71 жылдық ғұмырымның 53 жылын ауыл шаруашылығына арнадым. Оның ішінде 39 жыл бойы бір шаруа қожалықта табан аудармай директорлық қызметті атқаруға мүмкіндік алдым. Бұл біраз нәрсені аңғартады.
Күні кеше Мемлекет басшысының шешімімен аграрлық салада атқарған ұзақ жылғы еңбегім еленіп, «Парасат» орденіне лайық деп танылдым. Жасым жетпістен асса да бұл марапат жаңа белестерді бағындыруға шабыттандырады. Тәуелсіздік алғалы бері еліміз түрлі кезеңдерді басынан өткеріп келеді. Жарқын сәттермен бірге егемен мемлекетіміз сан алуан сын-қатерлермен бетпе-бет келген кездері аз болған жоқ. Соның барлығын халықпен бірге көріп, ертеңгі күнімізге үлкен үмітпен қараймыз. Жоғарыда айтқанымдай, 50 жылдан артық қызметтік ғұмырымды отандық ауыл шаруашылығы саласына арнадым. Балаларым әке жолын таңдап, өзіммен бірге еңбек етіп жүр. Осы аралықта жұмыс орындарын сақтап, мал шаруашылығын өркендетуге барынша күшімізді салып жатырмыз. Атап айтқанда, қазір қожалығымызда 2 800-дей ірі қара бар. Оның ішінде 700-ге жуығы сауынды сиырлар. Ең бастысы, ынтымағы мығым ұжым қалыптасты. Еңбегіміздің жемісін ұжымдағы ауызбіршіліктің арқасында көріп отырмыз десем артық айтқандығым емес. Әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіліп келеді.
Қазір көптеген мүмкіндік қарастырылған. Мемлекет те қолдау көрсетіп жүр. Жол, су және газ сынды қажетті инфрақұрылымдық желілер елді мекендерге тартылып жатыр. Биыл ауданымызда әр үйге су тартылады деп жоспарланып отыр. Жол салу мәселесі де ұдайы назарда екені қуантады. Халық мұның барлығын көріп отыр. Тек қана жұмыс істеу қажет.
Президенттің айтқандары көңілге қонымды. Биыл пандемия елімізді ғана емес, бүкіл әлемді сынақ режімінен өткізді. Бұл сынаққа халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы арқылы төтеп беріп, жаһандық дағдарыстан шығу үшін бар күш-жігерімізді жұмылдыра білдік. Уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде жағдай тұрақталды десек те болады.
Ауылда туып-өскен адаммын. Қажырлы еңбектің қандай болатынын жақсы түсінемін. Зейнет жасында болғаныма қарамастан, атқа отырып, тракторды қазір де тізгіндей аламын. Себебі еңбек жолымда барлық сатылардан өтіп шықтым. Тұтастай дербес еліміздің іргесі қаланғанынан бастап, оның гүлдену кезеңдерінің куәгері болғаныма қуаныштымын. Мұның бәрі мен үшін аса қымбат. Біздің жалғыз Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстан! Менің түсінігімде басқа Отан жоқ. Сол себепті елімде өмір сүріп, еңбек етемін. Бұл пікірімді балаларым да қуаттайды.
Николай ШЕРЕР,
«Фрунзенское» ЖШС директоры,
Қостанай облысы