Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен цифрландыру мәселесінің маңызы әлемді әбігерге салған эпидемиялық жағдай кезінде тіптен арта түсті. Жаһанды жайлаған індет адамзат баласының адымын аштырмай тұрған тұста қажетті анықтамаларды үйден шықпай-ақ алғанға не жетсін. Осыған байланысты, еліміздің ішкі істер органдарында халыққа сапалы қызмет көрсетуді жолға қоюды көздейтін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде еліміздің Ішкі істер министрлігінде бірқатар реформалар жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде Әкімшілік полиция комитетінің қызметіне баса назар аударылуда. Бұл ретте, қызмет басымдығы негізгі үш бағытты жүзеге асыруға негізделген. Бірінші бағыт – құқық қорғау органдарының тұрғындармен тығыз байланыс орнату және азаматтық қоғаммен әріптестікті жаңғырту арқылы сервистік форматты енгізе отырып құқық бұзушылықтың алдын алу саналады. Екінші бағыт – қоғамдық қауіпсіздікке негізделген. Дәлірек айтатын болсақ, полиция қызметкерлері азаматтарды кеңінен тарта отырып қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастыруы және қамтамасыз етуі қажет. Үшінші бағыт – әкімшілік іс жүргізуде цифрландыруға баса назар аудара отырып, мемлекеттік қызметтерді пайдалану құқығын және тұрғындарға полиция көрсететін қызметтің сапасын цифрландыру негізінде арттыру.
Сонымен еліміздің Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсетудегі автоматтандыру және цифрландыру, оның сапасын арттыру мен тұрғындарға оңтайлы болу үшін кедергілерді азайту мәселелері бойынша қандай жұмыстарды атқарып жатыр? Алдағы жоспары қандай?
«Халыққа сапалы қызмет көрсету, жаңа цифрлы технологияларды қолдану және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру – цифрландыру дәуіріндегі мемлекеттік органдарға қойылатын негізгі талап. Сондықтан, бүгінде Ішкі істер министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі процедураларды жеңілдетіп, әкімшілік кедергілерді азайтуда. Қызметкерлердің жекелей ықпал ету факторларын және пара алу мүмкіндігін жою жұмысы қолға алынды. Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың қызмет алу процесін жеңілдету, сондай-ақ халықтың құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында жасалатыны сөзсіз», деп отыр Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов.
Оның айтуынша, жыл басынан бері Ішкі істер министрлігі 9 мемлекеттік қызметті автоматтандырды (сегізі қару-жарақ айналымы және біреуі қару-жарақтың сот-медициналық сараптамасы саласында). Бүгінде автоматтандыру деңгейі 88,6%-ды құрайды (44 қызметтің 39-ы). Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін дамыту – мемлекеттік қызмет көрсетулердің бизнес-процестерін қайта қарауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, бірінші кезекте, мәліметті мемлекеттік органдардың электронды базаларынан алуға болатын қызметтерді алып тастауға, сондай-ақ қызмет көрсету мерзімі мен оны алу үшін азаматтар ұсынатын құжаттардың санын қысқартуға назар аударылады.
– Осылайша, 2020 жылы қаңтарда уақытша келген шетелдіктерді тіркеу жойылды (жыл сайын 1,2 - 1,6 млн адам). Бұл шетелдік қонақтар кезігетін әкімшілік кедергілерді айтарлықтай төмендетіп, елдің инвестициялық және туристік тартымдылығына оң әсерін тигізді. Халыққа қызмет көрсетудегі жағдайдың жақсаруына жыл басынан бері уақытша жеке куәлік беру (2018 ж. – 11,2 мың, 2019 жылы – 5,5 мың) мен азаматтардың төлқұжаттарына 16 жасқа дейінгі балалары туралы жазбаларды енгізу функцияларын алып тастау да ықпал етті (2018 жылы – 70,4 мың, 2019 жылы – 26,7 мың), – дейді полиция полковнигі.
Расымен де, карантин мен шектеулер кезінде азаматтар мемлекеттік қызметтерді цифрлық форматта алудың артықшылығын түсінді. Себебі интернет пен электронды цифрлы қолтаңбаны қолдана отырып бірқатар қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Мәселен, аса сұранысқа ие қызметтердің қатарында тұрғылықты жері бойынша тіркеу (1 миллион 430 мың) мен тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару (380 мың) болып отыр.
Осы жылдың 9 айында Ішкі істер министрлігі 5 миллион 943 мың мемлекеттік қызмет көрсетіпті. Соның ішінде, 5 млн 341 мың 221 (немесе 90%) қызмет мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіліп отыр. Соның ішінде, 2 млн 69 мың қызмет арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілсе, 213 мың 409 қызметті отандастарымыз Көші-қон қызметінің орталықтары арқылы алған көрінеді. Сондай-ақ ақпараттық жүйелер арқылы – 284 мың 680 қызмет және қағаз түрінде – 317 мың 99 қызмет көрсетіліпті.
– Сонымен қатар отандастарымыз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ала алатын қызметтердің тізімі де кеңейіп келеді. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы Ішкі істер министрлігінің 17 қызметі көрсетіледі. Мәселен, осы жылы 1 қарашадан бастап жеке тұлғаларда жұмыс істеуі үшін иммигранттардың еңбек рұқсатнамаларын рәсімдеуге арналған құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы іске асырылады. Бұл ретте, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары қажетті құжаттарды көші-қон қызметіне жібереді және жауапты ақпараттық жүйелер арқылы алады. Барлық процедураларға шамамен 20-30 минут уақыт кетеді, – дейді С.Сейітжанов.
Полиция полковнигінің айтуынша, бұл қадам «бір терезе» қағидаты бойынша тек облыс орталықтарында ғана емес, сонымен қатар шалғай аудандарда да жұмысқа рұқсат беру құжатын рәсімдеуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, көлікті тіркеу, жүргізуші куәліктерін беру, сондай-ақ жол қозғалысы ережелеріне емтихан қабылдау функциялары арнайы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына берілген көрінеді. Сонымен қатар, осы жылы «Электронды үкімет» порталында жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік қызметтердің қосымша түрлері іске асырылды.
– Жалпы цифрлы қызметті дамыту – азаматтың мемлекетпен негізінен ақпараттық технологиялар (компьютерлер, смартфондар және тағы басқалар) арқылы қарым-қатынас орнатуы кезінде жағдай жасауды көздейді. Қазақстанда смартфондарды пайдаланудың жоғары рейтингі бар (2018 жылы 11,9 млн қолданушы немесе 65%), – дейді полиция полковнигі. Оның айтуынша, бұл «Электронды үкіметтің» қызметтерін мобильді платформаларға белсенді бейімдеуге және мемлекеттік қызметтерді кез келген жерде және кез келген уақытта ұсынуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл қадам ашықтықтың жоғарылауына да ықпал етеді. Қызметтердің тиімділігі мен сапасы артады. Ресурстар үнемделеді.