«Адамата жерге түскенде оны ең бірінші көріп, сәлем берем деп ақбөкен іздеп келіпті. Күні-түні тоқтамай шауып, алқынып келіп Адаматаның аяғын сүзе құлаған екен. Адамата жануарды аялап көтеріп, арқасынан сипапты – киіктің жон терісіне хош иіс бітіпті, тұяғынан сипапты – желден жүйрік болыпты, тұмсығынан сипапты – тұмсығы мақпалдай жұп-жұмсақ болыпты...»
Орал қаласынан таң ата шыққанбыз. Жол талғамайтын жүрдек Land Cruiser ызғытып келеді. Біз отырған көліктің иесі – 33 жастағы Досан Дарханов «Қиссасул-әнбианың» ақбөкен жайлы хикаяларын ықыласпен айтады.
– Ертегі шығар, – дейді менің орыстілді басылымда істейтін әріптесім.
– Иә, аңыз ғой. Бірақ киіктің ерекше мақұлық екені рас. Сонау мамонт заманынан келе жатқаны өз алдына, адам айтып түсіндіре алмайтын ғажап қасиеті көп. Бұларда жетім лақ деген болмайды. Киік төлдейтін «құралай» кезінде шыбын-шіркей шықпайды, ит-құстың тәбеті тыйылады. Білесіз бе, ақбөкен жатырында жатқан лақтың жынысын өзгертіп, қажет болса еркек, қажет болса ұрғашы ете алады, – дейді Досан шын көңілімен. 2010 жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясында, кейінгі екі жыл «Охотзоопром» мекемесінде қызмет ететін Досанның сөзіне күмән келтіру қиын. Мен қапысыз сеніп келемін...
Көбейген киік
Батыс Қазақстанның байтақ даласы – үйір-үйір киіктің үйреншікті мекені. Бір кездері аяусыз аулау мен белгісіз індет салдарынан ақбөкеннің Орал популяциясы жойылып кете жаздаған. Қазір Құдайға шүкір, киік саны көп. Динозаврлар дәуірінің куәсі болған жезкиіктің бүгінде ең көп сақталған жері Қазақстан болса, еліміздегі ең көп жайлаған мекені Еділ мен Жайық арасындағы Бөкейлік болып тұр.
2019 жылғы әуе санағы Батыс Қазақстанда 217 мың бас киік бар деп көрсеткен. Биыл пандемияға байланысты санақ жүргізілмепті. Нақты санын ешкім білмейді. «Едәуір көбейді» дейді осы ақбөкенді күні-түні қорып жүрген «Охотзоопром» мекемесінің мамандары. «400-600 мыңға жетіп қалған шығар» дейді бейресми әңгімеде.
Елімізде «Киік» кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы жыл сайын өтеді. Биыл да желтоқсанның алғашқы күндерінен басталған акция жыл соңына дейін жалғаспақ. Ақбөкенді қорғау, браконьерлікпен күрес мәселелері, табиғат қорғаушы инспекторлардың бүгінгі ахуалымен жақын танысу үшін ұйымдастырылған пресс-турға ықыласпен қосылғанбыз. Көзімізбен көрдік – Қазталов ауданы аумағында көз жетер жердің бәрі ақбөкен үйіріне толған екен.
Бақ па, сор ма?
Бір қызығы, дәл осы киік көбейген аймақта тұратын ауыл адамдарының пікірі екіге жарылып тұр қазір. Ақбөкеннің шектен тыс көбейгені – мал өсіруге кедергі дейтіндер де көп.
– Киіктің көбейгеніне қарсы емеспіз, бірақ біз мал өсіріп отырмыз ғой. Ақбөкен жайылым қалдырмауға айналды. Өте көп. Ертеректе киік санын шектеп, ретімен аулап, етін, сүйегін дайындайтын арнайы мекеме болды. Қазір ше? Осы киікті өсіргеннен мемлекетке пайда бар ма? Жерімізде миллиондаған киік жүр, одан ауданымызға бір тиын да пайда жоқ. Осы мәселені облыс әкімі Ғали Есқалиевке де айттық. Әкім «Бұл республикалық деңгейде шешілетін мәселе» дейді. Біз, жергілікті халық, киіктің пайдасын емес, зиянын ғана көріп жатырмыз, – дейді бізге Әжібай ауылының тұрғыны, «Қызыл ту» шаруа қожалығының басшысы Достық Жарасов.
Дегенмен бұл пікірмен «киікшілер» – «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері келіспейді. Киік қорғаушылардың Батыс Қазақстан филиалын басқарып отырған Арман Қожахметов бір кездері дәл осы өлкеде киік саны 1 млн 200 мыңға дейін жеткенін, жайылым сол кезде мыңғырған малға да, ақбөкенге де жеткенін айтады.
«Кейінгі жылдары қуаңшылық салдарынан мал азығы тапшы екені рас. Бірақ бұған киіктің кінәсі жоқ» дейді Д.Дарханов. Оның үстіне, ақбөкен көбіне үй малы жемейтін улы шөптерді де азық ете береді. Киіктің тағы бір қасиеті – қыс қатты, мал азығы тапшы болса, бір күнде ауып, жайылым ауыстырып кетеді. Жылда осы уақытта Нарын құмына миграция жасайтын жануардың әлі күнге дейін қырда жүруі – қыс жайлы болады деген белгі болуы мүмкін.
Ақбөкенді аялау
«Киік» акциясы барысында көзімізбен көрдік – ақбөкенді қорғау шаралары Батыс Қазақстан өңірінде жақсы жүйеге түскен екен. Еңбектің ең бірінші нәтижесі – жануарлардың саны өсуі ғой. Қазталовтан асып, Әжібай ауылына бұрылған сәттен бастап қай жағымызға қарасақ та жондары ағара жөңкілген киік үйірін көрдік. Және байқағанымыз – көлік қарасы көрінгенде құйын-перін жоқ болып кететін үргедек емес, адам баласын бірер шақырым ғана жақындатып, алаңсыз жайыла береді екен. Бұл қорықшылардың күні-түні жүріп, қорғаған еңбегінің көрінісі екені сөзсіз. Яғни жануарлардың тынышын алған аңшылар азайған. Браконьерлерге қазір заң да қатал.
– 2020 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысы аумағында киік аулау, дериваттарын заңсыз сақтау бойынша 37 қылмыстық іс тіркеліп, алтауының соты өтті. 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және шектеу жазасын алды. Сот шешімімен 62 млн 300 теңге мемлекет қазынасына қайтарылды. Бүгінгі акцияның да басты мақсаты – киік жануарларын заңсыз аулау, олардың мүйізін, дериваттарын заңсыз сақтау және тасымалдаудың жолын кесу. Бұған құзырлы органдар, атап айтқанда Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясы, полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бірлесіп мобильдік топтар құрды, – дейді облыстық Орман шаруашылығы және жануарларды қорғау инспекциясының жетекші маманы Арман Ізімғалиев.
Жоғарыда ашылған қылмыстық оқиғалар барысында биыл 483 киік, 2 мыңнан астам мүйіз табылған. Қорықшылар қазір құқық бұзушыларды көбіне даладан емес, үйлерінен, дериваттарды жасырған жерден ұстайды. Жақында ғана облыс аумағында заңсыз киік аулаумен айналысқан екі қылмыстық топ әшкере болды. Полиция департаментінің мәліметінше, бұл топтар 2019 жылдың қыркүйегі мен 2020 жылдың мамыры аралығында облыс аумағында заңсыз киік аулап, оның мүйізін өткізумен айналысқан. Олардан 700 мүйіз, тіркелмеген 9 атыс қаруы, 328 оқ-дәрі, өтімділігі жоғары 7 автокөлік, 2 қаршана, 2 мотоцикл, басқа да құрал-жабдықтар тәркіленген.
Айта кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда браконьерлікке қарсы жаза күшейтілген болатын. Бұрын браконьерлік қылмысы дәлелденген адамның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылса, қазір жаза мерзімі 10 жылға дейін артқан. Мемлекеттік инспекторлар мен қорықшыға қатысты өмірге қол сұғушылық және күш қолданғаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не мүлкі тәркіленіп, өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар мемлекеттік инспектор мен қорықшыға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені үшін жаңа бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қорғаушыға қамқорлық
Қазақстанда қаскөй браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтің оқиғасы елді дүр сілкіндіріп кеткен еді. Бұл бір жағынан киік аулаушылардың ешнәрседен тайынбайтын қаражүректігін көрсетсе, екінші жағынан ақбөкенді қорғаушы инспекторлар мәселесіне де назар аудартты. Байқағанымыз, қазір «Охотзоопром» мекемесінің инспекторларын қажетті құралдармен жабдықтау күшейген. Мәселен, батысқазақстандық филиал құзырында 10 «КамАЗ», бірнеше Toyota Land Cruiser, Toyota Hilux бар. Жеңіл көліктердің ішкі салоны мен сыртқы төрт тарапына бейнекамера орнатылған, оның жазбасы күні-түні тоқтамай, орталыққа түсіп тұрады екен. Қорықшылар қарумен, бронды кеудешемен қамтылған.
Біз осы жолғы сапарымызда киік қорғаушыларға жасалған қамқорлықтың тағы бір көрінісіне куә болдық. Бұл – қанатқақты жоба ретінде елімізде тұңғыш рет салынған автономды модульдік үй.
«Киік қорғаушылар қосыны» деп айтуға болатын бұл кешенде күні-түні ақбөкенді күзетіп, ен далада жүретін инспекторлар үшін бар жағдай жасалған. Жатын бөлмеден бөлек, күннен қуат алатын электр жүйесі, автономды электр генераторы, шағын жанармай стансасы, көлік жөндеу және шиномонтаж цехы, заманауи моншасы, асүйі, кір жуатын құралдары да бар. Вахталық әдіспен кезекшілік етіп, 15 күн бойы ен далада жүретін инспекторлар бұл қосында өздері де тынығып, көліктерін де реттеп алатын жағдай қарастырылған.
– Модульді қосын құрылысы толық аяқталған жоқ, шамамен 80 пайызы бітіп тұр. Болашақта бұл орталықтың өз қызметкерлері – күзетшілер, көлік жөндейтін мамандар, операторлар болады. Осындай тірек пункттер еліміздің өзге өңірлерінде де салынбақ. Дәл осы жерді таңдаған себебіміз – көктемде киік төлдейтін Қараоба қонысы, күзгі күйек орындары жақын. Сондай-ақ ақбөкен жайлаған Бөкей ордасы және Жаңақала аудандарына да барынша тез жетуге болады, – дейді «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Арман Қожахметов.
Киік қорғаушы инспекторлармен бір күн бірге жүріп, олардың қызметі қаншалық қиын екендігін де сезініп үлгердік. Батыс Қазақстанда әзірге қар жоқ. Далада өңменіңнен өтіп кетер қара суық жел екен. Біз, журналистер, ақбөкен үйірін көрген сайын сәтті кадр түсірмек болып көліктен шығамыз. Сәлден кейін дірдектеп, жылы көлікке қайта тығыламыз. Ал осы маң далада 15 күн бойы қар төсеніп, мұз жастанып жүретін инспекторлардың жұмысы әрине, оңай емес.
Болашақта еліміздегі ақбөкен шаруашылығының жағдайы қалай болмақ? Киікті сақтау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жалпы ауданы 343 040,1 гектарлық «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватын, сондай-ақ жалпы ауданы 314 504,1 га болатын Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру мәселесін пысықтап жатыр екен. Саны өсіп, жойылып кету қаупі сейілсе, ақбөкен мүйізін, етін өндіріп, өңдейтін арнаулы орындар неге салмасқа?!
Киіктің бір әдеті бар – алыстан көлік көрсе, алдын кесіп өтуге ұмтылады. Кейде тіпті автокөлікке соғылып, майып болады. Инспекторлардың бірі мынадай оқиғаны әңгімелеп берді: «Үлкен жолдың бойында ауыр жүк көлігіне 8 киік соғылған, үстінен түстік. Киіктер тірі, бірақ мал болуы қиын. Адалдап бауыздап, жақын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға таратып бергіміз келіп еді. Бірақ тәжірибелі әріптесіміз ескертті. «Болмайды! Бұл қылмыстық жауапкершілікке соқтыратын әрекет болмақ!». Амал жоқ, сол жерге мал дәрігері мен полиция қызметкерін шақырып, акт жасатып, ол киіктерді жақын маңдағы мал моласына апарып жоюға тура келген.
Дегенмен осындай қатаң қорғау арқылы кейінгі жылдары киік саны қазіргі көлеміне жетіп, өсіп отырғаны да рас.
«Мамыр айынан бері Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ғалымдарымен жұмыс істеп жатырмыз. Олар киіктің ауруға шалдығу себептерін зерттейді. Көктемде төлдеу науқаны кезінде киіктер мен лақтардың ағзасына сараптама жасады. Нәтижесін күтіп отырмыз. Алда зерттеу жұмыстары бойынша әріптестікті күшейтеміз», дейді Арман Серікұлы.
Құдайдың құдіреті, бұл киіктің басына талай нәубет тап болған. Белгісіз дерттен миллиондап қырылып та қалған. Бүгінде Еділ мен Жайық арасында жосып жүрген үйір-үйір киіктің саны осыдан 17 жыл бұрын 3-ақ мың болыпты. Мемлекеттік қорғаудың, инспекторлардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде байтақ далада бөкен саны көбейіпті. Көз қуанады. Киелі жануарды қорғаудың сауабы текке кетпейтін шығар...
P.S. Түн ортасы болып қалды. Оралға қайтып келеміз. Таң атқалы жолды-жолсыз мың шақырымдай артта қалыпты. Біз шаршадық, көзімізге ұйқы тығылып тұр. Тек көлік жүргізуші Досан Дархановтың рациясы əлсін-əлсін қосылып, тапсырма қабылдап жатыр. Ұққанымыз – инспектор бірер сағаттан кейін қайта жолға шығуы тиіс. Ақбөкенді қорғауға.
Батыс Қазақстан облысы