Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар білім берудің барлық деңгейінде дене шынықтыру сабақтарына ұлттық спорт түрлерін енгізуге байланысты түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің компонентін енгізу білім беру саласындағы жаңалық болатынын айтты.
Жалпы білім беретін мектептерде оқытылатын ұлттық спорт түрлерінің тізбесін мәдениет министрлігі бекітетін болады.
Сонымен қатар әкімдіктер халық үшін спорт үйірмелері мен секцияларын, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтарын ұйымдастыруы қажет. Сондай-ақ, ауыл халқы арасында дене шынықтырумен айналысу деңгейін арттыру міндетін қойды.
Әкімдіктер дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің санын көбейтіп, халықпен жұмыс істеу үшін дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушыларды шақыра алады.
Айта кетейік, қазір Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің 105 клубы және 579 балалар спорт клубы бар. 2025 жылға дейін мәдениет және спорт министрлігі балалар мен жасөспірімдер спорт клубтарының санын 350-ге жеткізуді жоспарлап отыр.