Қазақстан халқының банк алдындағы берешегі артып бара жатыр. Бұл ретте тұтынушылық несиені меңзеп отырмыз. Жеке тұлғалардың қарызы шамамен 4 триллион теңгеден асады. Халықтың 27 пайызы банк алдында борышкер.
Жеке азаматтардың несиесін кешіріп тастау үкімет үшін де, экономика үшін де тиімсіз дегенді экономистер айтып жүр. Егер олай істесе мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындай алмай қалуы мүмкін. Амнистияның тиімсіздігін айғақтайтын басқа да себептер баршылық. Бұл орайда елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдануы керек деген ой айтылып жүр.
2014 жылы «Ақжол» партиясы осы заңды қабылдатуға белсене кірісті. Алайда үкімет ұсынысты қабылдаудан бас тартқан.
– Біз «банкроттық туралы заңға» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы бөлім енгізуді ұсындық. Алайда үкімет әуелі жалпы кірістер туралы декларация қабылдануы керек деген аргумент айтты. Оны 2017 жылы енгізуі мүмкін. Ал қазір кредитін төлей алмаған халықтың қиналып жатқанын көріп отырмыз. Осы үшін бұл заң керек, – деген болатын Азат Перуашев.
Мемлекеттің әуелі декларацияны бір жақты етіп алайық деген ойы түсінікті. Үкімет әр азаматтың қарыздық, экономикалық хал-ахуалы туралы біліп алғысы келеді. Сөйтіп, қарыз алып, оны қайтармай кеткісі келетін алаяқтардан сақтануды көздейді. Бірақ бұл декларация әлі қабылданған жоқ. Үкіметтің дәл осы декларация мен банкроттыққа келгенде тым енжарлыққа салынатынын жиі байқаймыз.
Бұрын банк саласында жұмыс істеген тәжірибесі бар депутат Дания Еспаева «Оңалту жоспары клиенттің банк алдындағы берешегін 10 жыл ішінде өтеп, есесіне дүние-мүлкін сақтап қалуына мүмкіндік береді» деген еді.
Ал осыған дейін журналистерге сұхбат берген қаржы заңгері Евгений Сейпульник бұл заңның тиімді боларына сенбейді.
– Бұл заңды қабылдамай тұрып азаматтық, әкімшілік, салық және қылмыстық саладағы құқықтық қатынастарды қайта қарау керек. Сізді банкрот деп танығаннан кейін – дүние-мүлкіңізді сатып үлгермей жатып сіз жаңа жұмысқа тұрып, төлем қабілетіңізді жақсартып алсаңыз не болмақ. Десе де заң пайдасыз емес. Заң енгізілсе қоғамдағы әлеуметтік қиындықтарды шешіп, мемлекетті несиені кешіруге жұмсайтын шығындардан арылтуына мүмкіндік берер еді, – депті заңгер.
Қоғамға мұндай заңның керек екенін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та көтерген.
– Егер азамат несиесін төлемесе барша өркениетті елдердегідей жеке тұлғаның банкроттығын қолдануы керек. Несие қайтарылмаса мемлекет пен экономиканың күйі не болмақ? «Төлемесең, онда банкротсың» деген тәртіп бүкіл әлемде бар, – деген еді 2014 жылы үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Кейінірек Елбасы бұл ойын халыққа арнаған Жолдауында да жетілдіре түскендей.
«...Біз бәсекеге қабілетсіз компанияларды мемлекет есебінен «сүйремеуге» тиіспіз. Үкіметке жеке және заңды тұлғалар үшін банкроттықтың нақты және түсінікті ресімдерін жасауды тапсырамын. Ол барынша жеңілдетілген болуы тиіс» деді 2015 жылы жасаған Жолдауында.
Президент тапсырмасынан соң 2016 жылы сәуір айында фискалды органдар алғашқы тұжырымдаманы әзірлеп, 2017 жылы заң жобасы көпшілік назарына ұсынылған. 2018 жылы парламентке жолданған.
Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов те банкроттық жайлы бастаманы қолдайды.
– Егер жеке банкроттығын жариялау туралы заң болса, онда бұл банктердің несие беру және сыйақы төлеу кезіндегі жауапкершілігін арттыра түседі. Қабылданса жоқ дегенде он мыңдай қарыз алушы бұл заңды пайдаланады. Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы банктерге ұзақ мерзімді перспективада жақсы әсер береді, – деді Рысмамбетов.
Әлем тәжірибесіне зер салсақ банкрот болудың машақаты көп екенін байқаймыз. Бірақ біздікі тым шұбалаңқы көрінеді. Әуелі азамат тұрғылықты жері бойынша фискалды органға жүгініп, процесті бастайды. Сосын мемлекеттік орган қаржылық басқарушыны тағайындап, ол тәуелсіз тексеріс жүргізіп, борышкердің мүлкін сатылымға дайындайды. Ол адам сондай-ақ сауықтыру бойынша да арнайы жоспар әзірлейді. Құжатты дайындау 90 күнге дейін созылады. Ал дайын жоспардың жүзеге асуы 5 жылға дейін уақытты алуы мүмкін. Бүкіл мүлік есептеліп, борышкердің алаяқтыққа қатысы бар-жоғы тексеріліп болған соң сот басталады. Борышкердің мүлкі сот шешімімен аукционда сатыла бастайды. Мүліктің қалай сатылғанына қарамастан ол пропорционалды түрде және кезек арқылы кредиторлар арасында сатылады. Содан кейін барып сот борышкердің банкроттығына қатысты түбегейлі шешімді шығарады.
Talap қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі Рахым Ошақбаев заңның әлі күнге дейін созбаққа салынып келе жатқаны – үкіметтің қауіптенуінен туындап отырған сияқты дейді.
– Үкімет пен Ұлттық Банк егер бұл заң кенеттен адамдарға өздерінің төлем қабілетсіздігін аздаған шығынмен рәсімдеуге мүмкіндік берер болса, бүкіл клиенттер сондай масылдыққа үйреніп алады деп қауіптенетін секілді. Мен банктер үшін емес, азаматтар үшін алаңдауға үндеймін, – деген еді экономист.
2019 жылы қаржы министрлігі 3 жыл бойы жазған «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» жаңа заң жобасымен жұмысты тоқтатып тастады.
«Қарыз берешегі бойынша проблема туындаған жағдайда қарызды қайта құрылымдауға мүмкіндік беретін; Проблемалық қарыздарды қадағалау бойынша сотқа дейінгі құралдар қызметін кеңейтуге мүмкіндік беретін; Несиелік міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін кепілдік институтын қалпына келтіруге мүмкіндік беретін ипотекалық несиелеудің жаңа тәртібі енгізілуіне байланысты заңнамамен жұмыс тоқтатылды» деп түсінік берген еді сол кездегі қаржы министрі Әлихан Смайылов.
2018 жылы депутат Аманжан Жамалов заң жобасын талқылау кезінде «Таразының екі басы бар. Банкротқа ұшыраған жеке тұлғалардың жеке баспанасын сақтап қалу туралы заң шықса, «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары тұралап қалады. Мұндай шектеулер мемлекеттік бағдарламаларға кері әсерін тигізуі мүмкін» деген еді. Смайыловтың да байламы осы оймен арналас жатқанын аңғармау қиын емес.
Экс-депутат Бауыржан Смаилов банкроттық туралы заң қабылданған күнде оны бәрі қолданады деп айту қиын дейді.
«Банкроттық заңын қолданатындардың 40 пайызын ғана борышкерлер құрайды. Ал қалған істерді басқа мүдделі тұлғалар бастайды (мәселен, несие берушілер). Ресей тәжірибесі соны көрсетті. Бұл ретте жаппай банкроттықтан қорықпау керек. Ресейдің Орталық Банкінің экономистері заңның мақсатты аудиториясын қолданатындар саны 600 мыңнан астам адам болады деп топшылады. Бірақ 2015 жылы заң қабылданғаннан кейін бір жыл өткен соң банкроттық рәсімін 600 мың борышкердің 1000-ға жуығы, яғни 0,2 пайызы ғана пайдаланды. Сондықтан, экономикалық жүйелер мен халықтың менталитетінің ұқсастығын ескере отырып, біз мұндай заңның енгізілуі жаппай банкроттыққа әкелмейді деп толық сеніммен айта аламыз. Шет елдердің тәжірибесін зерттеу арқылы заңды қабылдау қажет. Сонда біздің елімізде шикі емес толық, жеке тұлғалардың құқын таптамайтын заң қабылданады» делінген Смаиловтың Zakon.kz сайтында жариялаған мақаласында.
Өзге елдерде бұл заң әлдеқашан қабылданған және өз тиімділігін көрсетіп үлгерген. АҚШ-та қарыз алушыны банкрот деп тану 3-4 ай ғана уақыт алады. Оның өзінде барлық қарызы кешірілмейді. Азаматтардың 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялауға құқы бар. Ал Ұлыбританияда банкрот болған азамат заңгерлік қауымдастық, жылжымайтын мүлік агенттігі, биржа мен коммерциялық құрылымдарда жұмыс істей алмайды. Мемлекеттік қызметке де шектеу қойылған. Жапонияда да солай. Банкрот болған борышкер адвокат, нотариус, бухгалтер болу құқығынан өмір бойына айрылады. Аустралияда 3,5 мың доллардан артық қарызы бар кез-келген жеке тұлға банкрот атана алады. Бірақ бүкіл мүлкі кредиторларға өтеді.
Банкроттық – банк алдында берешегін өтей алмай, отбасын асыраудың өзі мұңға айналған азаматтардың құтқарушы періштесі іспетті заң. Бұл – анық. Бірақ ондай «періштені» жібере салуға үкімет жүрексініп отыр. Өйткені елге де, үкіметке де орасан қауіп төнбек. Бұл жағын «Ryskulov analitics» орталығының директоры Жасұлан Күшебаев жақсылап талдап берді.
– Заңды қабылдап жіберген күннің өзінде елге, үкіметке үлкен зиян тиюі мүмкін. Неге? Өйткені еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 90 пайызының несиесі бар. Әсіресе, тұтынушылық несие артып барады. Әрі соңғы үш айда төленбеген несие көлемі (NPL) жалпы несие көлемінен 13 пайызға асып кеткен. Яғни, 100 адамның 13 адамы несиесін төлей алмай жатыр деген сөз. 100 адамның 90 пайызы кредит алса, оның 13-і төлей алмай жатса, демек ахуал керемет емес. Осы орайда үкімет заңды қабылдап қойсақ, халықтың көп бөлігі осы заңды пайдаланып, несиесін төлеуден жалтарып кете ме деп қауіптенеді. Елдегі қиын экономикалық ахуалға, жалақы көлемінің өспеуіне байланысты банкроттық туралы заң бізге үлкен қауіп әкелетін заңға айналып кетуі ықтимал. Мұның екінші жағы – егер көптеген қазақстандық өзін банкротпын деп жарияласа, бұл инвесторлардың да қаупін оятады. Яғни, елде шынайы экономикалық жағдай нашар, халықтың төлем қабілеті төмен, ертең бизнес ашсақ халық тарапынан сұраныс болмайды деген қорқыныш туады. Осындай бірнеше жанама факторлар заңды әлі тежеп отырған сияқты, – дейді экономист.
Егер төленбеген несие көлемі осы қарқынмен өсе берсе үкімет келер жылы әйтеуір бір шешім қабылдауға мәжбүр болады: Не өндірісті түлетіп, аста-төк жалақы беріп, жұмыссыздардың санын 0-ге дейін төмендету. Не амнтистия жариялау. Не банкроттық туралы заңның тұсауын кесу. Бізге салса алғашқысы дұрыс. Оның бірақ қанша жылдарға созыларын супер-эксперт те айта алмайтын сияқты.
АЛМАТЫ