• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Желтоқсан, 2020

Жігері жасымаған Жұмагүл

2450 рет
көрсетілді

1986 жылдың желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына есімі қазақ жұртына беймәлім Г.Колбин сайланғаны белгілі. Басшылықтың ауысуы халықтың ашу-ызасын тудырды.

Орталық компартияның шеші­міне наразылық білдіргісі келген жастар 17 жел­тоқсан күні таңертең сол кездегі Л.Бре­жнев атындағы алаң­ға жиналып, шеру өткізді. Алай­­да жастарға «наша­қорлар, мас­­­күнемдер, бүлікшілер» деген айып тағы­лып, жаппай жазалауға алын­­ды.

Ақ қар, көк мұзда алаңға шық­қан жел­тоқсаншыл жастардың ара­сында Жұмагүл Бекентаева да бар-тын. Қазір ол Қос­танай облысы Жанкелдин ауданы Шеген ауы­лындағы орта мектептің бірінде мұғалім болып еңбек етіп жүр.

Бірде 5-сынып оқушылары мұғалім Жұ­магүлге күтпеген тосын сұрақ қой­ды: «Сіз­дің Желтоқсан көтерілісіне қатыс­қа­ны­ңызды білеміз. Осыны айтып бересіз бе?».

Ұстаз ауыр күрсінді де, 33 жыл бұ­рын­ғы оқиғаны көз алдына қайта әкелді.

...1986 жыл. ҚазПИ-дің (қазір­гі Абай атындағы ұлттық педагогикалық университет) филология факультетінің 2-курсында оқиды. Бір күні «Республика басшылығына Колбин деген біреу тағайындалыпты, жастар қарсылық білдіру үшін алаңға жиналмақшы» деген хабар инс­титутқа лезде тарап кетті. Сту­денттер арасында гу-гу әңгіме бас­талды. Бәрінің бойында жаңа басшылыққа деген наразылық бар. Келесі күні институттың бір топ студенті шыдай алмай, оқыту­шылардың бақылауынан сытылып шығып, алаңға келеді. Олардың ара­сында жиырманың шетіне ілін­ген Жұмагүл де бар еді.

Жастар алаңға көптеп жиналыпты. Қол­дарына ұстаған плакаттары бар. «Кетің­дер! Тараңдар!» деген бас­шылық­тың сөзін назарға алар емес. Кезек-кезек жа­рыса сөй­леп жатыр. Жел­тоқ­сан айы бол­­ған соң ба, қыстың ызға­ры білі­неді. Бірақ оны елейтін жас­тар бай­қал­майды. Сол­түс­тіктен дамылсыз соқ­қан суық жел денеңді еріксіз тітір­кендіреді. Алаңдағы шеру жал­ға­суда.

Кенет алаң шетінде бес қаруы бойында, сапер күректері қолында, қасқыр иттерін жанында ұстап тұр­ған солдаттар белгі берілісімен жас­тарға қарай лап қойды. Айғай-шу, жер-көкті дүрбелеңге салған топа­лаң басталды да кетті. Жы­­ла­ған, алысқан жұрт. Жанұшыра ай­ғайлаған дауыстар...

Жастарды қаланың шетіне апарып тастау үшін қолға түскен­нің бәрін жүк көлігіне тиеп жатыр. Кейбірі машина бортынан секіріп, қашып үлгеруде. Әске­рилер ешкімді аяр емес. Жап-жас қыздарды шашынан сүйреп, тепкі­нің астына алды дерсің. Осы сәтте жанұшыра жүгіріп келе жатқан Жұма­гүл де қолға түсіп, екі солдат оны қос бүйірінен тепкілей бастады. Көз алды тұманданып кетті. Ар­ғысы есінде жоқ.

Сүтпісірім уақыттан соң есін жи­ып қараса, өзіне қарсы жүріп келе жатқан машинаны көрді. Қан­ша бұлқынса да, орнынан тұра алар емес. Өмірмен қош айтысар сәт жақындағандай. Санаулы секундтарда көз алдына ата-анасы, бауырлары елестеп, іштей күбірлеп, қош айтысты.

Кенет бір қазақ солдаты оны жерден көтеріп алып, әрі қарай лақ­тырып жіберді. Содан соң «Қаш! Тезірек!» деді бұйырып.

Жұмагүл курстасы Шаттыгүл Елғо­жина­мен қол ұстасып, алаң­нан ұзай бастаған. Бірақ оларды екі милиция қызметкері ұс­тап алып, қолдарына кісен салып, Ішкі істер бөліміне апарды. Содан күнде тергеу, күнде сұрақ... Әбден естерін шығарды. Кейін аудандық сот Жұмагүл мен Шаттыгүлді 15 күн­ге түрмеге жа­бу туралы шешім шы­ғарады. Ал екі күннен соң «Жұмагүл түр­меге түсіпті» деген хабар лезде институтқа тарап кетеді. Хабарды естіген Жұмагүлдің туған-туысы Алматыға жол тартады.

– Түрмеге барғанымызда Жұ­ма­­гүл­ге жолыға алмай, үш күн әуре-сарсаңға түстік, – дейді кейіп­­керіміздің апасы, журналист Айткүл Бекентай бізбен әң­гімесінде. – Кездесуге рұқсат бер­меді. Содан оның шығуын күт­тік. Ал Жұмагүл қамаудан бо­саған кезде, оны құшақтап тұ­рып көз жасқа ерік бермеу мүм­кін емес еді. Бет-аузының сау-тамтығы жоқ. Денесі көкала қой­дай. Ұрып-соққан. Қинаған. Сол жерден Жұмагүлмен бірге 700-ге жуық студент, жұмысшы жастарды шығарды. Олармен жылап қауышқан ата-ананың аңыраған даусынан құлақ тұнады. Біз Жұ­магүлді алып, жатақханаға кел­дік. Келесі күні оны институттан шығарды. Содан амалсыз бәріміз үйге қайттық.

Институттың комсомол жина­лы­сын­да шығарылған қаулы бо­йын­ша Жел­тоқсан көтерілісіне қа­­тыс­қандарды тек қара жұмысқа ғана қабылдау ескер­тіл­ген еді. Осы ескерту бойын­ша Жұ­магүл Бекентаева Шеген ауылының №1 бөлімшесінде «Ақбұлақ» сауын­шы бри­гадасында сауыншы болып жұ­мыс істейді. Қамау кезінде қос бүйі­рінен қатты соққы алған жас қызға мұндай жұмыс қиынға соғады. Жиі-жиі ауруханаға тү­седі. Қызының мүшкіл халі әкесі Ес­­кендірге оңай­ға соқпайды. Өті­ніш айта жүріп қызын мек­теп-ин­тернатқа тәр­биеші етіп орна­ластырғанымен, бір апта өтер-өтпестен совхоз директоры жиналыс ашып: «Рес­публика басшысына қар­сы шыққан адам­ды ұрпақ тәрбиесіне аралас­тыруға бол­майды» деген уәжбен жұмыстан шы­ғарады.

Тек арада жеті жыл өткенде ға­на Жұ­магүл Ескендірқызы Қазақ педаго­гика­лық институтындағы оқуын сырттай жалғас­тыруға мүм­кіндік алады. Оған дейін әртүрлі қара жұмыс істейді.

– Иә, ол ауыр кезеңдер еді. Қазақтың өрімдей ұл-қыздарына «бүлікшіл» деген ат тағылды. Қан­­шасы оқу орнынан шы­ғып қалды. Ал сендер Тәуелсіз елдің ұла­ны­сыңдар. Осыны бағалай біліңдер! – деді көзіне жас алған Жұмагүл Бекен­таева. Көз жа­­сын оқушыларына көр­сеткісі кел­ме­ген­дей теріс бұрылды. Бала­лар үрпиісіп қа­лыпт­ы.

Өмірдің қиындығына мойы­маған, жігері жасымаған Жұмагүл Ескендірқызы бүгінде өзінің кін­дік қаны тамған өлкеде жоғары дәрежелі мұғалім. Ардагер ұстаз. Аудандық ұстаздар байқауының бірнеше мәрте жеңімпазы. Бүгінде оны мектеп оқу­шылары, ауыл, аудан халқы құрмет тұ­тады. Кездесу кештерін жиі-жиі ұйым­дас­тырып тұрады.

 

Ғанибет Ғалымбекұлы