• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Желтоқсан, 2020

Жаппай екпе жұқпалы індеттің жолын кеседі

269 рет
көрсетілді

Өкінішке қарай, аты жаман індетті жұқтыру дерегі Жетісу өңірінде де көбейіп келеді. Өткен бірер тәулікте коронавирус инфекциясы 68 адамнан анықталған. Ал осы мерзім арасында 320 науқас дерттен айығыпты.

 

Мұндай мәліметтердің күн са­йын көбеюіне тұрғын­дар­­дың нем­құрайдылығы да се­­беп болып отыр­ғанға ұқ­сай­­ды. Оның үстіне күн ра­йы­­ның күрт суытып, тыныс жү­йе­сіндегі аурулардың өр­шуі де ин­фекцияның үде­уіне түрткі болуда. Ал маман­дар коронавирустың екін­ші тол­қынынан сақтану үшін адам­дардың жеке жауап­кершілігіне сенім артады. Мысалға, тәжі­рибелі фтизиатор-дәрігер, ұзақ жылдан бері Көксу аудандық ауруханасының туберкулез­ге қарсы күрес бөлімінің мең­герушісі болып қызмет атқарып келе жатқан Бибігүл Желдіқова кез келген дертті, оның ішінде жұқпалы аурумен күресіп же­ңіске жету үшін адамның қа­жыр-қайратынан бөлек, меди­цина заңына мойынұсыну бі­рінші орында тұруы керек деген пікірде.

– Менен жаздың соңы мен күз айларында вирус жұқтыру неге бә­сеңдеді деп сұраған­дар көп. Есімізге түсірсек, ин­фекцияның алғашқы толқы­нынан кейін халық карантин жағдайына бейімделіп, тәр­тіп шараларын сақтай бас­та­ды. Осының нәтижесінде ви­русты ауыздықтау мүм­кін болды. Адамдар өздерін сақ­тауды, аурудан қорғануды үй­ренді. Маска тағып жүру­ді әдетке айналдырды. Өзін қор­ғау арқылы отбасын, жа­қын­дарын қорғауды, жа­на­шыр бо­луды үйренді. Көп­шілік жер­ге бармауды, адам көп шоғырланған жерде ара­қа­шық­тықты сақтауды үйренді, – дейді фтизиатор-дәрігер.

Жалпы, медицина саласына елу жылға жуық тер төгіп жүрген дәрігер адамзат бұған дейін бетпе-бет келген вирус­ты инфекцияларға қарағанда COVID-19 вирусының зардабы орасан деген пікірде. Ал мұндай деңгейдегі жұқпалы індеттің емі тек вакцинада екен. Маман оның мысалы ретінде адамдардың қызылша, полеомелит сияқты ауруларға қар­сы вакцина алғандықтан ғана мұн­дай індеттен аман қалып отыр­ғанын айтады.

– Әлемді бұл індеттен вак­цина құтқарады. Тарихқа қа­ра­­саңыздар, адамзатты осы уақыт­қа дейін неше түрлі ауру­дан тек вакцина құтқарға­нын көре­сіздер. Бұл жолы да коро­на­ви­рустан қажетті вакцина табылып, оны салдырғаннан ке­йін толық құтыламыз. Егер ха­лықтың жетпіс пайызы вакци­на алатын болса, бұл үлкен же­тіс­тік болар еді. Әрине, ек­­пе алу-алмау – әркімнің өз құ­­қы­ғы. Бірақ дәрігер ретінде көр­­ші Ресейдің вирусқа қарсы қар­­сы вакцинасы қолданысқа шық­­са, бірінші салдырушылар қа­­та­рында болар едім. Өйт­ке­­ні бұған дейін түрлі дертке қар­­сы салынған екпелердің ішін­­де Ресей өнімінің сапасы өте ж­оғары болып келді. Мұ­ны мен дәрігер ре­тінде бар­лық жа­уап­кершілікпен ай­та аламын, – дейді Бибігүл Сәкен­қызы.

Айтпақшы, ардагер дәрігер нау­қастарды ем қабылдауы үшін жалған ақпаратқа сеніп, дәлел­денбеген әдіс­терге жү­гінбеуге шақырады. Нау­қастар дәрі-дәрмек қабылдау мен ме­дициналық тексеруден өту ке­­зінде неғұрлым сабыр сақтап, сауатты болса, емнің шипасы мен сарап­таманың нәтижесі де соғұрлым сапалы болады екен. Әсіресе қымбат препараттарға артық ақша жұмсау мен өк­педегі кінәратты анықтау үшін бірден озық технологияға жү­гінуге асықпаған жөн.

– Індеттің алғашқы тол­қы­нын­да біз үлкен дағдарысты бас­тан өткердік. Салдары ауыр болды. Ме­ди­цина да, адам­­дар да күреске қа­бі­летсіз бол­­ғанын жасырмаймыз. Сол тұс­та науқастардың жаппай ком­пьютерлік томографияға тү­су үшін апталап кезекке жа­зылғанын көрдім. Бұлай етудің түк қажеті жоқ еді. Бұл әшейін дүрбелең болатын. Өйткені өкпенің қабынуын анықтау үшін аппараттың арзан-қым­баты емес, дәрігердің біліктілі­гі қажет. Оның үстіне қазіргі рент­ген аппараты да дамыған. Ол өк­педегі дақты томографтан кем көр­сетпейді. Әрине, жасанды инте­лект адам өкпесінің қанша пайыз за­қ­ымданғанын цифрмен есептеп шығарып бе­ретін шығар, бірақ біз өкпенің суретіне қарап-ақ оның қанша пайыз зақымданғанын дөп басып айтамыз. Науқастардың ара­сында біздің ауруханада тегін жа­салған рентген қоры­тындысына күмәнданып, Ал­матыға арнайы ба­рып, 3 күн кезек күтіп КТ аппа­ратына тү­сіп келгендер болды. Олар бас­тапқыда біз қойған диаг­ноз­ды томографтың айнытпай қай­талап бергеніне таңғалып кел­ді. Мұны неге айтып отырмын? Адам­дар алдағы кезеңде аурумен кү­ресуге дайын болса екен деген ниет. Жалпы, кез келген дертті, тіп­ті ең қа­уіпті деген жұқпалы ауру­дың өзін жеңуге болады. Бұған 49 жыл бойы фтизиатор болып істеген еңбек тәжірибем куә, – дейді Көксу аудандық ауру­ха­насының туберкулезге қарсы күрес бөлімінің мең­ге­рушісі.

 

Алматы облысы