• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
06 Желтоқсан, 2013

Торғайда торттың түр-түрі жасалады

370 рет
көрсетілді

Тәттіні кім жек көреді. Нанның жөні бөлек, ал кәмпит, печенье, торт дас­тар­қанның сәні емес пе? Жангелдин ауданында, Қостанай қаласынан 600 шақырым қашықта жатқан Торғай кентінде бұрын кондитер цехы болған емес еді. Шоколад, карамель кәмпиттері, печеньенің сан түрі Қостанай қаласын­дағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасында өндіріледі. Бірақ бұлардан басқа да тәттінің түрі толып жатыр ғой.

Тәттіні кім жек көреді. Нанның жөні бөлек, ал кәмпит, печенье, торт дас­тар­қанның сәні емес пе? Жангелдин ауданында, Қостанай қаласынан 600 шақырым қашықта жатқан Торғай кентінде бұрын кондитер цехы болған емес еді. Шоколад, карамель кәмпиттері, печеньенің сан түрі Қостанай қаласын­дағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасында өндіріледі. Бірақ бұлардан басқа да тәттінің түрі толып жатыр ғой.Торғайлықтар той-томалақ бола қалса, тәттінің барлығын шалғайда жатқан Қостанайдан, одан жақындау Арқалық қаласынан таситын. Енді торғайлықтар алыстан арбалап торт тасымайтын болды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде аудан орталығында кондитер цехы ашылды. Ол жергілікті кәсіпкер Жәнібек Зейнуллиннің осы бағдарламадан ұтып алған 2,7 миллион теңге грантының арқасында мүмкін болды.

Кондитер тағамдарын дайындайтын пеш, басқа да заманауи жабдықтар сатып алынды. Ресейден шыққан арнайы крем, қамыр дайындайтын құралдар құрастырылды. Негізі кондитер тағамда­ры­ның өзі нағыз шығармашылық жұ­мыс­­пен қатар. Оның толып жат­қан «құпиялары» болатыны анық. Сондық­тан, цех жұмысын бастамай тұрып, облыс орталығынан осы саланың маманы шақырылды. Кәсіпкерлер өз жұмыс­шыларын Қостанайға апарып оқыт­қаннан гөрі, маманды Торғайға шақыр­ған­­ның арзанға түсеріне дейін есептеп қой­ған. Бизнеспен айналысқысы келетін ауыл­дағы кәсіпкерлер қазір алдымен ақ­ша санауды үйрену керектігімен келіскен.

– Цехта тәтті тағамдардың 17 түрін пісіреміз. Бұл үшін печеньелердің формалары тағы да әкелінеді. Оның үстіне тортты, пирожныйды қосыңыз. Торттың неше түрін гүлдеп пісіретін боламыз, – дейді «ИП Зейнуллин» жеке кәсіпорнының қызметкері Гүлшат Мұхамедғалиева.

Кәсіпкердің ұтып алған грантының қаржысы түгелдей кондитер жабдықта­рын алуға жұмсалды. Оның сыртында цех орналасқан ғимаратты жөндеу, жамап-жасқау жұмыстарына кәсіпкер қалтасынан 1 миллион 300 мың теңге жұмсады. Ол бұл қаржының қайтарымы боларына сенімді. Ең бастысы, кондитер цехының торғайлықтар үшін қажеттілік екеніне берік сенімі бар. Қостанайдан, Арқалықтан тасылатын торттар мен басқа тәттілер енді ауданның өзінде өндіріліп жатса, оның жұртшылық үшін бағасы арзандайды әрі сапасы да жоғары болады.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының торғайлықтар үшін берері тек бұл емес. Осы кондитер цехының өзінен бірнеше жұмыс орны ашылды. Үш наубайшы, үш кулинар және бір технолог осы цех жұмысын өрге бастырып қана қоймай, өз нәпақасын да осыдан табатын болады.

– Торғайда кәсіпкерлікке деген ұмтылыс соңғы жылдары артып келеді. Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша аудан қатарынан екі грант ұтып алды. Бірі кондитер цехы болса, екіншісі, пластик терезелер жасайтын «Жалын» жеке кәсіпорны. Қыс айларында бұл кәсіпорын жұмысын тоқтатуға тура келеді, бірақ күн жылынысымен оның жұмысы қызады. Қазір ауылдағылар тозып тұрған терезелерін пластикке ауыстырып жатыр, оның үстіне арагідік болса да үй салып жатқандар да бар, – дейді Жангелдин аудандық өнеркәсіп және кәсіпкерлік бөлімінің меңгерушісі Саян Шайымов.

Кәсіпкер болғың келсе, кәдімгі шарқ ұрған ізденісте болуың шарт. Торғайда мұндай адамдар да бар. Мидай далаға бақ өсіргісі келетіндер жоқ емес. Торғайда алма, өрік, жидек өссе, оның дүкендер сөресінде сықап тұрған африкалық цитрус жемістерінен, Еуропадан әкелінген исі, дәмі жоқ, сырты ойыншықтай көрінетін алма, алмұрттардан несі кем болар еді? Осы ой сонау шеттегі Қабырға өзенінің бойында жатқан Көкалат ауылының тұрғыны Болат Ибікеновті біраздан «қаужап» жүрсе керек. «Сортаң топырақты далаға жеміс өсуші ме еді?» дейтіндерге Болаттың қарсы қояр дәлелі бар. Оның үйінің алдында бақ жайқалып тұр. Бөкең «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының грантына өзінің жеміс бағы туралы жобасын дайындап жатыр.

Сонау 90-жылдары осы Көкалаттан ауылдастар үдере көшкенде, жиыр­ма­шақты үй отырып қалған. Сайын далада оазис секілді көрінетін шағын ауыл қайтадан өркен жайып келеді. Білетіндерге Көкалаттың жемсіз, шөпке семіретін малының дәмі, өзен бойына егіп алатын бақшасының кереметі белгілі. Енді Болаттың ізденісінің, тәуекелінің арқасында мұнда алма бағының жайқалмауына кім кепілдік береді?! «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қол ұшын берсе талай кереметтер жасалады. Алға!

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай облысы,

Жангелдин ауданы.

 

Соңғы жаңалықтар