Еліміздің зиялы жұртшылығына, әсіресе ақындар мен жазушылар қауымына Қасым-Жомарт Тоқаев есімі ертеден таныс. Оның өзіндік себебі де бар-ды: Қасым-Жомарт Кемелұлының әкесі – Кемел Тоқаев есімі елімізге кеңінен танылған көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаған дарынды қаламгер еді. Детектив жанры – ол заманда қазақ оқырманы үшін зәру тақырып, тартымды әдебиет, сондықтан да Кемел ағамыздың кітаптары қолдан-қолға түспей оқылатын.
Жалпы, қаламды мұрат тұтқан ағайынның бір-біріне бәтуалы жақындығы, іштартқан ынтымағы болады. Әсіресе жастар жағы үлкен қаламгерлердің шығармашылық лабораториясын қызықтап, қоғамдық тірлігінен, адамдармен қарым-қатынасынан, отбасының жағдайынан сырттай хабардар болып отыратын. Біз де сол жылдары Кемел ағамыздың ұлы Мәскеуде оқығанын, екінің бірінің қолы жете бермейтін, көптеген жастың арманына айналған әйгілі білім ордасы – МГИМО-ны бітіріп, алып империяның сыртқы істер министрлігінде лауазымды қызметте жүргенін ұзынқұлақтан еститінбіз. Сонда жастарға үлгі боларлық ұлағатты ұл өсірген Кемел ағамызға қызыға қараушы едік, майдангер ағамыздың келісті келбетіне, мол пішілген тұлғасына сырттай сүйсінуші едік.
Сөйтіп, ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары Қасым-Жомарт Кемелұлының өзін де көрдік. Ол кез – біздің де ел қатарлы қызметтерге араласа бастаған шағымыз. Дербес мемлекетіміздің жаңаша құрылып жатқан Сыртқы істер министрлігіне орынбасар болып тағайындалған Қасым-Жомарт Кемелұлымен бәзбір жиналыстарда бірге отырып, жұртшылық алдында қатар сөз сөйлеген кездеріміз де болды. Сол кездесулердің өзінде-ақ біз оны алағай да бұлағай мына заманның тынысын тап басып, саяси тұрғыда мықтап ысылған, парасаты биік, пайымы нық азамат ретінде танығанбыз.
Шынын айтсақ, ол жылдары арман еткен тәуелсіздікке қол жеткізген қазақта эйфория басым еді, қоғамда жалған айқай, жасанды ұраншылдық көп болды. Еркін шығармашылықтан келіп, қайнаған саясаттың қазанына топ ете түскен біздің де саяси сауатымыз шалағай-ды. Мәскеуде қызмет етіп, кеңестік саясаттың бел ортасынан шыққан Қасым-Жомарт Тоқаев замандасымыздың жазылған сөйлемнің астарын қапысыз байқап, айтылған сөздің тұспалын сезе білетін білім кемелдігіне, көзқарас көкжиегінің кеңдігіне іштей қайран қалып жүрдік. Сырттан таңылмақ болған саяси ойындардың байыбына бойлай алмай, «неге бұлай?» деген біздің дүдәмал сұрағымызға мәселені жіліктеп шағып, жіктеп талдап, қолмен қойғандай түсіндіріп беретін. Замана желі қай жақтан соғып тұрғанын аңғаратын әлгіндей зеректігі Мәскеудің айтулы мектебінің жемісі екенін, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі бар орыс дипломатиясының тәжірибесінен өтіп, сол саладағы игі жақсылардың дәрісін тыңдап, тәрбиесін алғандықтың әсері екенін біз еріксіз мойындайтынбыз.
Ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздігімізге қол жеткізген сол тоқсаныншы жылдардың басынан бастап Қасым-Жомарт Тоқаев саяси аренада өзін орнықты тұлға, салмақты саясаткер ретінде таныта білді. Әсіресе жас мемлекетіміздің сыртқы саясатын қалыптастыруда табанды қызмет жасады, өнімді еңбек етті. Ақпанның құбылмалы ауа райындай аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдар бәріміздің жадымызда. Ол кез – елдіктің алтын арқауы саналатын ішкі саясатымыз да, сыртқы саясатымыз да ұстараның жүзінде шатқаяқтап тұрған шақ еді. Осынау үркін ел өткел таппай қиналған қиын жылдар, қыстау кезеңдерде еліміздің еркіндігін, егемендігін, тәуелсіздігін сақтап қалуда сыртқы саясатты сауатты жүргізе білудің маңызы аса зор болатын. Мінеки, дәл осы кезде Тоқаев білікті маман, тәжірибелі дипломат ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қасынан табыла білді, Президенттің сенімді серігіне айналды. Елбасымен бірге мемлекетіміздің керегесін керісіп, шаңырағын көтерісті. Шетелдермен арадағы алыс-берісті, дипломатиялық байланысты шебер қиюластырып отырды. Өзге мемлекеттермен арадағы қарым-қатынасымыз нығайып, абырой-беделіміз артып жатса, осы бағытта нәтижелі жұмыстарды ұйымдастырған министрдің еңбегі зор екені даусыз. Шетелдегі қандастарымыздың мүддесін қорғауда Сыртқы істер министрі ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының атқарған шаруалары өз алдына бір төбе. Министрліктің араласуымен шетелдерде тұратын қандастарымыздың атамекеніне оралуына, атажұртымен қауышып, ағайынмен араласуына бағытталған көптеген жеңілдік жасалды. Бүгінде қазақтың саны бірсыдырғы көбейіп жатса – бұл игілікті шаруада Тоқаев басқарған министрліктің шешуші рөлі болғанына біз куәміз.
Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының тектілігі тереңнен екенін аңғару қиын емес: анасы – шет тілдерін меңгерген педагог, әкесі – жоғарыда жазғандай, төл әдебиетіміздің тың жанрының көшбасында тұрған қабырғалы қаламгер. Осындай зиялы шаңырақтан шыққан Қасым-Жомарт жасынан кітапты сүйіп, білімге құштар болып ержетуі – заңды құбылыс. Бес-алты шет тілін еркін меңгеріп, жауапкершілігі мол лауазымды қызметтерде жүрсе де жазудан да, ізденуден де қол үзбеген азаматтың дара жолы баршаға өнеге. Саясаттану ғылымдарының докторы Тоқаев бүгінде бірнеше танымдық кітаптың авторы. Саяси, ғылыми мақалалары үнемі көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып жүр. Қызмет барысында да барлық лауазымдық сатылармен өрлеп, Министр, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы болды, тіпті әлемдік деңгейдегі жоғары лауазымдардың бірі – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып қызмет етіп, бөгде ел, бөтен жұртқа қазақ дейтін халықтың зияткерлігін, ой-өрісінің кеңдігін, таным-түсінігінің тереңдігін, шалқар білімі мен біліктілігін танытты.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2007 жылдан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатына төрағалық етті. Сыртқы дипломатиядағы маңызды тұлғаның елдің ішкі мәселелерінде бәлендей белсенділік танытпауы – саясаттың жазылмаған талабы еді. Сол себепті жұртшылық оның қоғамдағы оқиғалардың оңтайлы шешілуіне қосқан үлесін Сенат Төрағасы болған жылдары ғана айқын аңғара бастады. Әсіресе анау жылдардағы жер дауы мәселесінде Тоқаев халықтың көкейіндегісін дөп басып, көңілінен шыққан болатын. Қандай жағдайда да оның қарапайым жұртпен, бұқара халықпен жақындығы сезіліп тұрды. Оның бір дәлелі – Тоқаевтың Twitter әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы екендігі. Осы желіде ол қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге ойы мен пікірін әлі күнге дейін ашық білдіріп отырады. Қазіргі кезде «әлеуметтік желіде белсенді адам» деген сөз «қоғамға, өзін қоршаған ортаға ашық адам» деген ойды білдіреді.
Сегіз қырлы, бір сырлы Қасым-Жомарт Кемелұлының жазушы ағайынның жүрегін баураған тағы бір қырын айтпасқа болмас... Айтулы мерекелерге, кәсіби мейрамдарға орай ақын-жазушылар Сенат Төрағасынан құттықтау хаттар алып тұратын. Сол топтың ішінде біз де бармыз. Былай қарағанда, жұртқа жария қылардай жаңалық та емес, елеусіз ғана сыйластық пейіл, кісілік әрекет. Бірақ бәріміз де ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой, әлгіндей жылы сөз, жақсылық тілектің өзі қаламгер қауымын қуанышқа бөлеп, көңілін бір көтеріп тастайтынын несіне жасырайық. Болмашы ғана осы әрекеттің артында Тоқаевтың биік мәдениеті, көшелі кісілігі, дегдар болмысы тұрғанын аңғаратынбыз.
Осы айтылғандарды саралай келе, текті азамат, тегеурінді тұлға, сұңғыла саясаткер Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тізгінін қолына алып, Президент болып сайланғанда шын жүректен қуанған қалың жұртшылықтың алдында қаламгерлер қауымы тұрды көш бастап. Өйткені тар жол, тайғақ кешуден өткен ширек ғасырдан астам тәуелсіздік жылдарында азаматтық абыройына селкеу түсірмеген, адамдық ар-ожданын таза сақтап келе жатқан, бүгінгі күні де Президенттік биліктің сабақтастығын пайымды парасатпен әдемі жалғастырып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – мемлекет тағдырын сеніп тапсыруға болатын бірден-бір азамат екенін олар қапысыз тани білді. Сондықтан да оған үкілеген үміттерін артып, әлемдік деңгейдегі бедерлі беделінің биігінен – туған елінің мүддесі, халқының асқақ мұраты жолында берекелі табысқа қол жеткізе беруін тілейді.
Әлібек АСҚАРОВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты