Кеше елордадағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Азаттыққа жеттік біз» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кеше елордадағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Азаттыққа жеттік біз» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Әдеби-сазды кеш Алаш қозғалысына арналған арнайы фильмнің көрсетілімімен басталды. Семейден арнайы келген белгілі әнші-композитор Тұрсынғазы Рахимов өз әндерін тыңдармандарына тарту етсе, Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрының әртістері ана тілімізге қатысты көрініс қойып, көрермендер көзайымына айналды. Маржан Арапбаева, Әсем Омарова сынды әншілер шырқаған әндер де тыңдарманын тамсантпай қоймады.
«Шараның басты мақсаты – тәуелсіздік құндылықтарын ұлықтау, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулу. Сонымен бірге, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, мерейін асыру», – дейді кешті ұйымдастырушылар.
Шара соңында сөз алған Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешев Алаш арыстары жайлы әңгімелеп, бүгінгі Тәуелсіздігімізге жетуге олардың сіңірген еңбектері ерекше екендігін баса айтты. Сондай-ақ, ол ана тіліміздің абыройы үшін аянбай еңбек сіңіріп жүрген бір топ тіл жанашырларына елорда әкімінің алғыс хаттарын табыс етті.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретте: әнші-сазгер Тұрсынғазы Рахимов.Суретті түсірген Сұлтан СЕЙІТОВ.