• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 11 Желтоқсан, 2020

Мемлекеттік қызметті жетілдіретін заң қабылданды

182 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер енгізу туралы» Конституциялық заң жобасын қарап, қабылдады.

Заң жобасы жауапты хатшылар инсти­тутын жоюды және олардың мін­деттерін министрліктер аппа­рат­тарының басшыларына жүк­теуді көз­дейді. Бұл мемлекеттік аппа­­рат­тың тұрақтылығын қамта­масыз етуге, бірінші басшы­лар­дың жауапкершілігін артты­руға және мемлекеттік органдар жұ­мы­сындағы кадрлар сабақтас­ты­ғын сақтауға мүмкіндік береді.

«Қабылданған заң мемлекеттік қызмет және мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіреді. Бұл министрліктердің жұ­мысын оңтайландырып, минис­тр­лердің жауапкершілігін артты­рады», деп атап өтті Мәулен Әшім­­баев.

Сенаторлар отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мем­лекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қарады.

«Заң жобасында Мемлекет басшысының жауапты хатшылар институтын тарату жөнінде тап­­сырмасы қарастырылған. Жол­­­дауда Мемлекет басшысы министр­ліктер аппараттарының басшы­ларына міндеттерін жүктей отырып, жауапты хатшылар инс­ти­­тутын жоюға нақты тапсырма берді.

Осы тапсырманы іске асыру мақсатында аппарат басшысы мен министр арасындағы лауазымдық өкілеттіктер мен жауапкершіліктің аражігін ажырату бойынша тиісті заңнамалық түзетулер енгізіледі.

Сонымен қатар аппарат бас­шысының мәртебесі мен өкілет­тіктерін реттейтін нормаларды қайта қарау, сондай-ақ оның тікелей мемлекеттік орган басшысына бағынуын белгілеу ұсынылады», деді аталған құжатты сенаторларға таныстырған Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова.

Бұдан бөлек, заң жобасында сұйытылған мұнай газы сауда­сының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту қарастырылған. Соған сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін және газ желісі ұйымдарының аккредиттеу куәлігін көрсетілген кезеңіне дейін сақтай отырып, электронды сауда алаңдарына көшу туралы түзетулер енгізілді.

Құжатта кәмелетке толма­ған­дарға қатысты сексуалдық сипат­тағы қылмыстар үшін жазаны қа­таңдату қарастырылған. Осы тар­мақ бойынша Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекс­теріне және Әкімшілік қадағалау туралы заңына заңнамалық түзе­тулер кешені әзірленді.

«Түзетулер мынадай тапсырмаларды іске асыруға бағытталған. Бірінші, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмысқа жазаны қатаңдату. Екінші, педофилдерді қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде ұстауды белгілеу. Үшінші, оларды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу қарастырылған», деді А.Жайылғанова.

Сондай-ақ заң жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жол берген адамдарға қатысты квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салуды енгізу және қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларын жұмыстан шығару қарастырылған.

Заң жобасын талқылаудан кейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшім­баев құжатқа қатысты өз пікірі­мен бөлісті. «Бұл заң жоба­сында бірқатар маңызды өзгеріс­тер қарастырылған. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бо­йынша елімізде балаларды қорғау саласында нақты және жүйелі сая­сат жүргізіліп келеді. Осы шара аясында педофилдерді қыл­мыс­тық жазалау кешенді түрде күшей­тілді», деді Сенат Төрағасы.

Заң жобасы қаралғаннан кейін оған сенаторлар енгізген толық­тырулар Мәжіліске жіберілді.

Отырыста депутаттық корпус­тың бастамасы бойынша әзірленген «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Құжат туралы Сенат депутаты Еділ Мамытбеков баяндама жасады.

«Бюджет процесін лимиттен емес, стратегиялық жоспарлау­ды қалыптастырудан бастау ұсы­нылады. Стратегиялық жос­пар­лау айқындаған мақсаттарға, инди­каторлар мен басымдықтарға байланысты қаржыландыру қаражаты жоспарланады.

Мемлекеттік тапсырыс тетігін жетілдіру көзделеді. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік тапсырыс нысанында орындалатын қыз­меттер құнының баға белгілеу әдіс­темесін бекіту және қосалқы мердігерлік ұйымдарға берілетін қызметтердің бір бөлігін жалпы тап­сырыс құнының елу пайызынан аспайтын мөлшерде белгілеу. Бұл норма басты мердігердің жауапкершілігін арттырады.

Ерекше енгізіліп отырған норма ретінде, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру аясында, белгіленген нормативке сай аудандық бюджеттерге өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың төлемінен арнайы қаржы бөлуді атап өтуге болады», деді Е.Мамытбеков.

Заң жобасында бюджеттік бағ­дарламалар әкімшілерінің лимит­терін айқындау жөніндегі тәсіл­дерді өзгерту, бюджеттік өтінім­дерді жасауды оңайлату және оған жауапкершілікті арттыру көз­делген. Сондай-ақ Бюджет кодекс­індегі кейбір артық нормаларды алып тастауды көздеп отыр.

«Бұл заң Мемлекет басшы­сының тапсырмаларына сәйкес бюд­жеттік жоспарлаудың тұрақ­тылығын қамтамасыз етеді. Ол сондай-ақ бюджет қаржысын барынша әлеуметтік-экономикалық қайтарыммен пайдалануға мүм­кіндік беретін жаңа шаралар мен тетіктерді көздейді. Жаңа тәсіл бюджет процесіндегі стратегиялық жоспарлаудың рөлін күшейтеді», деп атап өтті Сенат Төрағасы.

Отырыста сенаторлар Парла­мент депутаттарының бастамасы бойынша әзірленген «Астық туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасын қарап, қа­был­дады.

 «Осы құжат астықтың резервтік қорын қалыптастыру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ ішкі астық нарығын тұрақтандырады және астық саласындағы экспорттық инфрақұрылымды дамытады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенаторлардың пікірінше, бүгінгі жаңа қауіп-қатер дәуірінде елдің азық-түлік қауіпсіздігі ас­тық­пен толық қамтамасыз етілген мемлекеттер үшін де аса маңызды проблемаға айналып отыр.

«Заң жобасында «астықтың ре­зервтік қоры», «астық нарығы жөніндегі оператор», «астықтың резерв­тік қорын басқару» ұғым­дарын енгізу көзделген. Сондай-ақ уәкілетті органға астық нарығын реттеуде тиісті құзыреттілік беру ұсынылады. Заң жобасының нор­малары ішкі астық нарығын тұрақ­тандыруға, тұқым және жемшөп қор­ларын қалыптастыру арқылы бір­қатар саланың өнімділігін арт­ты­руға әсер етерін атап өткім ке­леді.

Заң жобасындағы толық­ты­­рулар ішкі астық нарығына рет­теу­шілік әсер етіп, өңірлік тұ­­рақ­тан­дыру қорларын қалып­тас­­т­ы­руға жәрдемдесу арқылы ха­лықты қол­­жетімді астық өнімдері­мен қам­та­­масыз етуге бағытталған», деді осы мәселе туралы баяндама жа­­саған депутат Дүйсенғазы Мусин.

Сондай-ақ Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адам­дарды Қазақстан Респуб­ли­касының шегінен тыс жерге шы­ғарып жіберу кезінде ұстау мер­зімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Заң адамның құқықтары мен бос­тандықтарының, қоғам мен мем­лекет мүдделерінің қоғамға қауіп­ті қол сұғушылықтан қорға­луы­ның жаңа сапалы деңгейін қамта­масыз етуге мүмкіндік береді және әлеуметтік-экономикалық жә­не құқықтық теріс салдарға әкеп соқтырмайды. Сенатор Сәуле Айтпаева осы өзгерістерді енгізу жөнінде тең бастамашы болды.

Сенаторлар «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте аза­маттардың құқықтарын қорғау­ды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң Президенттің азаматтардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы тапсырмасын орындауға бағытталған. Заң Парламент депутаттарының бас­тамасымен қабылданды, олардың арасында сенатор Андрей Лукин де болды.

Парламентшілер сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Азия даму банкі арасындағы Қа­рыз туралы келісімді (COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі белсенді ша­ралар мен шығыстарды қол­дау бағдарламасы) ратифика­ция­лау туралы» және «Қазақ­стан Республикасы мен Азия инфра­­құ­рылымдық инвестициялар бан­кі арасындағы Қарыз туралы ке­­­лісімді (COVID-19-ға қарсы кү­рес жөніндегі белсенді шара­лар мен шығыстарды қолдау бағ­дар­ла­масы) ратификациялау туралы» заң­дарды қабылдады.

Келісімдер COVID-19 панде­миясының салдарына Қазақ­стан­ның қарсы күресін, әлеуметтік қор­ғау және жұмыспен қамтуды қал­пына келтіру, сондай-ақ экономи­каны ынталандыру жөніндегі шараларды қаржыландыруға қарыз алуды көздейді.

Сенат депутаттары соны­мен қатар «1999 жылғы 8 қазан­дағы Ер­кін сауда аймағын құру ту­ралы келісімге қатысушы мем­ле­кет­тер­дің арасында тасымалданатын тауарларды кедендік ресімдеудің және кедендік бақылаудың тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Ол кеден­дік ресімдеу мен кедендік бақы­лау тәртібін оңайлатуға мүм­кін­дік береді, тауарларды өткі­зуді жеделдетеді және ТМД-ға қа­ты­сушы мемлекеттердің кеден органдары арасында өткізілетін тауарларды бақылауға кететін уақытты қыс­қар­тады.