Кеше Астанада ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы бойынша бір жыл ішінде атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесінің комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.
Кеше Астанада ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық барысы бойынша бір жыл ішінде атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баспасөз мәслихаты болып өтті. Оған ЭКСПО-2017 Бүкіләлемдік мамандандырылған көрмесінің комиссары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев қатысты.
Бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізуге себеп болып отырған басты мәселе, жақында Парижде Халықаралық көрмелер бюросы (ХКБ) бас ассамблеясының 154-ші сессиясы болып өтті. Қазақстан осы сессияға Астанада өтетін ЭКСПО-2017-нің құжаттарын тапсырды. 2014 жылдың маусымында осы құжаттар бойынша ХКБ-да арнаулы тіркеу өткізіледі. Тіркеуден өткеннен кейін біздің елімізге көрме өткізу жөніндегі ЭКСПО-2017-нің арнаулы туы тапсырылады. Тек содан кейін ғана Қазақстан шетелдермен тікелей байланыстарға шығып, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу шараларын іс жүзіне асыра бастайды. Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері ЭКСПО-2017 дайындық барысында бір жыл ішінде атқарылған жұмыстармен жан-жақты танысты.
Қазіргі таңда ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жүргізу үшін арнайы он жұмыс штабы құрылған. «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жанында көрме объектілерін салу және оның инфрақұрылымын дамыту штабы жұмыс істейді. Сонымен бірге, қала инфрақұрылымын дамыту және жаңа нысандарды салу жөніндегі штаб құрылды. Бұл штаб қалалық әкімдікте құрылған «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық жүргізу және оны өткізу дирекциясы» ЖШС-на қарайды. Ал балама энергия көздерін пайдалану, дамыту және инвестиция тарту, туризм инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанынан құрылған штабқа жүктелген.
Астанада өтетін көрмеге шетелдерді тарту мәселесі бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл топтың негізгі міндеті – шет мемлекеттерде Қазақстан имиджін қалыптастыру, туризмді дамыту және жергілікті жерден келген қонақтарды көрмеге тарту, олармен жұмыс жүргізу болып табылады, деді Р.Жошыбаев өз сөзінде. Белгіленген осы шаралар аясында жыл ішінде «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі Австрияда, Ұлыбританияда, Германияда, Италияда, Қытайда, Латвияда, Оңтүстік Кореяда, Францияда таныстырылды.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, 2014 жылдың жазында көрменің құрылысын бастаймыз. Әрине, алда тұрған міндеттер үлкен, жауапкершілік зор. Осы ретте айтарым ЭКСПО-2017 – ұлттық жоба болғандықтан қазақстандық азаматтардың дайындық жұмыстарына белсенділік танытып, білек сыбана араласуы Халықаралық көрменің сәтті өтуінің кепілі болса керек. Біз өз кезегімізде ЭКСПО-2017 көрмесі мен қазақ елін бүкіл әлемге жоғары деңгейде көрсетуге бар күш-жігерімізді саламыз, деп атап көрсетті.
Келесі жылы ЭКСПО-2017 көрмесі ХКБ-ның арнаулы тіркеуінен өткеннен кейін көрме қалашығында құрылыс жұмыстары жан-жақты жүргізіле бастайды. Үш жыл ішінде бұл аумақта 1 миллион шаршы метрден астам құрылыс нысандары салынуға тиіс. Көрме қалашығының эскиз жобасы бойынша байқаудың жеңімпазы атанған америкалық компания өзінің идеяларын іс жүзіне асыру үшін құрылыс саласында озық технологияларды игерген әлемдік тәжірибелі компанияларды тартады. Ал көрме қалашығындағы құрылыс көлемінің басым бөлігін, 60-70 пайыз нысандарын қазақстандық құрылыс компаниялары салатын болады.
Баспасөз мәслихаты барысында оны өткізушілер журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».