарлық талаптарды орындап тұрса да, автотасымал тоқ­татылған. Кинотеатрлардың жұмысына қатысты да осыны айтуға болады. Олар ведомство­аралық комиссияның 18 талабын орындаса да, жұмыс істеуге рұқсат етілген жоқ.

Пандемия жарияланғанда денсаулық сақтау жүйесі және халық COVID-19-бен күресуге дайын болған жоқ. Алайда қазір жағдай өзгерді. Халық бетпердемен, дәрі-дәрмекпен қамтылған, төсектік орын, жасанды тыныс алдырту аппараттары бар, емдеу хаттамасы айқындалды. Осы орайда бизнесте мынадай сұрақ туып отыр – аурудың таралуына кәсіпкерлік қызмет қана себеп пе?», деді Д.Әділбеков.

Парламенттік тыңдау барысында Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленов баяндама жасап, елдегі шағын және орта бизнестің жай-күйі туралы айтып берді. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, 2019 жылы бұл саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 31,7 пайызды құраған. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2015 жылы бұл көрсеткіш 24,9 пайызға тең еді.

«Біздің міндетіміз – шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу. Бұл дамыған елдердің деңгейіне сәйкес келеді. Бизнесте жұмыс­пен қамтылғандар саны жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда олардың саны 3,5 млн адамды құрайды.

Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары қазақстандық шағын және орта бизнес құрылымында жетекші орын алады. Өңірлік жалпы өнім көлемінің үштен бірі, сондай-ақ шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің жалпы санының үштен бірі екі қалаға тиесілі.

Шағын және орта бизнес – жұмыспен қамтудың негізгі драйвері. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестегі адамдар саны 3,5 млн-ға жетті. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық.

Сауда секторы өндірілген өнім көлемі бойынша көш бас­тап тұр. Оның үлесіне осы сала өндірісінің төрттен бір бөлігінен астамы тиесілі. Шағын және орта бизнес өнімінің 20 пайызы экономиканың өнеркәсіптік секторына тиесілі.

Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес 212 мың адамды немесе осы саладағы жалпы жұмыспен қамтылуының 6 пайызын қамтиды. Жұмыспен қамтылған кәсіпорындардың негізгі үлесі, яғни 50 пайызға жуығы тамақ өнімдері, металл, металл емес өнімдер өндірісіне тиесілі.

Өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта бизнес жыл сайын 4 трлн теңгеге өнім шығара­ды. Оның жартысынан көбі – азық-түлік өндірісі, металлургия өн­ді­рісі және металл/металл емес өнімдер өндірісі», деді Р.Дәленов.

Іс-шараға Парламент депутаттары, орталық мемлекет­тік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, «Атамекен» ҰКП, бизнес және халықаралық ұйым­дардың өкілдері, еліміздегі Кәсіп­кер­лер құқықтарын қорғау жөнін­дегі уәкіл, сондай-ақ Сенат жа­нын­дағы Жас сарапшылар клубы­ның мүшелері қатысты.

Парламенттік тыңдаудың қорытындысы бойынша әзір­ленген ұсынымдар Үкіметке жіберілмек. Ұсынымда Кәсіп­кер­лік кодекске мемлекеттік қол­дау көрсету шараларын кеңей­ту, мемлекеттік бақылауды (қада­ғалауды) жүзеге асыру кезінде кәсіп­керлердің құқықтарын қор­ғау мақсатында бірқатар өзгеріс енгізуге кеңес берілді. Сонымен қатар Салық кодексіне, Жер кодексіне, Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодекске және тағы басқа құжаттарға бірқатар өзгеріс енгізу айтылған.