• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Желтоқсан, 2020

Тарихы бай, тамыры терең

405 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанның экономика­лық табыстары туралы талай жазғанбыз. Ал біздің бүгінгі қозғайтынымыз, өңір­дің мәдени саласындағы жетістіктер жайын­да болмақ.

Жаман індеттің өршуіне қарамай облыстағы мәдени табыстар да айтарлықтай болып отыр. Бұл салада да ауқымды жобалар іске асырылуда. Қызылжар – тарихи қала. Мұнда тарихи, мәдени ескерткіштер өте көп. Соның көшбасшысы – Абылай ханның ақ үйі. Қазақ халқының ұлы ханына арналып салынған осындай ғимарат еліміздің басқа түкпірінде жоқ. Облыста биыл карантиннің көп уақытқа созылғанына қарамай, аталған үйге 3 мыңдай адам келіп тамашалаған. Ал онлайн режімде музейді және онда болған шараларды көрген адамдар саны 30 мыңға жуық. Коронавирус кесірінен 2020 жылғы жоспарланған біршама шараларды шегеруге тура келген. Соның өзінде Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ордасы ұлы Абылай» атты көрмені Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтарына ұсынған. Сонымен қатар қазан айында 5-ші облыстық экскурсиялар байқауы сәтті өткізілді.  «Жалпы, жоспар бойынша 11 айдың көлемінде 114 онлайн шара өтті. Келесі 2021 жылға Ақмола облысы тарихи-өлкетану музейінен «Өркениетті қазына», Семей қаласыннан «Абайдың асыл мұрасы»,  Мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды «Жидебай-Бөрілі» Абай музей-қорығының көрмелері жоспарланған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылғы қыркүйек айында «Syrly oiúlar» көрмесі жарық көріп, 2021 жылға  Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығына арналған «Aģash tamyrymen, adam dosymen myqty» атты көрме жоспарланып отыр», дейді музейдің директоры Аян Садаев. Осы ретте мұндай айрықша музейдің маңызын облыс көлемінде ғана қалдырмай, оған республикалық музей мәртебесін беру мәселесін тағы бір айта кеткен жөн.

Жалпы, көрермендерді тарту мақсатымен 2018 жылдан бері Солтүстік Қазақстан музейлеріне кіру тегін.  Соның арқасында бұл мәдени мекемелерге келушілер саны 2019 жылы  20 пайызға артып,  172 мың адамға жетті.

Негізінен музейлер оған келушілерге тарихи таным мен білім ғана емес, мәдени-демалыс қызметін де көрсететінін ескеріп, Қызылжар басшылары да музейлердің ішінен демалыс орындарын ұйымдастыруды қолға алып отыр. Айта кету керек, ондайларды біз де өз көзімізбен көргенбіз. Вашингтондағы ІІ дүниежүзілік соғыс тарихынан сыр шертетін музейді аралап жүріп, тынығатын, шай ішіп сергитін орындардың да жарақталғанын көріп, риза болған едік. 

Сондай-ақ Қызылжардың орталық көшесінде төңкеріске дейін татар көпесі Ганшиннің дүкені болған әсем ғимаратта орналасқан облыстық тарихи-өлкетану музейінде де жоғарыдағы қызмет көрсетулер қолға алынбақшы. Аумағы 2400 шаршы метрді алатын бұл музейде 350 мыңнан артық экспонат бар. Оларды тамашалаушылар өзіміздің елден ғана емес, көршілес Ресей Федерациясынан да келіп жатады. Туристердің тартымдылығын арттыру үшін осы музейдің ауласында «Қызылжар арт орталық» атты қызықты жоба іске асырылып жатыр. Оның мәнісі – осы жерде шығыстық,  еуропалық асүйлердің тағамдарын дайындайтын арт-кафе ашылмақшы. Осы жер­де түрлі музыкалық шығармалар да орындалып, турис­тердің көңілін көтеру жоспарланған. Со­ны­мен бірге осы жер түрлі шығармашылық адамдары – жазушылар, ақындар, әртістер, суретшілер бас қосатын орталық болар деген болжам бар.

Сонымен қатар осы алаңда көрме-галерея да ұйымдастырылмақшы. Онда қолөнершілердің тамаша бұйымдары, суретшілердің картиналары, ақын-жазушылардың кітаптары қойылатын болады.  Айта кететін жайт, бүгінгі таңда облыста ағаш пен темірден түрлі бұйымдар жасайтын 120 қолөнер шебері бар. 

Қызылжардың Потанин көшесі қалаға Сол­түс­тіктен енетін жолда жатыр. Осы көшемен Ойқа­ладан көтерілген жолаушы Абылайдың ақ үйінің қасымен өтіп, қалаға кіреді. Потанин көшесін де ашық аспан астындағы музей қылу жоспары бар. Мұндағы кейбір ескі үйлер қайта жөндеуден өтіп, тарихи келбетін тапқан. Қазақ, татар, орыс, қоқан байлары мен көпестері салдырған әсем безендірілген үйлер алғашқы қалпына келтіріліп, қаланың бұрынғы көркін көз алдыңа келтіреді.

Сонымен бірге қаланың орталық көшесі – Қазақстан Конституциясының басында орналасқан татар көпесі Шамсудиновтің дүкен үйін қалпына келтіру қолға алынып отыр.  Бұл – бір кезде компартия органдарына беріліп, обком болған, одан кейін ұзақ жылдар бойы облыстық аурухана болған ғимарат. Жекешелендіру жылдарында біреуге арзанға сатылып, ол керекті құрылыс материалдарын суырып алып, үйдің қаңқасын ғана қалдырып, тайып тұрған. Енді сол үйді де қаланың бір тарихи ескерткіші ретінде қалпына келтіру қолға алынбақшы. Бүгінгі Қызылжарда экономикалық дамумен қоса осындай тарихи-мәдени мұраларды қалпына келтіру жұмыстары да қарқын алып келеді.

 

ПЕТРОПАВЛ