Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентінде жаңа спорттық кешен мен 320 оқушыға арналған мектеп-интернат ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Осы әлеуметтік нысандардың құрылысына «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылды.
Аудан орталығы Шұбарқұдық кентіндегі жаңадан бой көтерген Қызылжар шағын ауданында тұрғындар санының өсуіне байланысты жаңа мектеп қажеттілігі бірнеше жыл бойы айтылып жүретін. 2018 жылы басталған мектеп құрылысы осы жаз айында аяқталады деп жоспарланғанымен, карантинде сырттан әкелінетін құрылыс материалдары дер кезінде жеткізілмеуіне байланысты уақыттан кешігіп қалды. Оқу орнының ашылу салтанатына келген өңір басшысы Оңдасын Оразалин тұрғындарды құттықтап, мектептің бір кабинетіне робот құрастыру техникаларын сыйға тартты.
Темір ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз Темірхан Әділханұлының айтуынша, соңғы жылдары ауыл мен қала мектептерінің арасындағы айырмашылық бірте-бірте жойылып келеді. Өйткені заманауи кешенді мектеп, жақсы жабдықталған оқу кабинеттері, компьютермен жабдықталу деңгейі және ең бастысы сапалы интернет қала мен ауыл мектептерінің білім деңгейін теңестіруге ерекше мүмкіндік береді.
Шұбарқұдық кентіндегі Қызылжар шағын ауданында тұратын мұғалім, бес баланың анасы Рысгүл Қоштанбекова осы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан. Ол «Оқушыларым бұрын алыстағы мектепке қатынап оқитын. Қыстың күндері күн суықта тоңып қалды ма деп сабақтан келгенше алаңдап отыратынбыз. Енді үйдің қасында жаңа мектеп ашылғанда, балаларымыздан бұрын өзіміз риза болып жатырмыз. Әсіресе, мектептің кең де еңселі спорт залында дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуға өте қолайлы. Тек ата-аналар балаларымыздың кішкентай кезінен бастап спортпен айналысуын қадағалап отыруымыз керек» дейді.
Қызылжар мектебі жанынан салынған 60 орындық интернат та – осы төңіректегі мектебі жоқ адам саны аз ауылдардың балаларының алаңсыз білім алуы үшін жасалған ерекше жағдай.
АҚТӨБЕ