Алматы әкімдігі жекеменшік балабақшаларда балаларды тамақтандыруға төлейтін ата-аналардың шығындарын өтеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың төрағалығымен қалалық білім бөлімінің бастығы Ляззат Жылқыбаеваның, аудандық білім бөлімдері басшылыларының, сондай-ақ «Республикалық жеке білім беру ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Роза Садықованың қатысуымен онлайн-жұмыс кездесуі өтті.
Бұған дейін Алматы әкімдігі мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік бюджеттік тапсырыспен жеке мектепке дейінгі ұйымдарда балаларды тамақтандыру құнын субсидиялауды жергілікті бюджет арқылы іске асыру туралы бастама көтерген болатын. Бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қолдады.
Негізгі мақсат — ата-аналардың жекеменшік балабақшаларда балаларды тамақтандыру шығындарын субсидиялау арқылы алматылық балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды кеңейту. Бұл өз кезегінде жүктемені азайтып, мемлекеттік балабақшалардағы орын тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, мемлекеттік білім беру тапсырысы берілген жеке балабақшаларда тәрбиеленушінің жасына қарамастан, жергілікті бюджеттен тамақтанудың 100% құнын өтеу жоспарланып отыр.
Семинар барысында субсидияланатын жеке мектепке дейінгі ұйымдарды таңдаудың ұсынылған өлшемдері егжей-тегжейлі талқыланды.
Онлайн-отырыстың нәтижесінде әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесінің маңыздылығын атап өтіп, субсидиялау механизмінің ұсынылатын өлшемдерін жеке сектормен және жеке білім беру ұйымдарының қауымдастығымен талқылауды тапсырды. «Қала әкімі Б.Сағынтаевтың өкімі – балабақшалардағы кезектің айтарлықтай төмендеуіне жағдай жасау. Бұл әлеуметтік маңызды мәселе. Субсидияланатын жеке мектепке дейінгі ұйымдарды таңдау критерийлерін жеке сектормен талқылау керек», – дей келе Ержан Бабақұмаров және мектепке дейінгі білім беру қызметтерінің осы сегментінде жұмыс жасайтын кәсіпкерлерді белсенді ынтымақтастыққа және субсидиялау механизміне қатысуға шақырды.