• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 09 Желтоқсан, 2020

Елордалық еріктілер "Халық алғысы" медалімен марапатталды

141 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан әкімі еріктілерді «Халық алғысы» медалімен марапаттап, алғысын білдірді. Бұл туралы Алтай Көлгінов өзінің «Instagram» парақшасында жазды.

«Ерікті болу - жай ғана игі істер жасау емес, бұл өмір салты. Бүгін Мемлекет басшысы волонтер жылын қорытындылады. Президент атап өткендей, бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, «қайырымды істер» жалпыұлттық идеясы он мыңдаған қазақстандықтың қайырымдылығы мен жанашырлығының арқасында өмір шындығына айналды. Отандастарымыз ұлт рухының мызғымас беріктігін, бірлік пен ынтымақтың, тұтастық пен тілектестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Еріктілер елорда өміріне етене араласады. Олар пандемиямен күресте үлкен үлес қосып, медицина, полиция қызметкерлерімен бірге алдыңғы шепте келеді. Еріктілер блок-бекеттерде кезекшілік етіп, дезинфекция жүргізуге қатысты. Дәрі-дәрмектер, қорғаныс құралдарын, азық-түлік себеттерін тасымалдап жатыр. Зейнеткерлерге қол ұшын созып, үй шаруасына көмектеседі. Тәртіп сақшыларымен бірлесе рейдтер жүргізеді. Олардың еңбегінің арқасында инфекцияның таралуының ықтимал ошақтарын оқшаулауға мүмкін болып отыр.

Сонымен бірге еріктілеріміз Арыс, Мақтаарал ауданын қалпына келтіруге көмектесті. «Taza Alem» экологиялық қозғалысына қатысып, ағаш отырғызды. Олардың еңбегі ауқымды әрі маңызды. Әрқайсысы еліміз бен бас қаланының дамуына өз үлесін қосып келеді. Бүгін еріктілер «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Оларға алғыс айта отырып, мықты денсаулық, игі бастамаларына табыс тілеймін!» - деп жазды Алтай Көлгінов.