Алматыда Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет қолға алынған «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты өтті. Салтанатты шараға ақын-жазушылар, журналистер, қоғам қайраткерлері қатысты.
Ақын, сарапшылар кеңесінің төрағасы Бауыржан Жақыптың айтуынша, қатысушылардың ынта-ықыласы өте жоғары болған. Соған сай келіп түскен шығармалар да сайдың тасындай мықты дейді.
– 200-ден астам автордан 300-ге жуық шығарма келді. Жанрлары да әр алуан. Проза, өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, хикаяттар бар. Ішінде өте жақсы шығармалар бар екенін көрдік. Есімі көпке мәлім қаламгерлермен қатар жаңа есімдер де жеткілікті. Әрі талқылап, бері талқылап ең лайықты деген шығармаларды жүлдеге ұсындық. Келер жылдан бастап бұл бәйге дәстүрлі байқауға айналмақ. Министрлік те қолдауға ниеттеніп отыр. Бұл бізді қуантып отыр, – дейді ақын.
Байқау 3 санат негізінде өткізілген. І санат – төменгі сыныпта оқитын оқушыларға арналған шығармалар байқауы. ІІ санат – орта сынып оқушыларына арналған байқау. Ал ІІІ санатта жоғары сынып оқушыларына арнап жазылған шығармалар бәйгеге түскен.
Байқауда бірінші орын алған жүлдегерлер Мәдениет және спорт министрлігінің дипломымен марапатталды. Сонымен қатар жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай марапат та ұсынылды. Қазылар алқасының шешімімен І санат бойынша 1-орынды Ақылбек Шаяхметов иеленсе, 2-орын Серікбай Оспановқа, 3-орын Ернұр Сейдахметке бұйырды.
ІІ санат бойынша 1-орынды Көсемәлі Сәттібайұлы жеңіп алса, 2 және 3-орындарға Байділдә Айдарбек пен Гүлжан Амангелдіқызының шығармалары лайық деп танылған
ІІІ санатта Айгүл Кемелбаева оқ бойы озық шықты. 2-орын Ертай Ашықбаевтың еншісіне тиді. Үшінші орынды Қайым-Мұнар Табеев иеленді.
Шара соңында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағатынан іріктеліп алынған сирек кітаптардан, газет-журналдардан тұратын «Сирек көне қолжазбалар» мұражайының лентасы қиылады.
«Сирек көне қолжазбалар» мұражайына Кітап палатасы мұрағатындағы ХІХ-ХХ ғасырларда төте жазу, шағатай жазуы, ескі латын жазуын бойынша жарық көрген еңбектер қойылады.
Мұражайдың лентасын қию рәсімінен соң қадірлі қонақтар құттықтау сөз сөйлейді.
АЛМАТЫ