Құрылыстың құрығы ұзын. Бірде-бір сала дәл осы құрылыс саласындай көптеген жұмыс орындарын аша алмайды. Мысалы, құрылыс жүргізу үшін ең алдымен жұмысшы керек. Құрылыс материалдары мен құрал жабдықтар керек. Ағаш өңдеу, текстиль, әйнек, фарфор, транспорт, энергетика, міне, мұның бәрі құрылыстан тыс қалмайды. Ал бұл елімізде шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашады. Жоғары жақтан қомақты сұраныс болғаннан кейін біреу есік-терезе құрастырады, біреу әйнек, фарфор жасап, екіжақты бизнес қыза түседі. Былайша айтқанда құрылыс адамдарға баспана сыйлаумен қатар, ел экономикасын ілгерілетеді.
Иә, отандық өнім өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін ішкі нарықта пайдалану, еліміздің экономикасын өрістетіп қана емес, халқымыздың едәуір бөлігін тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіншілік береді. Әсіресе экономика локомотиві болып табылатын құрылыс саласында отандық өнімдерді пайдалану құрылыс материалдарын шығаратын жергілікті кәсіпорындардың жұмысына серпін берері даусыз. Жалпы қай мемлекетте болсын өндірілген тауарлардың 70 пайызы ішкі тұтынуға ие болмаса, ол өндіріс ошағы тұралайтыны анық. Бір нәрсені ашық мойындауымыз керек, кез келген ел біздің шығаратын өнімімізді күтіп отырған жоқ, олардың да өз өнімдері бар. Олар қайта бізге сатқысы келеді. Сондықтан өнім шығарушыны ішкі нарықта қолдау, олардың шығарып отырған өнімдерін толығымен пайдалану, біздің патриоттық сезім ғана емес, ол біздің мемлекеттің экономикасының басты идеологиясы болу керек. Осы мәселені Президентімізден бастап, барлық жауапты тұлғалар тынымсыз айтып келеді. Қай жиын болсын, орта және шағын бизнесті қолдау мәселелері көтеріледі. Бірақ айтуын айтқанымен, нақты қолдау шаралары көп жағдайда тиімсіз болуда. Біздің заңдарымыз бен бюрократиямыз орта және шағын бизнесті дамытуға көп жағдайда мүмкіндік бере бермейді.
Иә, қазіргі кезде отандық тауарларды қолдану жөніндегі біздің іс-қимылымыз атүсті, көп жағдайда жалған есептер мен ақпараттарға негізделіп келеді. Мекемелердің ұсынып отырған есептері мен ақпараттарының дәйектілігіне еш мән берілмейді. Көп жағдайда есеп ұсынылды ма, ұсынылды деген тоқмейілсумен қанағаттанамыз. Осының салдарынан жаңадан ашылған кәсіпорындар өз тауарларын ешкімге өткізе алмай, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Ал кейбіреулері жұмысын бастамай жатып банкротқа ұшырайды. Яғни отандық өнімді тұтынушылардың отандық өнімге деген ниеттері құлықсыз. Оның орнына іргеміздегі Қытай мен Ресейден арзандау бағаға сатып әкелу пиғылдары басым.
Қалай айтсақ та, тұтынушылардың отандық өнімді пайдалануға деген ынтасын ояту және арттыру керек. Тұтынушылар үшін отандық өнімді пайдалану тиімді әрі пайдалы болуы тиіс. Сонда ғана олар өзіміздің тауарларды пайдаланудан қашпайтын болады. Бұл үшін не істеу керек?
Бұл мәселеде мен екі бағытты ұсынамын. Алдымен республикамыздағы барлық тауар өндірушілер өз өнімдерін тауар-алаңға тіркеп, сатуды орталықтандыру керек. Яғни кең көлемде ақпараттық орталық болуы қажет. Бұл тауар-алаңда шығарылатын тауарлар және оны шығаратын мекеме жөнінде толық ақпарат жинақталып, тауар тұтынушыларға ұсынылады. Тауар тұтынушылар еш қиындықсыз, электронды түрде өздеріне керекті тауарларды таңдап, керекті уақытта тапсырыспен ала алады. Сондай-ақ осы тауар-алаң арқылы тауар өндірушілер де тұтынушылар кестесіне сәйкес тауарларды өндіру мерзімін реттеп отырады. Бұл ретте тауар-алаң төмендегідей құқыққа ие болу керек:
а) барлық сату, сатып алу үрдістері осы тауар-алаң арқылы жүргізіліп, рәсімделуі керек және тауар тұтынушылардың отандық тауарды пайдаланғандығы жөніндегі есептерін растау;
б) тауар өндірушілердің тауардың өзіндік құнын тым қымбаттатып жібермеу үшін тауар құнын бекітетін комиссия мүшесі болуы керек;
в) нарықта отандық жаңа тауар пайда болған жағдайда осы тауарды сметалық базаға енгізу құқығы берілу керек;
г) егер қандай да бір себеппен тауар құны қымбаттап кеткен жағдайда тауар-алаң ғана оны растап, рәсімдеу мүмкіншілігіне ие болу керек.
Ендігі мәселе тауар тұтынушыларды отандық өнімді пайдалануға ынталы ету керек. Ол үшін төмендегідей екі бағытты ұсынамын:
Бірінші бағыт:
1) егер мердігер компания отандық тауарды жүз пайыз қолданған жағдайда мемлекеттік сатып алу кезіндегі осы өнім бойынша үнемделген соманы қайтарып беру (көп жағдайда 10 пайыз). Яғни бұл жағдайда тауар тұтынушы қалайда пайда табу үшін басқа елдің тауарын сатып алудан бас тартады;
2) егер тауар тұтынушы отандық тауарды алғысы келмей, шетелдік тауарды пайдаланған жағдайда мемлекеттік сатып алу кезіндегі осы өнім бойынша үнемделген сомаға пара-пар соманы (көп жағдайда 10 пайыз) тауар-алаң есебіне аударады. Яғни бұл жағдайда тауар тұтынушы тапқан пайдасының бір бөлігімен бөліседі.
Екінші бағыт:
1) егер тауар тұтынушы өз өнімін өндіру барысында отандық тауарды жүз пайыз қолданып және оны тауар-алаң арқылы дәйектеген жағдайда, тауар тұтынушыға келесі жылы, осы жылы берген өнімінің 50 пайыздық мөлшерінде өнімге тікелей, мемлекеттік сатып алу заңынан тыс, келісімшарт жасасу құқығына ие болу мүмкіндігі берілу керек. Бұл шара да өз кезегінде отандық өнімді пайдалануға зор ықпал ететіні даусыз.
Қазір мемлекетіміздің барлық саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның нәтижесінде жұрттың бұрынғыдай мекемелерді жағалап, ұзақ-сонар кезекке тұрып, әр есікке жәутеңдеп жүруі азайып, тиісті құжаттарға дер кезінде қол жеткізуі жеңілдеді. Яғни цифрландыру нәтижесінің экономикамызға тигізер әсері орасан зор екеніне ешкімнің таласы жоқ. Мемлекеттік сатып алу жүйесінде де барлық жұмыстар электронды түрде жүргізілуде, яғни сыбайлас жемқорлық мүмкіндігі төмендеген сияқты. Дегенмен бұл салада бармақ басты, көз қысты әрекеттер әлі де болса жетерлік.
Осындай жағдайларды болдырмау үшін төмендегідей шараларды қарастырған орынды сияқты. Ең алдымен мемлекеттік сатып алуды бір этаппен өткізу, яғни конкурсқа қатысқан мекемелердің құжаттарын бір мезгілде қарап, қазіргідей, «ана құжат жоқ, мына құжат жоқ, соны қосымша беріңіз» демей, барын бар, жоғын жоқ деп, конкурс қорытындысын шығарып, жеңімпазды бір этаппен анықтау. Сосын мемлекеттік сатып алу тәсілі электронды түрде жүргізілетіндіктен, сатып алу конкурсын кездейсоқ таңдау тәсілімен республикалық деңгейде жүргізу. Яғни бұл дегеніміз – біздің облысымыздағы конкурстың жеңімпазын басқа облыста анықтайды. Ал біздің мамандар, кездейсоқ таңдау тәсілімен, республика аумағындағы өткізілетін кез келген конкурстың қортындысын шығара алады. Ал конкурстардың заңды өткізілгендігін қазіргідей республикалық мониторинг бақылап отырады. Бұл тәсіл өз кезегінде ел аузында жүрген 10 пайызды (немесе басқа пайыз) құртқан болар еді. Себебі конкурс жеңімпазы мен конкурс өткізуші арасында ешқандай байланыс болмайды.
Ендігі бір мәселе, бюджет қаржысын игеру мен нысанды қаржыландыру және құрылысы немесе жөндеу жұмыстары аяқталған нысанды қабылдап алу. Бізде бюджет қаржысын міндетті түрде 100 пайызға игеру үрдісі қалыптасқан. Бюджет қаржысын 100 пайызға игеру керек деп талай адал, кәсіби мамандар таяқ жеуде немесе жұмысын тастап кетіп қалуда.
Мұндай келеңсіз мәселелерді шектеу үшін құрылысы немесе жөндеу жұмыстары жүргізілетін нысандарды бюджеттен қаржыландыру тәсілін өзгерту керек. Мердігер конкурс жеңімпазы болып танылғаннан кейін тапсырыс берушімен электронды түрде келісімшартқа отырады. Осы жасалынған келісімшартпен мердігер екінші деңгейлі банкке барып нысан құрылысын жүргізуге (жөндеуге) несие желісін ашады. Несие ашу желісі де екінші деңгейлі банктер арасында бәсекелестік ортаға айналады. Бұл жерде мемлекет тарапынан банктерге келісімшарт негізіндегі және тек келісімшартта көрсетілген мерзімде, несие желілеріне пайыздық мөлшерді шектеп, 5-7 пайыздан асырмауды заңдастыру керек. Несие желісі ашылған соң мердігер құрылысты келісімшартта көрсетілген мерзімде аяқтауға өзі ынталы болады, себебі келісімшарт мерзімі өтіп кетсе, несие беріп отырған банк пайыздық мөлшерді арттыруға мүмкіндік алады. Және бір ерекшелік, нысанды дер кезінде және жоғары сапамен тапсыруға мердігер мен банк екеуі мүдделі болады. Тапсырыс беруші, яғни мемлекеттік орган, бюджет қаржысын келісімшартқа орай белгіленген мерзімге жоспарлайды.
Тапсырылатын нысан кешіктірілген жағдайда тапсырыс беруші мердігер мен банкке айыппұл сала алады және сатып алу құнын төмендету құқығына ие болады. Сонымен қатар сапаны бақылау институты толығымен банкке өтеді. Бұл жерде, ай сайынғы (тоқсан, жыл) бюджет қаржысын игеру жауапкершілігімен қатар, мердігер мен мемлекеттік қызметкер арасындағы байланыс жойылып, сыбайлас жемқорлық белгілеріне тосқауыл қойылар еді.
Рахманқұл БАЙТЕЛИЕВ,
«Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы» төсбелгісінің иегері